Гостиницы в Алматы
2017-02-24 15:33:22 76 0

Қазақстанда әр бейсенбі сайын жаңа фильмдер үлкен экранға жол тартады. Baistars.kz жұма күндері келер аптада премьерасы болатын көптен күткен, ең атақты, елеп өтуге тұрарлық деген фильмдерге шолу әзірлеп, ұсынып отыратын болады. 

2 наурыздан бастап ел кинотеатрларында көрсетілетін фильмдердің арасынан бұл шолу үшін 3 туындыны іріктеп алдық. Комикс желісі бойынша түсірілген фантастика, мюзикл-мультфильм және кезекті қазақстандық комедия. Көрерменге тек көңіл-күйіне сай кино таңдап, билет сатып алу ғана қалады. Сонымен...

Логан

Ел: АҚШ

Режиссері: Джеймс Мэнголд

Актерлер: Хью Джекман, Бойд Холбрук, Патрик Стюарт, Дорис Моргадо және т.б.

Жанры: фантастика

Жас шектеуі: 16 жасқа дейін

Біз "Росомаха" деп танитын марвелдік бұл суперқаһарманды Хью Джекман бұл фильмде соңғы рет ойнайды. Кезінде оқырман ерекше жылы қабылдаған "Old Man Logan" комиксінің негізінде түсірілген "Логанда" болашақта болатын жайттар көрсетіледі.

Қуғын-сүргіннен шаршаған Логан Мексика шекарасына жақын жерде аурушаң профессор Иксқа күтіп-бағып, өмір сүріп жатады. Алайда бұл екеуінің өмірінде пайда болған, қиындыққа ұшыраған жас мутант Логан мен Иксті "ел алдына" қайта шығуға мәжбүрлейді.

Джонни Кештің керемет әнімен әрленген трейлерді бір қарап, келесі бейсенбіде билет аламын дей беріңіз.

Кинотеатрдан кімді кезіктіруіңіз мүмкін: Марвелдің фильмдерін жібермейтін гиктер, Хью Джекманның персофандары, улап-шулап отыратын бір топ жасөспірім.

Зверопой

Ел: АҚШ

Режиссері: Гарт Дженнингс

Актерлер: Мэттью МакКонахи, Риз Уизерспун, Сет МакФарлейн, Скарлетт Йоханссон және т.б.

Жанры: мульфильм, мюзикл

Жас шектеуі: 12 жасқа дейін ата-анамен бірге көруге болады

"Логанның" тасасында қалып қалған көруге тұрарлық жоба. "Гадкий я", "Миньоны" сияқты танымал туындыларды түсірген Illumination студиясы ұсынып отыр. Мультфильмде 80-нен астам белгілі композиция ойналады екен!

Жануарлар әлемі. Театрын жабылудан сақтап қалуға тырысқан коала Бастер Мун әншілер байқауын жариялайды. Түрлі жолға түскен, түрлі тағдыры бар өнер иелері бірігіп, атақ пен даңққа жетер жолға түседі.Кинотеатрдан кімді кезіктіруіңіз мүмкін: Мюзикл десе ішкен асын жерге қоятындарды, кездейсоқ кіріп қалған қос ғашықты, сеанс бойы тыныш отырмай, мазаны алатын екі-үш баласы бар ата-ананы.

Всё из-за мужикoff

Ел: Қазақстан

Режиссері: Виктор Бормотов

Актерлер: Мұрат Бисенбин, Тәуекел Мусілім, Данияр Алшынов, Жәния Джуринская, Сая Орағалиева, Әсел Ақбарова, Наталья Наумова

Жанры: комедия

Жас шектеуі: 12 жасқа дейін

Отандық киноны теңгемен қолдаймын деген ниетіңіз болса, "Всё из-за мужикoff" фильміне барыңыз. Белгілі актерлердің біразын жиып алған бұл жоба авторлары  қатардағы, бірақ қызық комедия көрсетеміз деп уәде беріп отыр.

Арман, Тұрсынбек және Тима бірде-бір ер адам жоқ әлемге тап болады. Қыз-келіншектің қызығына түскен үшеуі басында қуанғанымен, кейін әйелдерден қашып құтыла алмай қалады. Себебі бас кейіпкерлеріміз нәзік жандылардың барлық арманын орындау керек екен.

Кинотеатрдан кімді кезіктіруіңіз мүмкін: көңіл көтеру үшін келген жастарды, отау құрғандарына бірнеше жыл болған жұпты, фильм авторларының туысқандарын.

Пікір жазу