Гостиницы в Алматы
2016-12-25 11:38:39 22 0

Еркін күрестен Венгриядағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжановқа Сырым ауданы Бұлдырты ауылында құрмет көрсетілді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрлан Бекжановты әлем чемпионатынан алған жүлдесімен әкім Абат Шыныбеков құттықтап, оның бұл жеңісі жастарға да жұғысты болуын тілеп, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Еркін күрестен КСРО чемпионатының жүлдегері Сайлау Мұқашевтің шәкірті Бауыржан Бегайдаров та қазіргі таңда қазақ спортының туын биікке көтеріп жүргендердің бірі Нұрлан Бекжановқа шапан жауып, тұлпар тарту етті. Сырым ауданының халқы қазақ палуандары арасында күрестің осы түрінен әлем чемпионатының финалында тұңғыш өнер көрсеткен Н.Бекжановқа барлығы бес арғымақ сыйлады.

Жерлестерінің ықылас-пейіліне риза болған палуан алдағы уақытта да Қазақстанның намысын ірі додаларда қорғай беретінін жеткізді.

Бұлдырты ауылында туып-өскен Нұрлан Бекжановтың алғашқы бапкері Асқар Саукелин болса, Астана қаласындағы қазіргі жаттықтырушысы - Асқар Әбдірашев.

 

Пікір жазу