Көптің көңілінен шыққан хит әндердің авторы Арман Дүйсенов жаңа қызметке кірісті. Енді ол «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының «Гүлдер» ансамблі филиалының директоры.
2005 жылы құрылған аталған қоғам ойын-сауықтар мен мерекелік кештерді, байкаулар, фестивальдер, презентациялар, шоу-бағдарламалар, жеке орындаушылар мен өнер ұжымдарының гастрольдік сапарларын, концерттерін, шығармашылық кештерін, театр қойылымдарын ұйымдастыру және өткізумен айналысады. Сондай-ақ музыка өнерінің түрлі жанры мен бағыттарын дамытатын өнер ұжымдары мен жеке орындаушылардың шығармашылығын таспаға түсіріп, жарнамалап, насихаттайды.
Еліміздегі және алыс-жақын шетелердегі шығармашылық ұжымдар, мәдениет және өнер қайраткерлерімен бірлесе отырып, кең көлемді мәдени шараларды өткізу мен мега-жобалар дайындап, Республикадағы түрлі халық өкілдерін ескере отырып, мәдени даму үрдесінде өзара алмасуды қамтамасыз етіп, қолғабыс жасау және жоспарланған мәдени бағдарламаларды ойдағыдай жүзеге асыру үшін жарнамалық-ақпараттық қызмет жасайды.
«Гүлдер» қазақи өнерді жаңғыртып, биін, күйін, әнін, тіпті ұлттық киімін де заманауиландырып, әр адамның ұлты мен тегіне қарамай қызығушылығын арттыра білген ансамбль. Тарихы 1969 жылдан бастау алған ұжымның атағы кезінде тек Қазақстан емес, Кеңес Одағында дүркіреп тұрған.
Бұрын сазгерлік пен тележүргізушілікті қатар ұстаған өнер жанашыры ендігі жерде ансамбль филиалын басқарып, жаңа белестерге шығу жолында еңбек етпек.


Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS