Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, талантты актер әрі әнші Бекжан Тұрыс өнердегі қарындасы Салтанат Бақаеваға ақыл айтты — деп хабарлайды Baistars.kz. Бекжан Тұрыстың берген кеңестеріне Салтанат «Ақылыңызды қашанда тыңдауға, қатемді түзеуге тырысамын» — деп жауап берді.
Бекжан Тұрыс өзінің Инстаграм парақшасында Салтанатқа: «Егер біреу мініңді айтып жатса, қарап жүрме, керісінше өз қатеңді түзетуге тырыс» — деп жазды. Бұдан кейін әртіс қазақ қызының «ар» деген көтерген жүгі ауыр екенін ескертті: «Қайғысы — азық, ермегі шер болған xалқымыздың өткеніне үңілсек, әсілінде, қазақтай тектілік сақтап, дүниенің сырын дәл ұққан xалық жоқ. Қазақтың өмірі, мұңы, арманы, аманаты, үміті, тариxы — бәрі-бәрі қазақ қызының кірпігінде тұр. Іргетасы мықты соғылған үйдің ұзаққа шыдайтыны секілді, қаймағын қалқып ішкен қыздан көрегенді келін, парасатты ана шығады. Оң жақтағы кезіңде жүз жігіттің арманы болсаң да, қызға бір азаматтың жан жары болу — парыз. «Жаным — арымның садағасы» деп, дар алдында емес, ар алдында именген бұл қазақ. Арының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ары таза емес қыздарды сиырға, есекке теріс қаратып мінгізіп, қолына тесік қазан, тесік құман ұстатып төркініне қайтарып жіберген. Осындай шаралардан кейін қазақ қызы аяғын қия басып көрмеген. Ар жазасы осындай еді. Туа бітті жауынгер, жаужүрек, алты жасында ашамайға отырып, алпысында да аттан түспеген намысты жігіттері қандай еді! Бүгінде атқа мінер азаматтар мен ақылды қыздарымыздың табиғи жетімсіздігі қатты байқалып тұр. Сондықтан елге күлкі, есекке таң болмайық деп Салтанат қарындасыма ақыл айтып отырмын».
Айта кетейік, Бекжан Тұрыс пен Салтанат Бақаева Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бірге жұмыс істейді.

Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS