Әдемі күлкі, жарқын жүз – кім-кімнің де ажарын ашып, көркіне көрік қосары сөзсіз. Жымия қарап сөйлеген жанға бірден ішіміз жылып, кездесуден жақсы әсер алатынымыз да рас. Сондықтан да, күлкіні жәй ғана жоғары көңіл-күйдің көрінісі деп емес, жарқын өмір сүрудің, адамдармен тіл табысудың, табысқа жетудің бір құралы деп білген жөн. Иә, жылы жымиыстан бастап, дарақы қарқылға дейін күлкінің түр-түрі болады: жымиыс, шынайы күлкі, ілтипатты білдіретін жайдары күлкі, жағымпаз күлкі, еліктіргіш күлкі, абдырағаннан болатын күлкі, мысқыл, кекесін күлкі тағысын тағылар. Бүгін біз осылардың ішінен «голливуд күлкісі» деп аталатын әдемі мимиканың сырын ашып, голливуд жұлдыздары тәрізді әдемі жымиюдың жолын айтамыз.
Бүгінде көпшілігімізге таныс болған «голливуд күлкісі» ұғымы америкалық стоматолог Чарльз Пинкустың арқасында өмірге келді. Ол алғаш рет тістердің үстіңгі қабатына голливудтық винирді – әппақ фарфор пластинкаларды қоя бастаған еді.
Бұл әдіс батыста 1985 жылдан бастап кең тарала бастады. Бүгінгі күні голливуд күлкісі – біздің елде де тек қана сау, маржандай тістерді көрсету немесе жоғары көңіл-күйді білдіру емес, «табысты адам», «жетістікке жеткен жан» екеніңді білдіретін көрсеткіш болып отыр. Отандық жұлдыздарымыздың жарқын күлкілеріне бір сәт назар аударайық:

Голливуд күлкісінің біздің санамызды әлдеқашан жаулап үлгергеніне көз жеткіземіз ғой?
Ендеше, осылай әдемі күлуді үйренейік.
Алдымен – жаттығу
Сіздің күлкіңіз шынымен де голливуд жұлдыздарынікіндей болуы үшін жәй ғана езу тарту жеткіліксіз. Шынайы, мейірімді, көңілді күлкі ғана өте әдемі көрінеді.
Зерттеулерге сенсек, голливуд күлкісі беттің 40 бұлшық еті бір уақытта әрекет еткенде жүзеге асады екен. Сондықтан, ерінбей жаттығуға тура келеді. Егер шынымен де суреттердегідей әдемі күлемін десеңіз күн сайын бірнеше рет төмендегі жаттығуды жасаңыз:
- Терең дем алып, кеудеге ауаны толтырыңыз, ерінді қатты қымқырып, кейіннен барлық ауаны ауыз арқылы шығарыңыз.
- Жұмылған еріндеріңізді алға қарай соза түсіп, «сегіздік» жасаңыз.
- Тіліңізді сәл ғана шығарып, оны еріндеріңізбен қымқыра қысыңыз. Ерінге күш салған күйі бірнеше секунд ұстап, соң қоя беріңіз.
- Ауызды сәл ашып, ерінді дөңгелек формасына келтіріңіз. Соң ерінді алға соза түсіп, бірден үрлеңіз.
- Жиі күліп жүріңіз, мүмкіндігінше еркін, ашық күлуге тырысыңыз.
Бұл жаттығулар еріннің бұлшық еттерін дамытуға, әдемілігін арттыруға көмектеседі.
Көңіліңіз күлмей, жүзіңіз де күлмейді
Голливуд әртістері тәрізді әдемі күлуді армандаған әр адам әр кез ұстануы тиіс басты қағида – жоғары көңіл-күй, позитивті көзқарас. Сондықтан да, мүмкіндігінше ой-санаңызды көңілсіз ойлардан арылтуға тырысыңыз. Өзіңізді ашық, көңілді адам болуға әрдайым бағыттап отырыңыз. Егер көңіл-күйіңіз шынымен де жоқ болса, бірақ Сізге болашағыңыз үшін, жұмысыңыз үшін күлуге тура келсе, қуанышты сәттеріңізді, бұрын жүзіңізге күлкі ұялатқан оқиғаларды еске түсіріңіз. Тіпті болмаса, сүйікті комедияңызды, әзіл әңгімелерді, біреулердің Сізге айтқан мақтаулары мен өзіңізді жақсы сезінуге көмектесетін жоғары жетістігіңізді еске алыңыз. Бұлар – автоматты түрде миыңызға әсер етіп, көңілсіз ойларды санаңыздан аластайды. Шынайылық – голливуд күлкісінің бір негізі. Сондықтан да, езуіңізден бұрын, көңіліңіздің күлуін қадағалауыңыз керек.
Маржандай тістер тізіліп…
Иә, егер Сіздің тістеріңіз маржандай тізіліп, жарқырап тұрмаса, позитивті көңіл-күй мен жоғарыдағы жаттығулардан еш пайда жоқ, «голливуд күлкісі» тек арманыңыз болып қала бермек. Сондықтан да, әрдайым тіс күтіміне ерекше көңіл бөліңіз. Стоматологпен кеңесіңіз, ал үй жағдайындағы тіс күтімі туралы мына мақаладан біле аласыз. http://kazfashion.kz/тісті-үйде-ағартудың-қарапайым-жолд/
Уақыт өте тістеріміздің әр түрлі себептермен сарғайып, қара дақтардың пайда болатыны өкінішті. Бірақ, қам жемеңіз. Голливуд жұлдыздарынікіндей әппақ, кіршіксіз тістерге қол жеткізуге әлі де мүмкіндік жетерлік. Жарқыраған әппақ тістерге қол жеткізу үшін заманауи стоматологияда тістерге эстетикалық әсемдік сыйлайтын голливудтық винирлердің көмегіне жүгінеміз. Олар тісті көп егемей орнатылады. Мұндай винирлер тістің туа бітті не уақыт өте пайда болған ақауларын өте жақсы жасырады.


Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS