Жыл сайын,дәл осы уақытта «Әулие Валентин» күні төңірегінде әңгімелер өрши түседі. Жыл сайын халық арасында бұл мейрамға қарсылық туындаса да, оны тойлайтындар саны азаймай келеді. Отандық эстрада жұлдыздары жастарды төл мерекелерімізді тойлап, «Өзгенін қаңсығын таңсық» көруді доғаруға шақырады.
Сәкен Майғазиев: «Әулие Валенитин» деп ат қойып, айдар тағып, өзгенiң қаңсығын таңсық қылу – ойсыздық пен әлжуаздығымыздың белгiсi дер ем. Сосын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» күні деп жүргендерді де қолдамаймын. Біріншіден, бұл күнді тойлайтындай тарихын «бiзге де жұғысты болсын» деп атап өтетiндей мейрам көріп тұрған жоқпын. Олар қосылмаған, бақытсыз ғашықтар. Не үшін тойлауымыз керек? Біз қазақ ежелден анасын құрметтеп, тыныштығын отбасынан тапқан елміз. Тек қана мереке күндерi емес, күн сайын алақанымызға салып, аялап жүруге тиіс нәзік жандарымызды, жарларымызды, ғашықтарымызды неге белгілі бір күндерде ғана елеп-ескеруіміз керек?(жымиып)Қалай айтсақ та,қосылмаған ғашықтардың күнін атап өту дегенге келісе алмаймын. Бауыржан Тұрабаевтың мына бір құйтырқы қалжыңы, әзіл әңгімесі есiме түсiп отыр(күлiп): «Ләйлі мен Мәжнүн, Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу сияқты ғашықтарды бәрі әспеттейді, көрер ем солар қосылып, 1 жыл бірге тұрса, не боларын» деген едi. Әзіл әңгіме болғанымен… Біз неге өмірінің соңына дейін бір жастықта қартайып, кейінгіге үлгі боларлықтай отбасы болған жандардың өмірін үлгi етпеймiз? Соңы өліммен аяқталған оқиғаларды алға тарта беру және оны тойлау томпақтау сияқты. Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зерені неге үлгі етіп алмасқа? Тағы бір айта кетерлік жайт, «Қозы мен Баян күнi» сияқты бекiтiлмеген бейресми мейрамдармен мерекенiң берекесiн кетiрмеуiмiз керек деп ойлаймын. Ешқандай мемлекет тарапынан қолдау жоқ, белгілі бір топ өкілдері шығарып жүрген мұндай мерекелердi ойлап таба беретiн болсақ бiзде қосылмаған ғашықтар аз емес қой. Мұндай мәселелердiң алдын алу жолы отбасындағы тәрбиеден басталады. «Балаңды тәрбиелеп әуре болма, ол бәрібір өзіңе ұқсайды. Өзіңді тәрбиеле!» деген жақсы сөз бар ғой. Өзі арақ ішетін әке баласына қалай «арақ ішпе» дейді. Менің отбасымда бұл мейрам тойланбайды. Ұлым да бұл күнді мереке ретінде қабылдамайды. Аллаға шүкір, баламды барынша қазақы тәрбиемен өсіруге тырысамын. Сондықтан, отбасындағы тәрбиені дұрыстағанымыз абзал деп ойлаймын. Себебі, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің!»
Нұржан Керменбаев: «Мен мүлде қолдамаймын. Әрине, бала кезде атап өткеніміз болды, бірақ оның бәрі білместіктен болған нәрсе. Мұсылманның екі-ақ мейрамы бар ғой: Құрбан айт және Ораза айт. Негізінде қолдайтын мейрамдарым осы ғана. Зайырлы мемлекетпіз деп қазір неше түрлі мейрамдар шығып жатыр. Өнер адамы болғандықтан осындай түрлі мерекелерге шақырып жатады, барып әнімізді айтамыз. Ал былайынша, күндердің бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Алланың беріп жатқан күндері барлығы бірдей, барлығы тең. Тек қана атап өткен екі мейрамды ғана өзгеше қатты күтемін.»

Серікбол Сайлаубек: «Валентин дегенді бірінші рет естіп отырмын. Өмірбақи естімегенмін, тойламағанмын. Бізде оны тойлаудың түк те қажеті жоқ. Жалпы бұл болмайтын мереке ғой, қысқасын айтқанда!»
Өмірқұл Айниязов: «Мен жалпы той, мереке дегендерге қарсылық білдірмеймін. Кейбірі тіпті Жаңа жылды да қолдамайды. Мына Валентин күніне келер болсақ, мен бастапқыда тойлауға қарсы болмағанмын. Бірақ жылдар өте келе, бір адамнан тарихын біліп, содан бастап қарсымын. Тарихы бойынша Валентин деген адам махаббаттың емес, сезімнің құрбаны болған деседі. Яғни ол сезімнің жетегінде жүрген кез келген адамды қосуға ықпал еткен. Мысалы, әйел мен әйелді, еркек пен еркекті, күйеуі бар болсын, әйелі бар болсын, бәрібір. Сондықтан бұл моральдық тұрғыда дұрыс емес нәрсе. Өзіміздің Қозы мен Баянның, Жібек пен Төлегеннің махаббатын насихаттауымыз керек.»
«Бақай» тобының әншісі Бек Шәріп: «Жалпы бұл мереке бір кездері дінімізді дұрыс тани алмай жүрген кезеңде еніп кеткен болатын. Жылдар өте келе, бұл мерекенің тарихын біле бастаған соң мереке түгілі, қаралы күн екені анықталды. Валентиннің кім болғаны көпшілікке мәлім, оның үстіне кезінде католик монархтардың діни нанымдарына қарамастан сезімге берілуі жалпы дұрыс емес нәрсе. Оның бір-біріне қосыла алмай жүрген жандарды қосуға ниетін желеу етіп, ғашықтар күні деп атап кетті. Оны біраз жас тойлап та келді. Бірақ қазір көп жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Халық арасында да, жастар арасында бұл мереке саябырсыған сияқты. Өйткені бұл ұлттық дінімізге, ділімізге, мәдениетімізге жат қылықтардан тұрады. Католиктердің мерекесін тойлау тіпті бізге жараспайды. Өз ұлтымыздың арасында махаббат символы бола алатын жұптар бар ғой. Тіпті осы Валентин күнінің орнын басу үшін 15 сәуір күнін «Ғашықтар күні» деп те насихаттап жүр. Әзірше қарқын алып жатпаса да, сондай мерекелерді қолдауымыз керек. Көктемнің ортасында, Жер-Ана гүлдеген уақытта осы бір тамаша мейрамды жастардың біршамасы атап өтіп жатыр. Аса қатты таныла қоймаса да, біртіндеп жастардың санасына сіңіп келеді. Өзіміздің ғашықтар мерекесі болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бұл ғашықтық, пәктік, жастардың бір-біріне деген ыстық сезімі, ықыласы, отбасылық тіректің мейрамы. Сол 15 сәуір күнін ғашықтар мерекесі деп атап өтуді қос қолдап қолдаймын.»


Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS