Шоу-бизнес

Дәстен Шәкіров: «Мен үшін махаббат түсініксіз дүние»

− Жақында отбасын құрдың. Жүрегіңді жаулаған ару туралы айтып берші. Қалай таныстыңдар?

− Мен Ботаны жиырма бес жасымда кездестірдім. Махаббатты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес қой. Сол себепті де мен оған қалай ғашық болғанымды түсіндіре алмаймын. Мен үшін махаббат түсініксіз дүние. Теңіңді кездестірген кезде сен оны іштей сезесің. Онымен кездесу, бірге отырып, әңгімелесу сені бақытқа бөлейді. Осындай ғажап сезімді басымнан өткердім. Дәл сол сәтте осы адаммен қалған ғұмырымды өткізгім келетінін түсіндім.

–  Құпия болмаса қалыңдығыңның мамандығы не?

–  Бота — дизайнер. Жақында өз ательесін ашты. Ол да өз ісінің шебері. Әйел адамға сол жұмыс дұрыс.

− Үйленуге ұсынысты қашан және қалай жасадың?

− Ерекше дүние жасадым деп айта алмаймын. Бір құшақ гүлімді, жүзігімді алып, үйіне бардым. Ұсынысымды жасадым, ол келісті. Жарты жылдай дайындалған тойымыз осыдан бір ай бұрын «Алатау» шипажайында өтті.

− Соңғы сәтке дейін үйленетініңді елден неге жасырдың?

− Әр адамның өзіне ғана аян әлемі болуы тиіс. Халықтың алдында жүргендіктен, біз онсыз да ашық кітап секілдіміз. Қайда және не істеп жүргенімізді халық жақсы біледі. Атқарған ісімізді көзбен көреді. Ал жеке өмір жеке болып қалуға тиісті. Дегенмен, сіз менің біраз сырымды суыртпақтап алдыңыз. Осының өзінде түсінген адам өзіне қажетті біраз ақпарат алған болар.

unnamed (4).jpg

˗ Актер Дәстен Шәкіровтің қандай отбасыдан шыққанын білсек?

˗ Отбасында екі ұлмыз. Ата-анам да, ағам да мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Үйде өзге мамандық иесі — мен ғана.

˗ Қателеспесем, 2010 жылы сен де әкімшілікте жұмыс істедің. Бұл әкеңнің қалауы ма әлде өз таңдауың ба?

˗ Әкемнің ықпалын жоққа шығара алмаймын. Бірақ өзім де әкімшілік қызметке қызықтым. Оған әсер еткен бір жәйт ˗ 2007 жылдан бастап көптеген кастингтерге қатыссам да, бастапқыда жолым бола қоймады. Көбіне тек жарнама мен бейнебаян түсірілімдеріне шақырылып, кино әлемінен шет қала беретінмін. Солайша төрт жылым кастингтен кастингке жүгірумен өтті. Содан соң күдерімді үздім де, әкімшілікке қызметке орналастым. Алайда бұйырған нәрсе кетпейді екен. Жұмыс істеп жүргенімде телехикаяның кастингіне шақырылып, бағым жанып, өттім де кеттім. Содан әкімшіліктегі қызметім мен киноны қатар алып жүрдім. Оған қалай үлгердім дейсіз ғой? Бастығымнан сұранып, түсірілім таңертең болса, жұмысқа түстен кейін баратынмын. Немесе керісінше. Түсірілім жұмыстары көп уақытты алатындықтан, әкімшілікке жиі бара алмайтын болдым. Кино әлемінің қызығына кіріп кеткеннен кейін кеңседе отыра алмайтынымды сездім. Сөйтіп бірден шешімге келдім де жұмысымды тастап, кино әлеміне біржолата бет бұрдым. Себебі өмірімнің түсірілім алаңымен, ондағы атмосферамен байланысты екенін түсіндім.

˗ Білуімше, қаржы мамандығын ағылшын тілінде оқып шықтың. Болашақта өз мамандығың бойынша жұмыс істейтін ойың бар ма?

˗ Кесіп айта алмаймын. Өмір тосынсыйларға толы. Иә, негізгі мамандығым — қаржыгер. Кейде «актерсің бе?» деп сұраған жанға: «жоқ, қаржыгермін» деп жауап беретінім бар. Өйткені менің актерлік дипломым жоқ. Ал өз мамандығым бойынша екі банкте жұмыс істеп, азды-көпті тәжірибе жинақтадым.

unnamed.jpg

˗ Жаныңа қайсысы жақын? Әкімшілік пе әлде банк пе?

˗ Әкімшілік шығар. Қанша дегенмен, қанымда бар емес пе?

˗ Алғашқыда біраз сәтсіздікке ұшырасаң да, қайтпастан кино саласына келдің. Бұл мамандықты неліктен қаладың?

˗ Бала кезімде Жан-Клод Ван Дамм, Арнольд Шварценеггер, Джеки Чан сынды әлемнің ең танымал деген актерлері ойнаған фильмдерді көріп, «шіркін-ай, мен де осылар сияқты болсам ғой!» деп армандайтынмын. Қазір әкемнің достары үйге келсе: «Кішкентай кезінде Шварценеггер, Джеки Чан болып жүретін балаң арманына жетіпті ғой», ˗ деп лебіздерін білдіріп кетеді. Негізі мен өнерге 1998 жылы қадам бастым. Музыкалық мектепте, оның ішінде фортепиано сыныбында оқыдым. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Т.Жүргенов академиясының колледжіне түсу ойда болды. Тек әкемнің жұмыс бабымен Батыс Қазақстан облысына көшіп кеткендіктен, ол мақсатым жүзеге аспады.

˗ Бір сұхбатыңда: «Алғашқыда бұйырған рөлдерді ойнасам, қазір ойланып, таңдайтын болдым», ˗ депсің. Табиғатыңа қандай жанр жақын?

˗ Боевик. Өйткені онда экш˗сахналар көп болады. Сонысымен ол көрерменді қызықтырып, баурап алады. Әрі өз басым экстримді қатты жақсы көремін. Дайвингке, биіктіктен секіруге, тарзанкаға, парашютке, аквациклге қызығамын. Осылардың ішінен парашют пен тарзанканы ғана көрмедім. Парашюттен секіруге өзімді іштей дайындап жүрмін. Әке атанбай тұрып бұл мақсатымды орындауым керек.

˗ Қазақстанда «Терминатор» сынды фильм түсірілетін болып, басты рөлді саған берсе, түрлі трюктарды өзің орындайтын ба едің әлде басқа әріптестерің секілді каскадерлардың көмегіне жүгінесің бе?

˗ Әрине, қолдан келсе бәрін өзім орындауға тырысамын. Аса қауіпті жағдайлар болса, каскадердің көмегіне жүгінерміз.

˗ Бір сұхбатыңда: «Менде жағымсыз қасиеттер жоқ», ˗ депсің. Осы рас па?

˗ Ол «Жарайсың» бағдарламасына берген сұхбатым болуы керек. Қалжыңдап айтқан болатынмын. Меніңше, жағымсыз қасиеттер барлық адамда бар. Атап айтар бір кемшілігім ˗ еріншекпін. Ал артықшылығым ˗ кез келген жерге уақтылы барамын, кешігуді жаным сүймейді. Бес минутқа кешіккенше, бір сағатқа ерте келуді жөн санайтын адамдардың қатарынанмын.

˗ Нәзік жандылар кешігіп келсе, оны қалай қабылдайсың?

˗ Қыздың аты – қыз. Оған ренжуге болмайды.

˗ Келіншегің Ботаның ең көп кешіккен уақыты?

˗ Ең қызығы, Бота да ешқашан кешікпейді.

˗ Өзің түскен телехикаяларды көресің бе?

˗ Жалпы телеэкраннан өзімді көргенді ұнатпаймын. Бірақ сын түзелмей, мін түзелмейді. Қателіктерімді бақылап, келесіде оны қайталамас үшін өзің түскен фильмді көруге мәжбүр боласың. Сол арқылы өзіңе: «осы жылы не істедім, қандай жетістікке жеттім?» деген сауал қойып, өз жұмысыңа баға бересің. Шынымды айтсам, ешқашан өзіме көңілім толған емес. Бұл жақсы да шығар. Өйткені өзіне-өзі көңілі толған адам жеткен жерінде тоқтайды. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде жүруге тырысамын.

unnamed (6).jpg

˗ Болашақта актер мамандығы бойынша білім алуға ниетің бар ма?

˗ 2012 жылы өнер академиясына магистратураға түскен болатынмын. Сол жылы жұмысым көбейіп оқуға үлгере алмадым. Алла бұйырса, алдағы уақытта міндетті түрде оқимын.

˗ «Жаужүрек мың бала» фильмінде Дариға Тұранқұлова, Тілектес Мейрамов сынды білікті актерлермен бірге жұмыс істедің. Бұл жайттың сенің өнеріңе әсері тиді ме?

˗ Әрине, өте үлкен септігі тиді. Мысалы, ең бірінші телехикаяға мен кино әлемінің ішкі асханасын білмей топ ете қалдым. Өз ісінің шеберлерімен, білікті аға-апайларыммен бірге жұмыс істеу арқылы біраз дүние үйрендім. Келесі телехикаяда маған жеңіл тиді. Оны көрермен де байқаған болар.

unnamed (8).jpg

БҰЗАҚЫ БАЛАНЫҢ КЕЙПІНЕ ЕНУГЕ ҚИНАЛДЫМ

˗ Осыдан екі жыл бұрын берген сұхбатыңда: «Бағымды ашатын рөлді күтіп жүрмін», ˗ деген екенсің. «Рэкетир-2» фильмінде басты рөлді сомдадың. Мақсатыңа жеттің ғой?  

˗ Иә. Бұл – менің ең алғашқы үлкен фильмім. Бұған дейін телехикаялардан басты рөл бұйырған. Өзің де білетіндей, фильм режиссері − Ақан Сатаев. Меніңше, Ақан Сатаевпен жұмыс істеу кез келген актер үшін үлкен мәртебе, әркімге бұйыра бермейтін бақыт. Ол кісімен бірлесіп жұмыс істегеніме Аллаға шүкір деймін.

Әр актердің есімін елге танытатын визит картасы болады. Мәселен, голливудтық актерлерді алайықшы. Шварценеггерді халық терминатор деп, Сильвестер Сталоннені Рэмбо немесе Рокки деп таниды. Ресейлік танымал актер Сергей Безруков ше? Қаншама фильмге түсті, Гамлетті де сомдады. Бірақ қарапайым халық оны көрсе «Бригаданы» еске алады. Сондықтан да бас төреші – халық. Өзіме баға бере алмаймын. Бәлкім менің ең жоғарғы деңгейде ойнайтын рөлім алда шығар?..

− Жалпы криминал жанры үздік болып табылмаса да, халықты шулатып, көрерменді молынан жинайды. Неліктен?

− Өйткені көрермен мейрамханада өмір жайлы сыр шертіп отырған адамдардың әңгімесінен гөрі қуғынға, ұрысқа, төбелеске, жалпы экшнге толы эпизодтарды ұнатады.

СПОРТ ЕРКЕКТІҢ МІНЕЗІН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

− Өмірде ұрысқа қатысқан кезің болып па еді? Қару қолдана білесің бе?

− Бәріміз де жас болдық. Бес жасымнан бастап ағаммен бірге каратэмен айналыстым. Кейін белгілі бір себептермен спортты тастауыма тура келді. Ер жігіт − ол болашақ әке. Ол өзін ғана емес, отбасын да қорғай білуге тиісті. Өз баламды төрт жасынан бастап каратэге немесе гимнастикаға беретін едім. Менің түсінігімде ер азамат күшті, қуатты болуға тиісті. Жалпы спорт еркектің мінезін қалыптастырады. Аяқ-қолың − сенің қаруың. Сол қару арқылы сен өзіңді де, жақындарыңды да қорғай аласың. Әрі спортпен шұғылданатын адам зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Өз басым темекі шекпеймін, ішімдікке де жоламаймын, салауатты өмір сүру салтын қолдаймын. Мүмкіндігінше жүгірумен, жүзумен айналасып, спорт залына барып тұрамын. Әр бала әкесімен бірге сөмкесін асынып, спортпен шұғылдануға барса, керемет емес пе?! Бұл да тәрбие. Мұнымен сен балаңа ішімдіктен де жақсы нәрсе бар екендігін көрсетесің. Сұраққа келсек, иә, ұрысқа қатысқан кездерім болды. Меніңше, ол әрбір ер азаматтың басынан өтеді. Таяқ та жедім, жұдырық та жұмсадым. Ал қару − менің құмарлығым. Әкем аңға шыққанды жақсы көреді. Бірақ жасым кіші болғандықтан ба екен, мені өзімен бірге ерткен емес, ағамды алып баратын. Қару қолдана білемін.

− «Рэкетирдің» рөлін сомдағанда неден қиналдың?

− Фильмге түсу үшін бір айда он екі келі салмақ тастадым. Әрине, оңайға соққан жоқ. Күніне төрт-бес сағаттап жаттығу залынан шықпайтынмын. Диета ұстадым. Ал оның жүйкеге кері әсер етпей қоймайтынын білесің. Аш қалған сәтіңде түрлі-түсті өмір ақ-қараға айналып кетеді. Айналаңа ашумен қарап, ызаланып жүресің. Бұл өте қиын. Ал түсірілім барысында бұзақы баланың кейпіне енуге қиналдым. Бала кезімде, мектепте оқып жүргенде тентек бала болғаным рас. Алайда уақыт өте келе есейдім, өзгердім. Бір аптадай уақытымды бұзақы баланың рөліне енуге арнадым.

− Ол үшін не істедің?

− Бокспен айналыстым. Өзің де білесің, онда спаринг болады. Қарныңның аштығы одан әрмен ашуландыра түседі. Оны спортпен шығарасың.

− Ең көп дубль жұмсалған эпизод есіңде ме?

− Түсірілімнің үшінші не төртінші күні Қарағандыда шабуыл көрінісін түсірдік. Ақша ұрлап, көлікпен қашу кезінде рөлде өзім отырдым. Сол күні механикалық көліктің не екенін есіме түсірдім.

− Бес жасыңда алғаш рет жұмыртқа қуырып, тағам әзірлепсің. Ал қазір тамақ пісіресің бе?

− Ас үйде эксперимент жасағанды ұнатамын. Ең ұнататын тамағым – пеште піскен тауық еті. Оның өзін түрліше дайындаймын. Өзім көңіл-күйдің адамымын. Тып-тыныш үйде отырған жерімнен киініп, көлікпен серуендеп қайтуым мүмкін. Сол сияқты тамаққа тәбетім ашылса, сол сәтте-ақ дүкеннен азық-түлік әкеліп, дайындауға кірісемін. Оның түк те қиындығы жоқ. Ал бірақ іске келгенде бәрі басқаша. Жұмысқа мен қаруланып, алдын ала дайындалып келуді құп санаймын. Кейде аяқ астынан орындауға тиісті жұмыстар шығып қалады. Оны да бір тәжірибе деп қабылдау керек шығар.

DSC_10.jpg

− Жеті жыл музыкалық мектепте оқыдың. Онда ата-анаң ертіп апарды ма?

− Әке-шешем мемлекеттік қызметте жұмыс істегенімен, екеуі де музыкант. Бірнеше аспапта ойнайды. 1997 жылы біз үйге пианино сатып алдық. Бала емеспін бе? Қызығып, пернелерді басып отыратынмын. Сонда анам менің қабілетімді, музыкаға икемімді байқады. Менің де қызығушылығым оянып, ниетімді білдірдім. Көп ұзамастан ата-анам мені музыкалық мектепке ертіп апарды. Алайда ондағылар жасымның үлкен екендігін, оқуға қабылданған күннің өзінде өзіме ауыр тиетінін айтты. Ол кезде мен бесінші сынып оқушысымын. Бірақ қабілетімді байқаған ұстаздар ойларынан айнып, мені қабылдады.

Шынымды айтсам, тоғызыншы сыныпта қатты қиналдым. Түске дейін жалпы мектепте оқысам, түстен кейін музыкалық мектепке баратынмын. Күндерім осылайша зымырап өтіп жатты. Үйден таңғы жетіде шығып, кешкі тоғызда келетінмін. Келген соң үй тапсырмасын орындау керек. Қайта ол кезде біз жер үйде тұрдық, «шуладың» деп мазалайтын көршілер жоқ. Сабағымды орындап болған соң, түнгі он екі-бірге дейін пианинода ойнап отыратынмын. Осылайша мектепте бос уақытым болған жоқ. Басқаша айтқанда, балалық шағым төртінші сыныптан кейін-ақ аяқталды. Бәрін тастай салғым келетін күндерім де болды. Бірақ басталған істі аяқсыз қалдырмау қасиеті табиғатымда бар. Жалпы мектепті төрт пен беске, ал музыкалық мектепті үздікке аяқтадым.

− Ән айтатын қабілетің бар ма?

− Мектепте хордың құрамында болдым. Қазір караокеде немесе көлікте айтамын.

− Қандай әндерді орындайсың?

− Батырхан Шүкеновтің, «А-студио», «Дос-Мұқасан» топтарын сүйіп тыңдаймын. Достарымызбен караокеге бара қалсақ, барлығы менен Батырдың «Қайран көңіл-ай» әнін орындап беруімді сұрайды. Одан қалса бірлесіп «Джулияны» айтамыз. Болашақта әнші болып кетемін деп айта алмаймын. Оны уақыт көрсетеді.

− Қазіргі уақытта немен айналысып жүрсің?

−Жақында ғана бал айынан келдім. Жаз айларында демалып жүрмін. Уақытымның көп бөлігін отбасыма, жақындарыма, спортқа бөлемін. Түсірілім басталып кеткен соң уақытың тапшы болады. Сол кездерде үй бетін айлап көрмеген кездерім де болды. Бір жолы досымның тойынан қалып қойдым. Бір үйде тұрсақ та, әке-шешемді көрмейтін жағдайға жеттім. Таң атпастан түсірілімге шығып кететінмін де, барлығы ұйықтап жатқан кезде келетінмін. Сол себепті де қазір сәл қолым босай қалса, уақытымды отбасыма арнаймын. Өйткені жұмыс ешқашан бітпейді. Тіпті бос қалған бір минутың болса да, оны жақындарыңа арнаған жөн. Алла қаласа, жақында жаңа жобаларды бастаймыз. Қандай жоба екені әзірге құпия болып қалсын. Актер − үнемі күту режимінде жүретін мамандық иесі: кастингке шақыртуды, одан кейін рөлге бекітуді, бекітілсең, түсірілімнің басталғанын, режиссердің сенімен жұмыс істейтінін күтіп отырасың. Сол сияқты қазір мен жаңа рөл күтіп жүрмін. Бірақ, қол қусырып қарап отырғаным жоқ. Өзімді физикалық және моральдық тұрғыдан болашақ жобаларға дайындап жатырмын.

DSC_7.jpg

− Жақында «Махаббатым жүрегімде» телехикаясының екінші бөлімі түсірілді. Өзіңді алғашқы бөлімнен көрдік. Басты рөлдердің бірін сомдадың. Екінші бөліміне түспеуіңе не себеп болды?

− Бұл туындының екінші бөлімін асыға күттім. Өте қызықты жоба. Мен үшін Баян Есентаева мен Асқар Ұзабаевпен бірге жұмыс істеудің өзі бір мәртебе. Бірінші бөлімде көптеген шоу-бизнес өкілдері ойнады. Алғашқы  түсірілім биылғы жылдың көктеміне жоспарланған болатын. Кейін жазға ауыстырылды. Ал ол кезде менің мойныма артылған жүктің салмағы ауыр еді. Отбасылық жағдайларға әрі басқа жұмысыма байланысты қатыса алмадым. Физикалық тұрғыдан мүмкіншілігім болған жоқ. Жұмысқа жауапкершілікпен, дайындықпен келген жөн. Болашақта жақсы жобалар дүниеге келсе, бұл кісілермен әлі де жолымыз тоғысар деп ойлаймын.

− Сүйікті актерің кім?

− Олар өте көп. Бала кезімде Джеки Чанның, Арнольд Шварценеггердің өнеріне қызығатынмын деп жоғарыда айтып кеттім. Студенттік шақта Аль Пачино, Роберт Де Нироға көңілім ауды. Ал ең сүйікті фильмім − «Крестный отец». Қанша рет қайталап көрсем де, әркез оған басқаша көзқараспен қараймын. Қазіргі сүйікті актерім − Том Хэнкс. Оның сомдайтын рөлдері, образдары көңіліме қонады. Одан кейін екі рет «Оскар» сыйлығын иеленген еуропалық актер − Кристоф Вальц. Мен үшін кино әлеміндегі жаңалық осы кісі. Бірнеше тілде сөйлеп қана қоймай, үнемі өзін әр қырынан көрсетеді.

− Киноға келгенде режиссердің дегенімен жүресің бе, әлде өз шеберлігіңе сүйенесің бе?

− Елу де елу. Өйткені ермексаз (пластилин – Автор.) күйінен актерден образ жасайтын − режиссер. Түсірілім алаңындағы басты адам да сол. Бірақ актер ретінде сен де өз үлесіңді қосасың. Осы күнге дейін актермен дәл Ақан Сатаев сияқты жұмыс істейтін режиссерді көрмедім. Ол кісі қатаң бұйрық беріп, сені өз дегеніне көндіруге тырыспайды. Ұдайы ой-пікіріңді сұрап, өзіңді рөлге бағыттайды. Осылайша бірін-бірі тыңдай білген қос тарап келісімге келіп, шынайы ортақ дүние шығады.

DSC_2.jpg

−  Фильмнің толық нұсқасын қашан көрдің?

− Тұсаукесерге дейін тек үзінділерді ғана көре алдым. Ал тұтас фильмді жұртпен қатар тамашаладым.

− Сол сәтте қандай сезімге бөлендің?

− Өз жұмысымды минус төртке бағаладым. Жақындарым, достарым жылы лебіздерін білдіріп жатты. Ал бірақ көрермендердің пікірі әдеттегідей екіге бөлінген. Мен сынды жақсы қабылдаймын. Сынды тыйдай білу керек. Өйткені біз халық үшін жұмыс істейміз. Көрерменнің пікіріне сүйене отырып, қателіктерімізді түзейміз.

− Есімі елге танылған актер ретінде осы салаға қадам басып келе жатқан жастарға қандай кеңес бересің?

− Талмай-тынбай ізденіп, «ананы білсем, мынаны білсем» деп өнерге ашкөздікпен келу керек. Сонда ғана алға ұмтылып, мақсатыңа жетесің. Бастысы, рухыңды түсірмеу. Әр адам өзінше мықты. Мысалы, толықметражды фильмде басты рөлді сомдау үшін мен 2007 жылдан бастап сегіз жыл уақытымды жұмсадым. Дәл сол жылы «Рэкетирдің» алғашқы бөлімі жарыққа шыққан еді. Бұл Қазақстанда  «Көшпенділерден» кейін серпіліс жасаған туынды болды. Сол кезде біреу келіп: «Осы фильмнің екінші бөліміне түсесің» десе, сенбейтін едім. Өмір деген қызық қой… Бір айтарым дәл осы фильмнен кейін менің кино өнеріне деген қызығушылығым оянып, кастингтерге жүгіре бастағанмын.

− Әлеуметтік желілерді қаншалықты жиі пайдаланасың? Көрермендеріңмен сөйлесесің бе?

− Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысымын деп айта алмаймын. Тек қана Вконтакте және инстаграм желісінде отырамын. Фейсбукте парақшам бар, бірақ онда кірмеймін. Ал көрермендеріме шама-шарқымша жауап беруге тырысамын. Алайда олардың саны тым көп болғандықтан, кейде барлығына бірдей жауап беру мүмкін емес.

− Қандай жерлерде демалғанды ұнатасың?

− Туып-өскен қалам Алматыны айтатын болсам, Көлсайға, Шарынға, Медеуге, Шымбұлаққа, үлкен Алматы көліне барғанды ұнатамын. Алматыға ғашық адамдардың бірі менмін. Табиғатты, тауды жақсы көремін. Ал өзге елдерден Түркия, Дубай, Египет, Үндістан, Бали, ГОА сынды шығыс елдерін қалаймын. Жалпы саяхаттағанды жаным сүйеді. Үйде жеке картам бар. Барған жерлерімді сонда белгілеп тұрамын. Тағы бір қызығушылығым – әр елдің валютасын жинау. Болашақта бүкіл әлемді аралағым келеді.

_RNTJkJ0zXQ.jpg

− «Актерлік – табыс көзі емес, бар болғаны жанды рахатқа бөлейтін мамандық»деп жатады. Осы сөзбен келісесің бе? Айлығың шайлығыңа жете ме?

− Бала кезімде мына бір сөзді оқыған едім: «Жаның қалайтын жұмыспен айналыс, сонда сен ешқашан жұмыс істеген болып есептелмейсің». Қазіргі уақытта мен «Хабар» арнасында тележүргізушімін. Одан бөлек телехикаяларға түсемін. Қазақстанда кино индустриясы енді-енді дамып келеді. Аллаға шүкір, жылына бір рет болсын кинотүсірілімге қатыссам, соның өзін үлкен бақыт санаймын. Түсірілім алаңы, сомдайтын образым, бірге жұмыс істейтін топ мүшелері барлығы мені рахатқа бөлейді. Топтың ішінде өзіңді тұтас дүниенің бір бөлігі сезінесің. Және сол үшін ақша аласың. Әрине, ақша ешкімге де артық етпейді. Табысым көп немесе аз деп те айтпаймын. Қысқасы, айлығым шайлығымнан жетіп артылады.

− Актерлердің көпшілігі жеке кештер, концерттер жүргізіп, қосымша табыс табады. Бұл жағдай сенің өміріңде бар ма?

− Мен ешқашан ондай нәрселерге ұмтылған емеспін. Бірақ бірнеше фильмге түскеннен кейін адамдар өздері хабарласып, ұсыныстарын білдіре бастады. Мен де қызықты жұмыстан бас тартқан жоқпын.

Zg1AOgjPCeA.jpg

− Халқымыздың белді тұлғалары бейнеленген «Макензоның» футболкаларын жиі киетін секілдісің?

− Иә. Халқымызға өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалар бейнеленген киімді кию – мен үшін мәртебе, мақтаныш, зор қуаныш. Өзімде Абылай ханның, Абайдың суреті бар футболкалар бар. Әсіресе, өзге елде жүргенде мен осы киімдерімді тастамаймын және әркез мақтанышпен айтып жүремін.

− «За тебя, Бәке!» жобасына деген көзқарасың қандай?

− Өте сәтті жоба. Бұрын әлеуметтік желілерге жиі кіріп жүргенімде осы топқа жазылғаным да бар.

u8RXH887Zf4.jpg

Сұхбаттасқан: Ай-Керім Самалбекқызы

ztb.kz 

Пікір жазыңыз

Бөлімнің басқа жаңалықтары

12320-6-eluge_kel_p_zhe_atandy_ru

Шахизада Байпатшанова: «Елуге келіп, әже атандым»

15 рет оқылды29.08.2015
kkG2YiAzAas (1)

Жанар Даукеева: «Индира Расылханның бұл әнге еш қатысы жоқ»

43 рет оқылды28.08.2015
kkG2YiAzAas (1)

Индираның әнін кім тартып алды?

68 рет оқылды27.08.2015
Безымянный-2

Жанар Дұғалова мен Кәмшат Жолдыбаева Баян Есентаевадан кеттi ме?

126 рет оқылды26.08.2015
_3LWvBpDHXw

Шахизада әже болды

146 рет оқылды22.08.2015
-18iEzFYhi8

Арман Ашаға сырға салды

182 рет оқылды22.08.2015