Қазақ орындаушыларының көрші мемлекеттерді былай қойғанда, мұхит асып әндерге жиендік жасап жүргенін білеміз. Бұл жолы түріктер қазақ әніне «құда түсті». Олар елімізде «Ақ тілек», «Көк жөтел» әндерімен танылған әнші, Ғалымжан Жолдасбайға хабарласып, ұсыныс жасаған. Екіжақты келісім нәтижесінің қандай болғанын сұрап, Ғалымжанмен сұхбаттастық.
— Алдымен туындайтын сұрақ: «Түріктердің құлағына қазақ әні қалай жетті?»
— Мені көпшілікке танымал еткен осы «Ақ тілек» пен «Көк жөтел» әні. Екеуіне бірдей бейнебаян түсіріп, барлығы сияқты ғаламторға жүктедім. Түрік ағайындарымыз бейнеклипті тамашалай отырып, түркі халықтарына ортақ дәстүрлерді көрген. Содан соң, сол әнді сұрап, қолқа салып мені іздей бастапты.
— Әнге «құда түсуінің» басты мақсаты не?
— «Ақ тілек» пен «Көк жөтелге» сұраныс тудырған басты мақсат — Түркиядағы Ұлтшыл Қозғалыс Партияларының сайлауы. Аталған шарада әрбір үміткер партия өз әнұрандары арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді екен. Менің әндерімді лайық деп тауыпты.
— Енді әндердің түрік тіліндегі нұсқасын кім орындайды?
— Екі ән де халқымыздың төл туындысы. Оны эстрада бағытында жаңаша өңдеген – өзім. Мені тапқаннан соң, түрік бауырларымыз өз тілінде жазылған мәтінмен қазақ әнін қосып орындауға ұсыныс жасаған болатын. Кейіннен, түркиялық әншіге орындататын болды.
— Сонымен, партияның әнұраны қай ән болатын болды? «Ақ тілек» пе әлде «Көк жөтел» ме?
— Екеуін де менен рұқсат арқылы сұрап алды. Ал, партияның әнұраны «Ақ тілек» болатын болыпты. Түркияда қазақтың қай әні шырқалса да ұлтымыз үшін ерекше қуанарлық жайт деп білемін.
— Әннің «қалыңмал» жайы қалай болды?
— Қаражат жағы әлі шешіле қойған жоқ. Айтарым, ән тегін берілген жоқ. Жақын арада бәрі өз шешімін табады.


Замира
28.04.2015 , 20:22
Оте керемет. Талабынызга нур жаусын !
Марат
05.08.2015 , 03:17
«Көк жөтел»деген əн Маңғыстау өлкесіне танымал күйші Мұрат Өскінбаевтың інісі Хамит Өскінбаевтың əлі екені барша Маңғыстау жұртшылығы біледі. Алайда осы əнді телеаналар халық əні деп беріп жүр.Ғалымжан інім халыққа авторын дұрыс жеткізгенің абзал.