Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері, бүгінде Алматы облысын жаттықтырып жүрген Тұрсынғали Еділов танымал боксшы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтің шеберлігіне күмәнмен қарайды.
Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
“Меніңше, Әділбек барлық күшін сарқып бітті. Оның жекпе-жектерін көргеннен кейін осындай шешімге келдім. Оның орнын Әли Ахметов есімді жас боксшы баса алады. Оның жасы небары 20-да ғана. Әйтсе де, оның үздіктерді ұтатын шамасы бар. Әли Олимпиаданың жолдамасына да таласа алады”, – дейді Тұрсынғали Еділов.
Еске сала кетейік, Қарағандыда аяқталған Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирде Әділбек Ниязымбетов қола жүлдені қанағат тұтты. Мұның алдында ол лицензиялық әлем чемпионатынан құралақан қайтып, жолдама мәселесін кейінге қалдырған болатын.
Азия құрлығындағы Олимпиада жолдамасын сарапқа салатын соңғы сын көктемде Астанада өтеді.
Бокстан Қазақстан құрамасының қазіргі бас бапкері Мырзағали Айтжанов Әділбектің ұтылып қалғанын талантты жастардың өсіп келе жатқанымен түсіндірді. Ол 81 келі салмақта жолдамаға кімнің таласатынын келесі жылдың басында бапкерлер құрамы шешетінін айтқан.
Тұрсынғали Еділов Қазақстан боксының өркендеуіне үлес қосқан тұлға. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасының боксшылары Сидней Олимпиадасында 2 алтын, 2 күміс жүлде жеңіп алған болатын.
Ақпарат: www.nur.kz


Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS