Гостиницы в Алматы
2017-01-17 14:52:16 40 0

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Универсиада кезінде қалаға көлікпен кіруге шектеу қойылатынын айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды. 

"Жалпы алғанда барлық құқыққорғау органдары мен қызметтерінің өзара тиімді ықпалдастығы қамтамасыз етілді. Алматы облысымен бірлесіп техникалық, санитарлық және экологиялық талаптарға жауап бермейтін көліктердің қалаға кіруін шектеу бойынша шаралар қолданылуда", - деді әкім үкімет отырысы барысында.

Бауыржан Байбектің айтуына қарағанда, мүдделі органдармен бірлесе отырып Алматы билігі қала трафигі мәселесін жолға қойған.

"29 қаңтар мен 8 ақпанда, яғни екі күнде қаланың 9 ірі базары мен сауда орталығы жабылады. Сонымен қатар Алматы тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін оқушыларға қосымша демалыс беріліп отыр. Бұл қала көшелеріндегі көлік санын 30 пайызға азайтып, ата-аналарға балаларымен бірге Универсиада ойындарына, түрлі мәдени шараларға баруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар әкім Универсиаданың 7 нысанының әрқайсысында тәулік бойы жұмыс істейтін коммуналдық қызмет тобы болатынын жеткізді.

"Жауын-шашынды кезінде жұмыс істеу алгоритмі әзірленді. 56 бригада, 200 бірлік техника және 375 жұмысшы тәулік бойы кезекшілікте болады. 20 қаңтар мен 10 ақпан аралығында барлық жоспарлы жердегі жұмыстар тоқтатылады. Қаланың барлық қызметі Универсиаданы өткізу жұмылдырылып отыр", - деді әкім.

Пікір жазу