Гостиницы в Алматы
2016-04-04 23:24:44 392 1

Салтанат Байқошқарованың атын жамылған алаяқтар

Тележүргізуші Айгүл Мүкей Фейсбуктегі жеке парақшасында елімізге танымал дәрігерлердің атын жамылып, жалған ақпарат таратып жүргендер жайлы ескерту жариялады. Желіде елімізге танымал мамандар – Ұлттық Кардиологиялық орталықтың басқарма басшысының орынбасары, дәрігер кардиолог Махаббат Бекбосынова, дәрігер эмбриолог, «Экомед» клиникасының жетекшісі Байқошқарова Салтанат, Кардиология ҒЗИ директоры Сәлім Беркінбаев, адамдарға "Normalife" дәрі-дәрмегін тұтынуды ұсынады деген жалған ақпарат пайда болды. Сонымен қатар бұл қан қысымын реттейтін, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған жалғыз құрал делінген.

"Маған Салтанат Берденқызы қатты шок алғанын айтты, оған жан-жақтан адамдар хабарласып жатқан көрінеді, Махаббат Сансызбайқызы да солай дейді... Таныстар және басқа да адамдар мұндай деңгейдегі адамдарға әлбетте сенеді, сондықтан бірден дәрі-дәрмектерді сатып алуға кіріскен. Ал, өздеріңіз түсініп отырғандай, Денсаулық сақтау министрлігі де, дәрігерлер де бұл қоспаны ешкімге және ешқашан ұсынбаған" - деп жазды Айгүл Мүкей.

Дәрігерлер шара қолданып, полицияға шағым түсірген көрінеді. Бірақ алаяқтармен күресу қиын екенін жеткізді. "Менің білуімше, дәрігерлер АІІБ-на шағым түсірген, бірақ өз тәжірибемнен және Б.Есентаеваның тәжірибесінен білетінімдей, бұл аялақтармен күресу өте қиын, баннерлер мен сілтемелер біраз уақытқа жоғалады да, ал кейін қайта пайда болады. Бұдан өзге, әлеуметтік желілерде белсенді сілтемелер пайда болған және What's app арқылы хабарламалар таратылып жатыр" - дейді Мүкей.

Айгүл Мүкей адамдарға сақ болуды, алаяқтардың құрығына түсіп қалмауды ескертті. "Дәрігерлер маған қоғамға осы жалған ақпарат жайлы Facebook арқылы таратуымды сұрады. Туыстарыңыз бен жақындарыңыз бұл жарнамаға еш назар аудармасын, бұл толықтай жалған ақпарат. Сонымен қатар, бұл жалған ақпарат өте қауіпті, себебі бұған егде жастағы адамдарды назары ауып жатыр.

Еске салайын, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қатысты сенімді және жедел ақпараттар Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланған" - делінген жеке хабарламада.

Пікірлер

  • Ажар 2016-04-06 11:30:54
    Масқара

Пікір жазу