Қазір Еуропа лигасы ойындары өтіп жатқаны белгілі. Еліміздің тарихы бай, тағдыры терең «Қайрат» командасы іріктеу жарысының алғашқы ойынын сырт алаңда сербиялық «Црвена звезда» командасымен өткізді. Жақсы өткізді. 0-2 есебімен жеңіп, елге табыспен оралды. Неше жылдық тарихы бар, «Еуропа чемпиондар лигасының жеңімпазы» деген дардай дақпырты бар, әлем чемпионы деген даңқы бар ойыншылары бар «Црвена звездаға» бұл жеңіліс оңай соққан жоқ. «Жеңілісіміздің себебі алаңнан ертерек қуылған ойыншымыздан болды» деп желеу айтты да, қарымта матчқа қызу дайындалды.
Қарымта матч Алматының орталық алаңында 9 шілде күніне белгіленген. Серб ақпарат құралдары: «Жанкүйерлері «Црвена звезда» командасын қазақстандық «Қайрат» командасымен ойнауға соғысқа аттандырғандай шығарып салды» деп жалаулатып жазып жатты.
Ойын басталып кетті. «Црвена звезда» шынымен-ақ соғысқа бергісіз тартысты бастап жіберді. Тайлы-таяғымен лап қойғанда, «Қайрат» екпінге әуелде шыдас бермегендей өз қақпаларына қарай тықсырыла берген. Бірте-бірте «Қайрат» қайраттанды. Қарымта шабуылдармен көріне бастады. Шабуылшы Жерар Гоу бірнеше мүмкіншілігін голға айналдыра алмады…
Алаңда бірде оңнан, бірде солдан, бірде алдын орап, бірде соңын қайырып «Қайраттың» жас капитаны, қаршығадай түйілген бозбала Бауыржан Исламхан жүрді андыздап. Біз соған сендік. Іштей тілеуін тіледік баламыздың. Бұдан бұрын да өрнекті ойынына сүйсініп жүретін едік, осындай халықаралық жарыстарда көзге түсер оғланымыз Бауыржан болсыншы деп тақымымызды қыса бердік. Тілеуіміз қабыл болғандай, Бауыржанымыз жарады. Сол жақтан атойлап шығып допты қабылдаған Баторик (оны командаластары солай атайтын көрінеді) бір қорғаушыны айналып өтіп, Жерар Гоумен «қабырға» әдісімен доп ауысты да, қапталдаса берген және бір қорғаушыдан мойын оздырып, қақырата тепті. Гол! Әлем чемпионы, «Црвена звезда» командасының капитаны, қақпашы Предраг Райкович көкке аунап қала берді. Жарайсың, Бауыржан! Жаса, Исламхан! Тамағымыз жыртылғанша айқайлап, бөркімізді аспанға атып, мәре-сәре болдық та қалдық! Көп күттірмей, екінші голды Исламбек Қуат салды.
Ойын 2-1 есебімен Қайраттың пайдасына шешілді. Қайрат Еуропа лигасы жарысының екінші кезеңіне жолдама алды! Ал төменде сол мерейлі жеңіске әдемі голымен жол ашқан «Қайрат» командасының капитаны Бауыржан Исламхан жайлы толық мәлімет жарияладық. Мархабат!
Қазіргі қазақ футболындағы жастардың ішінде Бауыржан Исламханның есімі жақсы аталады. Құдай берген талантын еңбекпен ұштастырып жүрген жас футболшыдан жанкүйерлер үлкен үміт күтеді.
Футболдағы алғашқы қадам
Бауыржан Исламхан 1993 жылы 23 ақпанда Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген. Әулиеата өңірі таланттарға кенде емес екенін әрдайым жазып жүрміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін Олег Литвиенко, Нұркен Мәзбаев, Нұрмат Мырзабаев, Азамат Ниязымбетов бастаған бір топ шоғыр жарқ етіп көзге түсті. «Тараздың» жұлдызды кезеңі де жоғарыда аталған футболшылармен байланысты. Бала Бауыржанның футболға қызығушылығы осы саңлақтардың өнерін стадионнан тамашалаудан басталды. Ол Байзақ ауданынан облыс орталығына арнайы келіп, «Тараздың» кездесулерін тамашалайтын. Кейін келе алаң сыртынан доп алып беріп тұратын өзіндей арман қуған бір шоғыр баланың қатарына қосылды. Уақыт өте өзі де футбол үйірмесіне жазылды. Оған аладоптың әліппесін үйреткен И.Иглинский деген балалар футболының бапкері. Таразда бір алаңда шыныққан Ұлан Қонысбаев, Елдос Ахметов, Бауыржан Байтана, Шерхан Бауыржан, Жақып Қожамберді, Мақсат Әмірханов қазіргі кезде ел футболында өте танымал есімдер. Исламханның аталған футболшылардан ерекшелігі алаңды бағамдап көре білу қабілеті мен допты әріптестерінің аяғына қолмен қойғандай етіп салып беретін шеберлігінде.
Бауыржан «Тараз» сапындағы алғашқы ойынын 2011 жылы өткізді. Ол кезде команданың бас бапкері Ваит Талгаев еді. Кезінде Әулиеата командасына алтын жүлде алып берген бапкер сол жылдары тағы бір талантты жастың тұсауын кесті. Ол жастығына қарамастан алаңға жиі шығып жүрді. Ел біріншілігіндегі дебюттік кездесуін «Ертіске» қарсы өткізді. Алғашқы маусымда 27 ойын өткізіп, 2 гол соққан.
«Достастық» кубогының үздік ойыншысы
Бауыржан Исламханның танылған тұсы – 2012 жылы Ресей жерінде өткен «Достастық» кубогы. Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Слободан Крчмаревич 21 жасқа дейінгі футболшылардың арасына 19-дағы Бауыржанды да қосқан еді. Батыр бабасының есімін алған жас футболшы «Достастық» кубогында ерекше көзге түсті. Сол жолы «А» тобына түскен Қазақстанның қарсыластары Ресей, Түрікменстан, Эстония жастары болды. Біздің жеткіншіктер топтық кезеңде тек Ресейге жол беріп, екінші орынмен ширек финалға шықты. Бірақ, ширек финалда Белоруссиядан 2:3 есебімен ұтылып қалды. Бауыржан осы турнирдегі алғашқы голын жетінші орын үшін өткен бәсекеде Молдова қақпасына соқты. Сондай-ақ турнирдегі үздік ойыншылардың бірі атанды. Алаң ортасында ойқастаған жас футболшыға қызығушылық танытқан командалардың қарасы көбейді. Ресей мен Украинаның «Зенит», ЦСКА, «Рубин», «Днепр» командалары Бауыржанды өз қатарларынан көргісі келетінін ақпарат құралдары арқылы жариялап та жіберді. Бірақ, нақты ұсыныстар болмаған соң, футболшы елде қалды.
Ұлттық құрамадағы дебют
Күннен-күнге шеберлігі жетіліп келе жатқан бозбаланы Мирослов Беранек ұлттық құрамаға шақырды. Чех маманы ақпан айында Түркия жерінде өткен Латвия құрамасына қарсы жолдастық кездесуге әріптесі Елдос Ахметов екеуін алғашқы минуттан шығарды. Мұндай жоғары деңгейлі ойынға қатыспаған, ыстық-суыққа әлі үйренбеген Исламхан алғашқы минуттарда біраз қобалжыған. Беранек те талантты балаға «іштей қобалжығаныңды бас, тез шешім қабылдауға тырыс» деп нұсқау берді. Бірте-бірте дүрсілдеген жүрек қалпына түсіп, өз-өзіне келе бастады. Бауыржанға Беранек разы болып, 90 минут алаңсыз доп тебуіне мүмкіндік берді. Алғашқы дебютін сәтті өткізген Исламхан ұлттық құрама сапындағы ең жас алты ойыншының қатарына қосылды (19 жас, 6 күн). Бұл тізімде Жамбыл Көкеев бірінші орында.
«Кубаньдағы» жарты жыл
2013 жылы «Достастық» кубогында ол жастар құрамасын капитан ретінде алаңға бастап шықты. Екінші жыл қатарынан сәтті өнер көрсеткен футболшыны өз командаларына қосқысы келген скауттар көбейді, әрине. Осылардың арасында алғашқы болып, Краснодар қаласының «Кубань» клубы «Таразға» ұсыныс тастады. Екіжақты келісімшарт сәтті өрбіп, футболшы өзінің 20-шы туған күнінде «Кубань» сапына ауысты. Сол кезде Ресей біріншілігінде тәуір өнер көрсетіп жүрген команданы Леонид Кучук жаттықтыратын.
Бауыржан «Достастық» кубогында алған жарақатынан біразға дейін алаңға шыға алмады. Кейін келе «Кубанның» жастар командасында өнер көрсетті. Алайда, бас бапкер оған жоғары лигада дебютін өткізуіне мүмкіндік бере қоймады. Жазғы трансферлік үзіліс кезінде ұлттық құраманың бас бапкері Беранек футболшыны «Астанаға» шақырды. Еуропа лигасының іріктеу кезеңі кезінде елордалық команданың құрамын күшейту мақсатында футболшы «Кубаньнан» жалға алынды. Бас қаланың клубы сапында Еуропа лигасында бір матч өткізді. Ел біріншілігінде жеті ойынға қатысып, 1 доп соққан. Мирослов кеткеннен соң, Иоане Андоне негізгі құрамға ойнауға мүмкіндік бере қоймады, бірақ. Көбіне қосалқы құрамда болды. Ел біріншілігі аяқталғаннан кейін «Кубаньға» қайта оралды.
Капитан Бауыржан
2014 жылы Алматының «Қайрат» командасы Краснодардың «Кубанімен» келісімге келіп, футболшыны өз қатарларына қосқан. Жылқы жылы Бауыржан үшін сәтті болды. Футболшы мен бапкер бірін-бірі тапқандай, бас жаттықтырушы Вайсс оған үлкен сенім артты.
Самат Смақов кеткен соң, команда капитаны атанды. Қазіргі кезде Алматы командасын алаңға бастап шығып жүр.
«Жыл футболшысы – 2014»
Былтырғы жылы ол ел біріншілігінде 31 кездесуге қатысып, 5 гол соқты. Қазақстан чемпионатының қола жүлдесі мен ел кубогына қол жеткізді. Кәсіпқой футбол лигасы мен УЕФА Бауыржанды 2014 жылғы Қазақстанның ең үздік ойыншысы деп таныды. Үздіктерді анықтаған дауыс беру шарасына еліміздің 12 клубының басшылары, бас бапкерлері және капитандары қатысқан. Тараз футбол мектебінің түлегі 69 ұпай жинап, басты бәсекелестерінен озып шықты.

«Сүйікті футболшым – Андрес Иньеста»
– «Барселона» мен Испания ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Андрес Иньестаның ойын өрнегі өзіме қатты ұнайды. Мен де алаңда Иньеста сияқты ойнағым келеді. Оның қимыл-қозғалысы өте ерекше. Ол дер кезінде пасты да береді, өзі қақпаға соққы да жасай алады. Сонымен қатар алаңды көру қабілеті де керемет, – дейді Бауыржанның өзі.
Бауыржанның табысы қанша?
Әлемдегі футболшылардың, клубтардың нарықтағы бағаларын анықтап, есептеп отыратын «Transfermarkt de» сайтын ақтарып көріп едік, соңғы уақытта қазақ футболшыларының ішінде Бауыржан Исламханның бағасы өсе түскенін байқадық.
Дәл қазір Қазақстанда 600 мың еуроға бағаланатын екі ойыншы бар екен. Екеуі де ұлттық құрама мүшесі. Тараз және Павлодар футболының түлегі Бауыржан Исламхан мен Дмитрий Шомко Қазақстандағы ең қымбат футболшылар. Шомконың бағасы соңғы 4 айда көлемінде 100 мың еуроға көтерілсе, Исламхан тіпті 250 мыңға «қымбаттаған».
Көшбасшы Бауыржан
Бауыржан Исламхан сөзсіз бүгінгі күні «Қайраттың» ғана емес, ұлттық құраманың да көшбасшысы. Юрий Красножан келгелі негізгі құрамда өнер көрсетіп жүр. Осы уақытқа дейін ұлттық құрамада 16 ойын өткізген. Тәжікстан және Қырғызстан құрамаларының қақпасынан саңылау тапты.
Қазақстандық футбол жанкүйерлері Бауыржан Исламханның өзге чемпионаттарда доп тепкенін қалайды. Мысалы, Армения чемпионаты әлсіз болғанымен құрамасымен кез келген ел санасады. Себебі, Генрих Мхитарян сияқты футболшылары деңгейі жоғары чемпионаттарда ойнап жүр. Бауыржан армениялықтардың да қақпасынан саңылау тапты. Кезінде Грузия құрамасының капитаны Каха Каладзе «Милан» сапында УЕФА Чемпиондар лигасын ұтты. Біз де Бауыржаннан осындай үміт күтеміз. 22 жас нағыз өзін мойындататын кез деп ойлаймыз.
Бек ТӨЛЕУОВ
zhasorken.kz





Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS