Гостиницы в Алматы
2016-04-04 13:12:49 79 0

Бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия және мұхит елдер арасындағы олимпиадаға іріктеу турнирі 25 наурыз – 3 сәуір аралығында Қытай Цзинань аймағында өткен, осы жарыста бокстан Қазақстан ерлер құрамасы олимпиадаға берілетін 10 жолдаманы түгендеп алды. Осыған орай былғары қолғап шеберлерін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтады деп хабарлайды Baistars.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сіздер еліміздің атын бүкіл әлемге танытқан даңқты қазақ бокс мектебінің түлегісіздер. Тынымсыз еңбек пен қайсар мінездің нәтижесінде сіздер  толағай табысқа қол жеткізіп, бұйыртса Рио-де-Жанейро олимпиадасында жасындай жарқылдап жүлделі оралатындарыңызға кәміл сенемін. Бұл жолы тәуелсіздік алғаннан бері тұңғыш рет бокстан ерлер құрамасы олимпиада додасына толық құрамда 10 салмақ дәрежесінде бармақ, бұл біздің үлкен жеңісіміз, бокста көшбасындағы мемлекет екеніміздің айқын дәлелі. Сіздерге зор табыс, жарқын жеңіс пен темірдей денсаулық тілегім келеді! Ел намысын, ер намысын қолдан бермейтіндеріңізге сенімім мол!» делінген Министрдің құттықтау жеделхатында.

Біздің  ұлттық құрама алғаш рет олимпиада ойындарына толық құрамда бармақ. Естеріңізге салсақ бұған дейін ерлер құрамасы 1996 жылы Атлантаға 9 боксшымен, 2000- жылы Сиднейге 7 боксшымен, 2004- жылы Афинаға 8 боксшымен, 2008-жылы Бейжің олимпиадасына 9 боксшымен, ал 2012 жылы Лондон олимпиадасына 9 боксшымен барған болатын. Азия және мұхит елдері арасында өткен іріктеу жарысында ел қоржыны 7 жолдамамен толықты, оның біреуін қыздар арасында сынға түскен Дариға Шәкімова иеленген (75 кг). Ерлер құрамасынан жолдама алғандар Олжас Сәттібаев (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Абылайхан Жүсіпов (64 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) және Иван Дычко (+91 кг).

Бұған дейін 4 жолдаманы Данияр Елеусінов (69 кг) Дохада өткен әлем чемпионатында, Василий Левит (90 кг) – WSB жобасында, Біржан Жақыпов (49 кг) және Берік Абдрахманов (60 кг) –AIBA Pro-Boxing жобасында алған болатын.

Осылайша ұлттық құрама қоржыны ерлер боксынан толықтай 10 олимпиада жолдамасымен қамтылса, қыздар боксында әзірге 1 жолдама бар, қалған 2 жолдаманы Астанада өтетін әлем чемпионатында еншілеуге тырысады боксшы қыздарымыз.

 

Пікір жазу