Гостиницы в Алматы
2016-03-16 10:14:09 77 0

Бір суреттің тарихы...

Мұхамедханафия (Шоқанның шын аты-ред) Уәлиханов пен Федор Достоевский алғаш рет 1854 жылғы ақпанның соңында Омбыда, декабрист Анненковтың қызы – Ольга Иванованың үйінде кездескен. Екеуін де жаңа өмір күтіп тұрған еді.Достоевский 4 жылғы абақтыдан енді ғана босаған. Ал бозбала Уәлиханов кадет корпусын енді ғана тәмамдаған. Қатардағы Достоевский Семейге өмір бойы жер аударылып, сонда кетті. Сол кезде қысқа ғана таныстықтың көп жыл бойғы достыққа ұласатынын ешкім білген жоқ.

ХІХ ғасырды қазіргімен салыстыру мүмкін емес. Ол уақытта суретке түсірудің өзі мұң болатын. Тіпті, фотоаппаратта суреттің екінші данасы сақталмайтын көрінеді. Суретке түсіру ауа-райына да байланысты. Күн ашық болса, бірнеше секунд қана, ал бұлыңғыр болса, жарты минут қажет. Суретке түсудің өзі оңай емес. Бұл суреттің нақты қалай жасалғаны бізге беймәлім. 1858 жыл деп көрсетіліпті. Демек, бұл жерде Федор Михайлович 37-де, Шоқан Шыңғысұлы 23-те. Десе де, ол әлдеқайда ересек көрінеді. Достоевский Семейден кеткелі жатқан. Ал Уәлиханов Қашқариядағы саяхаттан енді ғана оралған.  Аяқ астынан болды ма, әлде дайындалды ма, мұңайды ма, әлде көңілді ме еді – оның бәрі кадрден тыс әрі фотосуретші Соломон Лейбиннің есінде ғана қалды. Қазіргіше айтқанда, оның портфолиосында Абай Құнанбаевтың да суреттері болған. Ол Семейдің тұңғыш фотографы еді. Верный қаласының да тұңғыш фотографтарының біріне айналған тәрізді. Достық даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылысында Лейбиннің фотосалоны болған. Ол кезде фотосуреттің бір данасы ғана берілетін. Көшірмесі болмаған. Бірақ Уәлиханов пен Достоевский суретке бірнеше рет түсті деген болжам бар. Мысалы, Федор Михайловичтің Капустина деген танысы оған былай жазыпты:

«Сізбен көп нәрсе туралы сөйлескім келеді. Қазір менде Уәлиханов берген, екеуіңіз бірге түскен сурет бар. Осы сурет басқа достарымның портреттерінің арасында тұрады». Капустинаның Ф.М.Достоевскийге жазғаны

Бұл сурет Федор Михайловичке тиесілі болған. Шоқан Шыңғысұлы да естелікке деп біреуін, тіпті бірнешеуін алуы мүмкін ғой. Ол Капустина ханымға өзіндегі жалғыз суретті бере салмаған шығар. Демек, кем дегенде, оның үш данасы болған. Таң қаларлық тағы бір дерек бар. Бұл суретте Шоқанның оң қолында кішкентай қанжар тұр. Ол пышақты Достоевскийге барон Врангель берген.

«Кішкентай қанжарды өз меншігім деп санадым да, кетіп бара жатып, Уәлихановқа сыйладым. Мұнымды айыпқа бұйырмаңыз. Уәлиханов – өте тамаша адам. Оны өте жақсы көремін әрі оған қызыға қараймын». Достоевскийдің Врангельге жазғаны

Құрметті досы Федяға Уәлиханов та сыйлық берген. Ол – суретші інісі Мақы Уәлиханов жасаған қобдиша. Тылсым дүние дерсің. Бұл қобдиша Достоевскийдің екінші некесінде романтикалық рөл атқарды. Федор Михайлович Анна Григорьевнаға көңіл білдіргенде, тура сол жайында айтыпты. Семейдегі таныстықтан басталған ұлы достық бір ғана суреттің аясына сыймайтын шығар. Бірақ суреттің тарихын сіз біле жүріңіз...

Е.Шәкірұлы

 

Пікір жазу