Гостиницы в Алматы
2016-04-13 01:53:40 86 0

 Қазақстан премьер лигасында айына 70 000 еуро алатын футболшылар бар. Мұны Қостанайда футбол қауымдастығымен кездескен ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов айтты. Маман Қазақстан чемпионатының кейбір футболшыларының жалақысына қатысты наразылығын білдірді, деп хабарлайды BNews.kz.

Қазақстан футбол федерациясының басшысы жемқорлықпен күресуде құқық қорғау органдарын жұмылдыруға уәде берді. Қожағапанов бұл мәселемен көп кешікпей құқық қорғаушылар айналысатынын мәлімдеді.

«Балқан немесе Африка елдерінен келген шетелдік футболшылар сұхбат кезінде карьерасының ең жақсы кезеңдерін Қазақстанда өткізгендерін айтып мақтанып жатады. Өйткені, бізде ақшаны жақсы төлейді. Осы тұста «жаныңды салып жүгірмесең де ақшаны көп төлейді» деген жауаптың да ұшы қылтиып тұр емес пе. Легионерлер біздің елдегі чемпионаттарға – лигаларға ақша табу үшін ғана келеді. Сол себепті біз жүйені тұтастай өзгертуіміз қажет. Агенттердің қызметінен бас тартып, сапалы футболшылармен тікелей байланысқа шығу қажет. Бұл туралы «Ақтөбе» клубының басшылығына да, Талғатқа да, басқа клубтарға да айттым. Дұрыс футболшылар тауып, шарттарды тікелей жасасу керек.

Былтыр бізде бір футболшы Қазақстан чемпионатында ойнап, айына 70 000 еуро алып жүрді. Қазір басқа чемпионаттың екінші лигасында ойнап, 9 000 доллар алады. Бұл арсыздық емей немене! Мұндай шектен шығушылықтар болмауы тиіс. Оның нағыз бағасы 9 000 доллар бола тұра, бізде 70 000 еуро алады. Өйткені, арада пара бар. Футболда қаржылық қитұрқылықтар, жемқорлық етек алған. Енді бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып, тамырымен жояды»,- деп мәлімдеді Қожағапанов.

Қазақстан чемпионатында ойнайтын футболшылардың жалақысы бұған дейін басшылардың наразылығын тудырған болатын. Өткен жылдың соңында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбенің» бұрынғы ойыншыларының айлық жалақысын жайып салған. Нақтырақ айтқанда, Данило Сирино – 57 мың еуро, Андерсон Сантана – 61 мың доллар, Данило Неко – 67 мың еуро, ал Маркос Пиззелли 75 мың доллар алған. 2014 жылы «Қайраттың» басшысы Қайрат Боранбаев та Қазақстанда футболшылардың жалақысы асыра көтеріліп жүргенін айтқан.

Ақпарат: http://bnews.kz/

 

 

Пікір жазу