Жаңалықтар

Айгүл Қосанова: «…осындай тыңдармандарды өз көзіңмен көріп, естігеннен кейін не айтуға болады?»

Оның болмысында нәзіктік пен тәкаппарлық қатар тұрады. Сонысымен де сахнада асқақ көрінеді. Айтатын әндері асқақ. «Сүйдім-күйдім» деген арзан әндерді айтпайды. Домбырамен қазақтың классикалық әндерін орындап танылды. Ол әнімен де, сәнімен де бір ғасырды бір ғасырға жалғап тұрған қазақ қызының образын көз алдыңызға әкеледі.

Дәстүрлі ән мектебінде өзіндік орны бар Айгүл Қосановамен әңгімелесудің сәті түскен еді.  Шын мәнінде сырт көзге жұмбақ көрінетін әншінің табиғаты қандай? Біз соған назар аударып көрдік…

ЖАСЫ ЖЕТПІСКЕ КЕЛГЕН АПАЛАР ДОМБЫРАТАРТЫЛЫП ЖАТҚАНДА КОНЦЕРТТЕН ШЫҒЫП КЕТТІ

– Ерлан Төлеутай ағамыз «Біресе домбыраға, біресе эстрадаға кетіп жылтыңдап жүретіндерді қосмекенділер дейміз» дейді. Бұл сын сіздің атыңызға да айтылған сын емес пе?

– «Сен дәстүрлі әншісің немесе эстрада әншісісің» деген жазуды ешкімнің маңдайына жазып қойған жоқ. Құдай саған азғантай талант берсе, оны ары қарай дамыту тек қана адамның өз қолындағы дүние. Көпшілікке дәстүрлі әнші ретінде танылдым. Қазіргі таңда эстрадалық жанрдағы әндерді айтуым – біржолата эстрада әншісі болып кету деген сөз емес. Өзімді басқа тұрғыдан тексеріп көргім келді. Менің орындауымдағы эстрадалық әндер көпшіліктің көңілінен шығып жатса, неге айтпасқа? Дәстүрлі әнші ретінде азды-көпті өз орным бар шығар. Алайда, эстрада әншісі ретінде біреудің орнына таласпаймын. Әркімнің өз несібесі, өз орны бар. Нәресте шыр етіп дүние есігін ашқанда-ақ, маңдайына тағдыры жазылып қояды екен, үлкендерден естуімізше, оқуымызша. Эстрада әншілерінің мен туралы не айтатынын білмеймін. Әңгіменің ортасында жүрмегендіктен, болары болып, бояуы сіңіп қалғанда естимін өзім туралы қауесеттерді. Эстрада әншілері домбыраны қолға алып, ән салса, біз оларға кет демейміз. Мысалы, эстрадамен ән айту мен үшін басында өте қиын болды. Музыкалық білімім бар болса да, белгілі бір тактіде, ритмде айтуға қиналдым. Дәстүрлі әншілер ән айтқанда, көңіліміз қалағанша дауысымызды созатын жерінде соза береміз. Эстрадада ритмнен озбауың да, қалмауың да керек, бағыныштысың.  Дәстүрлі әншілер әннің шығу тарихын ескере отырып, автордың сол кездегі кейпіне түсуге көп күш салады. Мысалы, «Айнамкөз» әнін Мұхит атамыз бір қыздың көзіне ғашық болып шығарған болса, үш минут ішінде сол ғашықтың ғаламат сезімін көрсетуге тиіссің. Интонацияң, мимикаң бірге үйлесім табуы қажет. Сондықтан да, эстрадалық әндерді де дәстүрлі мектепте үйренген тәсілім бойынша жеткізуге тырысамын.

оранжевое-1

Әншіге жан-жақты болу керек екен. Бір мысал айтайын. Дәстүрлі әншілердің «Астанаға тарту» деген концерті болды жуықта. Дайындық кезінде үлкен апаларымыздың әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Жас шамалары жетпіске таяған кісілер: «Өй, мына концерт бастан-аяқ домбыра екен ғой. Қайрат Нұртас, Заттыбектер келе ме десек», – деп шығып бара жатыр. Әрине, әр әншінің өз тыңдарманы болуы керек. Оны түсінемін. Бірақ, осындай тыңдармандарды өз көзіңмен көріп, естігеннен кейін не айтуға болады? Кейуаналарымыздың, ақсақалдарымыздың домбыраға деген «құрметі» сондай болып тұрғанда, жастардан бірдеңе күтудің өзі артық. Отбасында ұлттық әуен тыңдамаған бала қазақтың  домбырасын тыңдайды дегенге сенбеймін. Әлгі апалардың сөзін естіп, көңілім қатты құлазыды. Ол кісілер үйінде балаларына, немерелеріне «қазақ бол» деген сөзді қалай айтады екен? Өзің қазақтықтан алшақтасаң, бала-шағаң, ұрпағың сенен де бетер алшақтай береді ғой. Қазақ болу – қазы-қарта, ет асып жеу ғана емес.

– Тап қазіргі кезде сізге дәстүрлі әншілердің ортасы жақын ба, әлде эстрада әншілері ме? Кімдермен араласыз?

– Дәстүрлі әншілердің ортасы жақын. Қай орта болсын, жиі кездеспеймін. Бірақ, эстрада әншілерінің концерті өте көп. Мен болсам, кез келген концерттерде жүре беретін әнші емеспін. Шақырған жерге барамын, шақырмаған жерге ешқашан сұранбаймын.

– Еркін Шүкіманов ағамыз: «Эстрада жұлдыздарының тойға барғандағы «ставкасын» бізге берсе, онда сол той болған мейрамхананың еденін жуып, орындықтарын көтеріп, орын-орнына қойып беріп кетер едік», – деп қалып еді. Жалпы, дәстүрлі әншілерді тойға жиі шақыра ма? Сіздерді алаламай, тәуір қаламақы төлей ме?

– Дәстүрлі әннің қадірін түсінетін адамдар ғана бізді тойға шақырады. Бірақ, ондайлар көп емес. Жоғарыдағыдай концерттерімізден шығып кететін адамдар жеті атаң тұрмақ, жетпіс атаңнан қазақ болсаң да, бізді тойына шақырмайды. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, эстрада әншілері тоймен өмір сүреді. Ал дәстүрлі әншілердің белгілі бір тұрақты жұмысы болғандықтан, тоймен күн көруді мақсат тұтпайды. Дәстүрлі әншілердің көбі шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаз. Сенбі-жексенбі күндерінің барлығын тойда өткізетін дәстүрлі әнші көрген жоқпын.

– Эстрада жұлдыздарына түске дейін телефон шалсаң, ала алмайсың. Алған күннің өзінде ұйқысыраған дауысты естисің. Ол кісілердің көбінің таңертең тұрып, дауыс күтімін жасамайтынын білеміз. Дауысыңызды ояту жағына келгенде сіз қандайсыз?

– Жылдың 10 айында міндетті түрде формада жүруге тырысамын. Өйткені, ұстаз болғандықтан, алдыңдағы шәкіртке ән үйретіп, күнделікті ән саласың. Жазғы демалыс кезінде әнді көп айтпауға тырысамын. Бұл – дауысыма деген күтім, демалыс жариялау. Дауысқа күш сала беруге болмайды.  Дауысым да өзім сияқты кезекті еңбек демалысына шығып тұрады.

МІНЕЗІМ МАҢҒЫСТАУДЫҢ ТАБИҒАТЫНДАЙ…

– Сіздің мінезіңіз қандай? Сырт көзге тәкаппар көрінесіз…

– Иә, сырт көзге солай көрінеді екенмін. Әлеуметтік желілерде жиі отырмаймын. Бірақ, өзім туралы жазылған пікірлерді көзім шалып қалады. Сонда мені тәкаппар деп жатады. Кез келген адаммен ортақ тіл табысып кететін жанмын деп есептеймін өзімді. Ананың сүтімен, атаның қанымен, туған жердің топырақ-шаңымен келген мінезім бар. Менің туған жерім жер жаннаты Жетісу сияқты жайқалып тұрған жоқ. Аптап ыстық, шаң-топырақ. Маңғыстау аймағының табиғаты қандай болса, менің табиғатым да сондай. Ұнамаған нәрсені бетке айта салатын тік мінезім бар. Түлкі заманның адамдарына көп жағдайда ілесе алмай жатамын. Мәймөңкелеп тұрған адамдардан гөрі бетіме тіке айта салатын адамдарды өзім де жақсы көремін.

– Айгүл Қосанованың ұстазы кім?

– Осында алғаш келгенімде Набат Ойнарова деген апайдан сабақ алдым. Одан кейін Сәуле Жанпейісоваға шәкірт болдым. Магистратурада Бекболат Тілеухан сабақ берді. Негізі ұстазға баймын. Қазіргі дәстүрлі әншілердің арасында ұстаздардың ұстазы – Қайрат Байбосынов ағамыз да ұстаздарымның бірі. Ауылдағы Рухия Батыршиева, Орын Құлсариев деген ұстаздарым өнерге келуіме үлкен әсер етті.

– Домбырадан басқа қандай аспаптарда ойнайсыз?

– Негізі домбырадан бұрын прима қобызда ойнағам. Үй жағдайында аздап гитара тартып, ән саламын.

a-16

– Бала кезде армандаған армандарыңыз орындалды ма?

– Біздің балалық шақ пен қазіргі балалардың балалық шағы мүлде екі бөлек қой. Бала кезде мұғалім болуды армандадым. Мектепте қазақ әдебиетін жақсы көріп оқыдым. Облыстық олимпиаданың жүлдегері ретінде республикалық олимпиадаларға да қатыстым. Сол себептен, бала кезімнен консерваторияға түскім келді деп айта алмаймын. Біздің кезімізде «Алло, біз таланттарды іздейміз» деген байқау бар болатын. Республиканың түкпір-түкпірінен талантты деген балаларды Алматыға жинайтын. 1988 жылы «Хабар» арнасының бұрынғы ғимаратында концертімізді  жазып алып, алаңдағы субұрқақтың жанына суретке түсірген. Сол жоба бойынша балалардың жан-жаққа бөліп оқытатын. Маған жолдама Шымкентке түсті. Бірақ, мұғалімдерімнің кеңесімен  консерваторияның халық әні кафедрасына құжат тапсырдым.  Халық музыкасы факультетінің деканы марқұм Тымат Мерғалиев ағамыз мен ән салғанда, көзіне жас алып тыңдады. Консерватория мені осылай қарсы алды.

ЛУЧАНО ПАВАРОТТИДІҢ ДАУЫСЫНА ҒАШЫҚПЫН

– Сыртқа жиі шыққан әншісіз ғой. Көрген-білгендеріңізді өзіміздің тұрмысымызбен салыстырып жүретін шығарсыз?

– Қазіргі кезде алғашқыдай емес, біршама елдер біздің мәдениетімізді, өнерімізді жақсы біліп қалды. Жаһандану заманында ұлттық ерекшеліктерін сақтаған ел сырт көздің қызығушылығын тудырады. Елімізде ғана бағаланбағанымыз болмаса, шетелде қазақтың төл өнерін аяқтарынан тік тұрып қабылдап, қошеметтейді. Қырғын замандарды бастан кешкенде, қазақтың өнері аман сақталды. Енді біз оны өлтіруге жұмыс істесек, болашақтың алдында жауапкершілігіміздің жоқтығы. Ұрпақтың алдында кінәлі болмайтындай өмір сүрейікші.

22222222222221 (1)

– Ұлттық музыкадан бөлек қай бағыттағы музыкаларды тыңдайсыз?

– Классикалық музыкаларды тыңдаймын. Классика тыңдағанда жаным тынышталып, рахаттанамын. Опера әншілерін жалықпай тыңдауға бармын. Муслим Магомаевтың,  Лучано Павароттидің дауыстарына ғашықпын. Дәстүрлі әншілерді күнделікті тыңдауыма тура келеді. Өйткені, мен солар арқылы өсіп-жетілемін.

Шама келгенше кітап оқуға тырысамын. Мәншүк деген сыйлас апайым бар. Гумилев атындағы университетте сабақ береді. Сол кісі қандай жаңа кітап шықса, сонымен мені қамтамасыз етіп отырады. Өзінде болмай қалса, қай жерден алу керек екенін айтады. Поэзия оқығанды тәуір көремін. Өйткені, ол адамдағы сезімді қозғайды. Сабыр Адайды үнемі оқимын. Кейде өлеңнің сәтті шыққан бір жолы үшін жылап та аламын.  Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызым» деген бір жолы бүкіл ұлттың аузындағы ұранға айналды. Мұндай ақынға қалай сүйсінбейсің?

ҮЙ ШАРУАСЫНЫҢ КЕСТЕСІ ТҮЗІЛІП ТҰРАДЫ…

Айгүл Қосанова: «Адам уақыт өткен сайын өзін-өзі жетілдіріп отыруы керек. Адамның жетілуіне өскен ортасы, тәрбиесі, күнделікті ақпарат қабылдауы әсер етеді», – дейді.

– Отбасында жеті баланың алтыншысы болып өстім. Менен кейін сіңлім бар. Кішкентай кезімізде жасы үлкен әпкелеріміз үй шаруасының кестесін жасап қоятын. Ол таңертеңгісін сыртқы есікте ілулі болады. Малдың жемін беру, бақшаны суарып, арам шөбін жұлу  деген сияқты жұмыстар бітпейінше бізді ойынға жібермейтін. Балалық шағым еңбек етумен өтті. Ол үшін дым ренжіген жоқпыз. Қалада балаларым істейтіндей үй шаруасы да жоқ. Сондықтан, оларды спорт үйірмелеріне жіберемін. Бала үйде бос отырып қалмауы керек. Бала кезімде лагерьге көп бардым. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ғой. Өз балаларымды да лагерьге жиі жіберіп тұрамын.

Негізі көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ, жастардың арасында көбіне «бәрекелді» дейтін емес, «әттеген-ай» дейтін жастар да жиі кездеседі. Жуықта таксиге отырғам. Жүргізуші жап-жас бала екен. Маған «сен» деп әңгіме айтып отыр. «Әке-шешең танымайтын адаммен сіз деп сөйлесуді үйретпеген бе?» дедім. «Сен жап-жассың ғой. Неге қартаюға асығасың?» – деп қарап  отыр. Осылай салғыласып кететін адамдарға ары қарай сөз шығындап та керегі жоқ. Бірақ, баланы ғалым қылып тәрбиелемесек те, адам етіп тәрбиелеуге болады ғой. Отбасында адамдармен қарапайым этиканы сақтап сөйлесуді үйрету керек, ең әуелі. Қазіргі жастардың осындай тым еркіндігіне кейде ойланып қаламын.  Бүгінде үлкендер үйге қонақ келсе, балаларын бірге отыру керек деп санайды. Яғни, бала кезінен жеке тұлға етіп қалыптастыру идеясын қолдайды. Бірақ, сен үйіңе келген қай адамның аузына қақпақ боласың? Дастарқан басында түрлі қалжыңдар айтылуы мүмкін ғой.

Жалпы, қазақ қызы қай жерде жүрсе де, өзінің қазақ қызы екенін ұмытпауы керек. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін инабаттылығын жоғалтпаса екен. Даңғырлап сөйлеп қалғандардан гөрі, үндемей жүріп іс тындыратындардың мәртебесі бір саты болса да жоғары тұрады.

Он жеті жасымда өте қысқа көйлектер киген екенмін. Қазір сол киімдеріме ұяламын. Әр нәрсенің уақыты бар екен. Тұрмысқа қалай шықтым, солай қысқа киюді доғардым.

800 БАЛАНЫҢ АРАСЫНДА СЫННАН СҮРІНБЕГЕН ҚЫЗЫМ АМЕРИКАҒА  ОҚУҒА КЕТІП БАРАДЫ

– Сөзіңізге қарағанда балаларыңыз ес біліп қалған сияқты…

– Тұңғыш қызым Айша биыл 10-сыныпты бітірді. 11-сыныпты АҚШ-та оқитын болды. Менің ешқандай нұсқауымсыз, өз еңбегімен арнайы бағдарлама бойынша бақ сынады. 800 баланың ішінде 15 бала сыннан сүрінбей өтіпті. Соның қатарында қызымның болуы мен үшін мақтаныш. «Алтын белгіге» үміткер еді. Бірақ, өз еңбегімен анадай мүмкіншілікке ие болған соң  «бармайсың» деп айта алмадым. Өйткені, бұл қызымның өз еңбегімен жеткен алғашқы жетістігі ғой. Мектеп басшылығы да қызымды жібергісі келмеп еді. Қызым бірге тұратын америкалық ата-анасымен сөйлесіп тұрамыз. Өте білімді, гуманист адамдар екен. «Айшаның сабағы қашан басталады, қандай сабақтар таңдайды, қандай үйірмеге қатысады?» деп бас қатырып  жүр екен. Өзім дәстүрлі әнші болсам да, қызым Майкл Джексонды тыңдағанды жақсы көреді. Соның фанаты. Мұны білген америкалық ата-аналары қызымды қуанту үшін Лос-Анжелесте Майкл Джексонның туған күніне орай өтетін концертке билет алып қойыпты. АҚШ демократиялық ел ғой. Әрбір баланың пікірімен, қызығушылығымен санасады. Бір жылда қызым аман-есен ортамызға оралып, өзіне өмірлік керекті сабақтар алса екен деп тілеп отырмын.

Ол жақтағы кісілермен Айша арқылы сөйлесеміз. Шетелге шыққанда: «Осыдан елге барсам, тіл оқып бастаймын» деп келемін. Бірақ, күйбең тіршілікпен ол кейінге ысырылып қала береді. Ағылшын тілінде жетік сөйлемесем де, шәй-пәй сұрай аламын.

Айшадан кейінгі Тұрлан деген ұлымыз 10 жасқа толады. Сосын үш жасар Айнамкөз деген қызымыз бар. Репертуарымдағы менің паспортыма айналған Мұхиттың «Айнамкөз» әнінің құрметіне қызымыздың есімін солай  қойдық.

– Үйдегі азаматыңыз да өнер адамы ма?

– Азаматымның өнерге қатысы жоқ, Абай атындағы ұлттық университетті  физика-математика бағыты бойынша бітірген жоғары білімді азамат. Жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

zhasorken.kz

Пікір жазыңыз

Бөлімнің басқа жаңалықтары

скачанные файлы

С. ЖАНПЕЙІСОВА, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: CЫРТЫМНАН ШЕШІМ ШЫҒАРЫП, ҚЫЗМЕТТЕН БОСЫТЫП ЖІБЕРГЕН

610 рет оқылды28.07.2015
w72QTHqbDQY (1)

Роза Рымбаева өнердегі мерейтойын кең көлемде атап өтуде

853 рет оқылды24.07.2015
Nne1hPGyQyA

Жанар Дұғалова қатты сырқаттанып қалды

4 496 рет оқылды23.07.2015
0g2vjM5jn6A

Бағым Мұхитденова: «Біз Ақботаның топтан кеткенін қалаған жоқпыз»

4 694 рет оқылды17.07.2015
LN_GNbSa6qU

Әнші Ринат Малцагов үйленеді

3 362 рет оқылды17.07.2015
Ydttif-dOwk

Жуырда «16 қыз» комедиясы көрерменге жол тартады

1 072 рет оқылды16.07.2015
БАСТЫ БЕТ
Responsive Menu Image Responsive Menu Clicked Image