Гостиницы в Алматы
2016-02-02 20:09:26 322 0

- Марат аға, бізге айтар жаңалығыңыз бар екен. Содан бастасақ?

— Иә, осы жақында ғана қызым Мариям екеуміз ата-ананың балаға деген, баланың ата-анаға деген махаббаты жайлы «Әкетай-көкетай» деген жаңа ән шығардық. Қазір елімізде қиын кезең орын алып жатыр, ата-аналар күні кешке дейін жұмыста, көбі балаға көңіл бөлмейді. Бала таңнан кешке дейін компьютердің алдында, смартфондарын құшақтап жүреді, оларға дұрыс тәрбие берілмейді. Соған байланысты осындай ән дүниеге келді. Мақсатымыз ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу. Өте сондай көңілді, позитивті ән. Құдай қаласа осы әнге бейнебаян түсіру жоспарымызда бар. (Әнді сайтымыздан көшіріп ала аласыздар - Авт.)

— Қызыңыз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз...

— Қызымның аты Мариям Омарова. Жания Әубәкірованың музыка мектебінде 4-сыныпта оқиды. 2012 жылы Голливудта «Бақытты балалық шақ» байқауының бас жүлдесін жеңіп, қазақтың туын көкте желбіреткен. Қазір Жания Әубәкірованың шақыртуымен фортепиано класында оқып жатыр. Сонымен қатар биге де қатысып жүр.

— Өзіңіз көп болды көрінбей кеттіңіз. Немен айналысып жүрсіз?

— Мен қазір Астанадамын. Астанада бес қабатты «Талант» деген ғимарт салдыртып, өнер ордасын аштым. Ашылуына Марк Дакаскос келіп қатысып кеткен. Бірнеше жұлдыздарды шетелдік байқауларға шығардық. Мысалы, Еркеш Хасенов «Минута славы» байқауында финалға дейін жетті. Рүстем Жүгінісовтың Халықаралық балалар байқауына (Мәскеу) қатысуына ұйытқы болдық. Тағы бір шәкіртіміз, елордалық әнші Фархат Маденов Лас-Вегаста өткен «Хрустальная магнолия» байқауында Гран-при жеңімпазы атанды. Тағы да басқа өнерпаздарымыз түрлі байқауларда лауреат, жеңімпаз атанып жатыр. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, мақсатым – жас жұлдыздарға көмектесіп, өнер ордасында демеп жіберу.

Қазір осы Алматы мен Астананың екі ортасында жүрмін. Экспоға және Универсиадаға байланысты екі қалада жұмыс істеп жатырмын. Антальяда да өнер ордамыздың қауымдастығын аштық. Сол жақта бір жарым жылдай жүріп, шығармашылығымнан біраз қол үзіп қалдым. Қазір енді онда біздің өкілдеріміз жұмыс істеп жатыр. Алматыда да студия ашып, продюсерлікті қолға алып жатырмын. Көбі шетелден ән ұрлап жатыр, оның қажеті не? Керісінше, біз өз ұлттық құндылықтарымызды шетелге дәріптеуіміз керек. Дарынды жастарымызды шетелге көрсетуіміз керек.

— Өнер жұлдыздары мен спорт тарландарының депутаттыққа үміткер болуы соңғы өзекті тақырып болып тұр. Жалпы жастардың билікке баруына көзқарасыңыз қандай? Өзіңіздің кандидаттығыңызды ұсыну ойыңызда жоқ па?

— Жалпы Қайрат Нұртастың талпынысы жаман емес дер едім. Талпынысы бар жастарды қолдау керек. Неге қолдамасқа? Түптеп келгенде барлығы адамның талабына байланысты. Елбасымыз да билікке жастардың келуін қолдайды. Қайрат осы жақында Астана мен Алматыда берген концертін «Мен ғашықпын» деп атады. Ол әннің авторы менмін. Көбі бұл тіркесті дұрыс түсінбей, махаббат жайлы деп топшылады. Бірақ ән өнерге, елге, халыққа, отанға деген ғашықтық жайлы болатын. Осыдан-ақ әншінің отанына деген сүйсіпеншілігін байқауға болады. Жалпы өзім де соңғы жылдары көбіне патриоттық әндер жазып жүрмін. Еліме қызмет етуге әрқашан дайынмын. Егер халық тұғырына шығарып, сөзін сөйлетсе қарсылығым жоқ. Бұйрық болса оны болашақта көре жатармыз.

— Ал той-бизнеске көзқарасыңыз қандай? Арнайы той әндерін жаздыртасыз ба?

— «Шақырған жерден қалма» дейді ғой. Туған-туыс шақырса өнерімізді көрсетіп тұрамыз. Бірақ «пәлендей» ақша төле деп айтпаймын. Әнімді, өнерімді қалап жатса неге бармасқа? Мен той әндерінен бұрын патриоттық әндерді көбейтіп жатырмын. «Мәңгілік ел – Қазағым!», «Болашақ Қазақстан», «Қазақ елі» деген сияқты әндерді түрлі өнерпаздар орындап жүр. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу керек. Ал егер тойға ән керек деп арнайы тапсырыс түссе жазуға болады.

— Болашаққа жоспарларыңыз қандай?

— Осы жылы анам 90 жасқа келеді, сонымен қатар өзімнің де өнерде жүргеніме 30 жыл болыпты. Осы жылы Тәуелсіздігімізге де 25 жыл толады. Соған орай Алматы мен Астанада шығармашылық кеш берсем деген жоспарым бар. Репертуарымдағы әндердің дені патриоттық екені де бәріне мәлім.

Сонымен қатар жазда Антальяда Экспо-2016 аясында «Балалар және гүлдер» деген фестиваль ұйымдастырып жатырмыз. Соған дарынды балаларды апару ойымда бар.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Анар Мұстафина

Baistars.kz

Пікір жазу