Гостиницы в Алматы
2017-04-25 12:01:16 11 0

Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптеу және Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мақсатында, Мәскеудегі Мемлекеттік Третьяков галереясында 1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген, режиссер Шәкен Аймановтың «Атамекен» көркем фильмі көрсетіледі.

Бұл жайында  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» хабарлады. «Атамекен» фильмінің оқиға желісі екінші дүниежүзілік соғысынан бір жыл өткеннен кейінгі уақытты баяндайды. Фильмнің басты кейіпкерлері – ата мен немере – соғыста қайтыс болған баласының сүйегін тауып, туған жеріне алып келу үшін пойызбен Ресейге аттанады.

            Фильмнің сценарийін Олжас Сүлейменов жазған.

Шәкен Айманов фильм жайында өз естелігінде: «Біздің фильм көрерменге ой салу үшін, өзі дамыта алуы мақсатында түсірілген. Кейіпкерлер туған жерінен өтіп, адамдармен танысып, соғыстың кесірінен қираған орыс жерін көрсету маңызды емес. Біз үшін, қарияның фильмнің соңында әлемге, адамдарға деген көзқарасының өзгергенін көрсету маңызды болды»,- деген.

«Атамекен» фильмі Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ҚСР-ның Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды (1968 ж.). Фильмдегі басты рөлді сомдаған Елубай Өмірзақов та Мемлекеттік сыйлықты иемденді. Сондай-ақ, фильмге Мурат Ахмадиев, Юрий Померанцев, Әмина Өмірзақова, Шолпан Алтайбаева және тағы басқалар түскен.

Кеңес дәуірінің үздік фильмдерінің бірі «Оттепель: лицом к будущему» фильмі мұражай аралық фестивалдің «Война окончена» бағдарламасының шеңберінде көрсетіледі. Фестиваль ұйымдастырушылары: А.С. Пушкин атындағы бейнелеу өнерінің Мемлекеттік мұражайы (ГМИИ), Мемлекеттік Третьяков галереясы (ГТГ), Мәскеу мұражайы және  Горький паркі.

«Атамекен» фильмінің көрсетілімі 2017 жылдың 26 сәуірінде сағат 19:00-де Третьяков галереясының Инженер корпусында болады (Лаврушинский, 12).

Пікір жазу