Гостиницы в Алматы
2014-07-03 11:07:36 2008 0

Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген. Бірақ, киім кию әдебін жоғалтпай сақтаған. Балиғатқа толған қыз бала үйде жүргенде басына жұқа қызыл орамал тартып, сыртта жүрсе, қарқаралы тақия киген. Қыздың осы киіміне қарап басының бос екені байқалып, «қарқаралы қыз» деп атаған. Бұрынғы кезде қазақ әйелдері мен қыздары бүрмелі, тік етек, қос етек, үш етек, көп қатарлы тігілген көйлектер киген. Қос етекті көйлекті жас келіншектер мен қыз балалар киген.

Қыздар үшін бас киім киюдің өзіндік сәні болған. Қазақтың жар-жар, сыңсыма айту, т.б. ғұрыптарында қыздардың айтатын:

Бөркім, бөркім, бөркім-ай!

Басыма киген көркім-ай!

Ерте жатып, кеш тұрған,

Үйдегі менің еркем-ай! –деген жолдардан бөрікті тұрмыс құрмаған жас қыздар киетіндігін байқаймыз.

Қызға арналған бөрік сырты мақпал, пүліш, барқыт сияқты қалыңдау, қымбат бағалы матамен тысталып тігіледі. Жиегін қымбат бағалы аң және мал терілерімен көмкереді. Соған сай ерекше бағаланатын кәмшат бөрік, құндыз бөрік, жаннат бөрік, сусар бөрік, оқалы бөрік, т.б. түрлері ертеректе әркімнің ұнатып киетін баскиімі болған.

Қыздар үшін тақия кию де міндетті бас киім болмаған, бірақ ХІХ ғасырдың ортасынан бастап мұндай баскиімді кигендері байқалады. Қыздардың тақиясы қыздық дәуреннің  белгісі іспетті асқан ұқыптылықпен, зерлі тігістен басқа  әртүрлі моншақтармен, күміс теңгелермен, маржан тастармен әшекейленетін. Төбелеріне шашақтар, ұсақ моншақтар немесе тұмар ретінде үкі тағылған. Сонымен қатар, қазақта сирек те болса кездесетін бас киімнің ерекше түрі – қарқара. Ш. Уалихановтың шығармалар жинағының І томында: «Қыздардың басында төбесіне құс қауырсыны қадалған сұлтан киетін баскиім болыпты» – деп  жазылған. Оны тек қыздар ғана емес, сұлтан,төрелер, сондай-ақ хан балалары да өзге жұрттың балаларынан ерекшеленіп жүру үшін қадағанын аңғартады. Үкілі тақия – қазақ қыздары ерекше ұнатып киетін бас киімі.

Сәукеле – ұзатылатын қыздың бас киімі. Етегі қымбат терімен көмкерілген, сосын міндетті түрде желегі болған. Оны «бергек» деп басқаша атаумен де атаған. Қазақтың «желек, бергек астында» деген сөздері осыдан шыққан. Ұзатылатын қыздың сәукелесі, желегі бетін көмкеріп тұрады, қалыңдықты жасырып, жүзін көрсетпей көмкеріп тұрады дегенге сөз. Беташардан кейін сәукеле алынып, желек немесе бергек жас келіншектің басына орамал болып түседі.

Ал перзент сүйіп ана болған соң, жасына қарай түрлі кимешек киген.  Кимешек табиғаттың барлық мезгіліне ыңғайлы болған. Сондай-ақ кимешек тазалықтың, әдептіліктің белгісі болған.

Бас киімді басты құндылық ретінде ұлықтаған ұлтымыздың ұлы мұраларын әрбір қазақ қызы білуі тиіс.

Пікір жазу