Американың Хьюстон қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар 2 алтын, 2 күміс, 1 қоланы қанжығалап, еліміздің мерейін асырды. Атап айтсақ, зілтемірші Александр Зайчиков 105 келіге дейінгі салмақта алтын медальды жеңіп алды. Жұлқа көтеруде 191, серпе көтеруде 230 келіні еңсерген жерлесіміз жалпы есепте 421 келіні бағындырды. Осы салмақтағы ресейлік спортшы Давид Беджанян 411 келімен күміс жүлдені олжаласа, ал үшінші орын латвиялық Артурс Плесниекске бұйырды. Ол жұлқа және серпе көтеруде 405 келіні бағындырды.
Бұған дейін 77 келіге дейінгі салмақта Нижат Рахимов алтыннан алқа тағып, әнұранымызды асқақтатты. Сондай-ақ, күміс медальды ерлер арасында 94 келіге дейінгі салмақта Алмас Өтешев пен әйелдер арасында 69 келіге дейінгі салмақта Жазира Жаппарқұл иеленсе, 94 келіге дейінгі салмақта Жасұлан Қыдырбаев қола медаль алған.







Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS