Гостиницы в Алматы
2017-01-12 15:17:16 113 0

Головкин бокс әлеміндегі қиындықтар туралы айтып берді

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин SecondsOut басылымына берген сұхбатында бокс әлеміндегі көңілге кірбің түсірер жайттар туралы айтып берді. 

«Өткен жылы менің боксқа деген қызығушылығым біршама бәсеңси түсті. Менің атымнан көптеген ұсақ-түйек, алып-қашпа әңгімелер тарады. «Мен шығамын...», «Мен шығуға дайынмын...» деген сияқты. Шын мәнінде мен олардың барлығының дайын екендігіне күмәнім бар. Алайда мен кеше Дэннидің (Джейкобс) расында да дайын екендігіне көз жеткіздім»,-деді Головкин.

Айта кетейік, 2016 жылы Геннадий Головкин рингке тек екі рет шықты. Сәуір айында Доминик Уэйдпен кездессе, қыркүйекте Келл Брукке қарсы кездесу өткізді. GGG желтоқсан айында тағы бір кездесу өткізеді деп күтілген еді. Алайда, кіші Крис Юбенктің командасымен келіссөздер тығырыққа тірелді. Ал, Дэниел Джейкобстың промоутерлерімен қаржы мәселесі реттелмеді. Соның салдарынан жекпе-жек наурыз айына қалдырылды.

Головкин бұған қоса, The Breakfast Club хабарында Power радиостанциясына берген сұхбатында Андре Уордпен болуы ықтимал кездесу туралы айтты.

«Бұл кездесу өтеді деген үміттемін. Алайда бұл бокс. Ол 175 фунтқа ауырлады, ал мен 160 фунтта қалдым. Десек те болашақта кездесу өткізетін мүмкіндік туса мен одан қашпас едім. Бұл кездесуді бәрі күтіп жүр. Ол 168 фунт болып тұрған кезде біз бір-екі мәрте тілдестік. Алайда, айтарлықтай салмақты әңгіме өрбіген жоқ. Дегенмен бұл кездесу болашақта болуы әбден мүмкін. Мен кіммен болса жекпе-жекке шығуға дайынмын»,-деп келтіреді Головкиннің сөзін Sports.kz.

Пікір жазу