Гостиницы в Алматы
2015-07-28 23:50:34 2905 0

13 шілде күні  Белоруссияның Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық фестивалінде бас жүлдені қанжығасына байлап еліміздің атын асқақтатқан Димаш Құдайбергеновтың дауысын сынаушылар аз емес. Қазақ өнерін биікке көтерген жас әншіге шабыт беріп қанаттандырудың орнына ғайбаттағанымыз жөн болмас. «7 ән» бағдарламасында Мейрамбек Беспаевтың «Кінәлама» әнін орындап шыққан кезде қазылар алқасында отырған опера әншісі Майра Мұхаммедқызы «Бір әннің ішінде эстраданы, өзіңнің қоңыр дауысыңды, контральтоны қосып орындап шықтың. Ерік Құрманғалиев қайтадан ортамызға келгендей болды. Мұндай дауыс екінің бірінде бола бермейді. Бұл Құдайдың берген таланты. Өте тамаша» деп бағасын беріп, болашақта бірге дуэт орындайтындарын айтты. 

Бәшіров Нұрбол, филолог, досы:

Эстрадамызда Димаш сияқты 5 октавада айтатын әнші жоқ

— Тыңдарман қауымының ішінде Димаштың дауысын сынап жатқандар бар. Мүмкін бұл музыканы жақсы түсінбейтіндердің орынсыз сыны болар…

– Димаштың дауысының ерекшелігін қазіргі таңдағы қазақ эстрадасындағы құбылыс деуге болады. Оның дауыс мүмкіндігіне жететін талант жоқ. Өнерлі отбасында дүниеге келген, музыканы кішкентайынан құлағына сіңіріп өскен. Осындай азаматтың дауысын қыз дауысты деп сынап-мінеп ғайбат айту дұрыс емес. Неге Майкл Джексонды сынамайды? Оның дауысы да төмен ресгистр ғой. Эстрадамызда Димаш сияқты 5 октаваға жеткізіп айтатын әншілер жоқ. Тіпті 2 октаваға жетпейтін әншілер бар. Димаштың дауысы жайлы музыканың шыңына жеткен, әлемдік опера жұлдызы Майра Мұхаммедқызы өзінің бағасын берді. Бибігүл Ахметқызы да Димаш «Славян базарына» аттанарда оған ақ батасын беріп шығарып салды. Димаштың мемлекеттік концерттерге, Елбасы қатысатын концерттерге шақырылуы өнерінің бағаланғаны, эстетикалық талғамының барлығын көрсетеді.

Кейбір әншілер бір дауыстың өзін әрең ұстап, бір әннен кейін шаршап қалып жатса, Димаш 3 дауысты меңгеріп емін-еркін айтып шығуы қазаққа берілген бақ. Сол бақты қадірлеп, дұрыс бағасын беруіміз керек.

— Мүмкін халықтың құлағы мұндай дауысқа үйренбеген шығар?

— Ия халықтың құлағы үйренбегендіктен дұрыс қабылдай алмай жатыр. Сол үшін ақпарат құралдары халыққа түсіндіріп, насихаттау керек. Талдап түсіндіретін кәсіби музыкалық бағдарламалар болу қажет. Музыка уақыт өткен сайын өзгеріп, күннен күнге дамып отырады емес пе? Сол үшін оянуымыз керек.

Майра Дәулетбақ, ұстазы: 

                                        СЫН-ПІКІРЛЕРДІҢ БОЛҒАНЫ ЖАҚСЫ…

— Майра апай шәкіртіңіз Димаш қандай студент?

— Димаш талантты да дарынды әнші. Кез келген әнді қиналмай орындай алады. Ата-анасы да еңбегі сіңген талантты әншілер. Димашқа өнер қанмен келген деп ойлаймын. Оның таланты Алладан берілген. Сол талантпен шектеліп қалмай көп еңбектену керек, дауыспен жұмыс істеу керек. Міне Димашта бұл қасиет те бар, ол өте еңбекқор. Емтихан, сессияларда берілген тапсырма бойынша ағылшын, француз, итальян, ретро әндердің қай-қайсысын болмасын жақсы орындап, емтиханды жақсы тапсырады.

Байқауда жеңіске жету арқылы өнерімізді халықаралық деңгейге көтерді. Сол елдің журналистері қазақ елінде осындай вокал мектебі бар екен деп өздерінің оң бағасын беріп жатты. Бұл халықаралық байқау болғандықтан жан-жақтан профессорлар да, оқытушылар да келді. Ресей әншісі Витаспен теңегендер де болды, бірақ Витастың бағыты басқа, Димаштың ән айту мәнері, бағыты басқа. «Ел құлағы елу» демекші барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Әсіресе өнер жолында бұл қалыпты құбылыс. Біреулерге ұнамай жатса, екіншілер керемет деп риза болып жатыр. Әркімнің өзінің объективті пікірі болғандықтан, сен неге олай ойлайсың деуге құқымыз жоқ. Өз басым ондай сындарға ренжімеймін. Ең бастысы Димаш өзінің кәсіби деңгейінің жоғары екендігін халықаралық байқауда дәлелдеді. Маңыздысы да осы емес пе? Өнер адамы сынсыз өспейді. Мұндай пікірлердің болғаны керісінше жақсы. Бұл Димаштың ары қарай да еңбек етіп, кәсіби деңгейін жоғарылатып өзін шыңдай түсуіне түрткі болады. Димаш әлі жас болғандықтан мұндай сындарды ақылмен қабылдап, ары қарай өсуіне еңбек ете берсе деймін. Димаш табиғатынан әдемі қоңыр дауысты, төменгі регистрда да, орта регистрда да әдемі айта алады.

Димаш Құдайбергенов, әнші:

Суыма ұйықтататын

дәрі қосыпты

— Димаш жеңісіңіз құтты болсын. Бұл байқауға шақыртуды қайдан алдыңыз және байқаудан не үйрендіңіз?

— Байқаудың Қазақстандағы продюсері Қарлығаш Әбдікәрімова деген апамыздың өзі шақырды. Бұл байқауға жыл сайын іріктеу өтетін, ал мені іріктеусіз өткізіп жіберді. Қарлығаш апайымыз үлкен үміт артып жіберген болатын, сенімін ақтағаныма қуаныштымын.

Психологиялық, моральдық және кәсіби тұрғыдан тәжірибем өсті деп ойлаймын. Себебі тікелей эфирден бүкіл әлем тамашалап отырған байқауда өнер көрсету үшін психологиялық тұрғыдан дайындық мықты болу керек.

— Сіздің дауысыңызды сынап жатқан тыңдармандарыңыздың пікірі ашуыңызға тимеді ме?

— Сын айтылмаса мін түзелмейді ғой. Сол үшін сын айтушыларға шын жүректен рахмет айтқым келеді. Себебі ол кісілердің айтып жатқан сындарының арқасында болашақта өзімнің басқа да жаңа қырларымды ашуға тырысамын. Басқа да мүмкіншіліктерімді ашуға септігін тигізіп жатыр. Әр адамның өнерге деген өз талғамы болады, сол үшін бәріне бірдей ұнай беру мүмкін емес. Өнерімді бағалап жүрген тыңдармандарыма айтатыным тек қана Алланың нұры жаусын!

— Осы байқаудан кейін қарамағына алмақшы болған продюсерлер болды ма?

— Ұсыныс жасаған продюсерлер болды. Бірақ мен продюсермен жұмыс жасағым келмейді. Себебі шығармашылық адамы болғандықтан қандай ән айтқым келетінін, қандай киім кигім келетінін өзім шешкім келеді. Өздерінің ақыл-кеңестерін беріп жатқан ата-анам мен ұстаздарымның арқасында продюсерсіз өнерімді алып жүрмін. Продюсер болмаса да кеңестерін беріп жүрген сол кісілер аман болсын. «Славян базары» байқауынан кейін Ресейдің продюсерлері де ұсыныстарын білдірді, бірақ мен ол кісілерді танымаған соң бас тарттым.

— Байқау барысында қиындықтар болған шығар… Қалай дегенде де байқау болған соң көре алмаушылық дегендер болады.

— Байқау барысында қиындықтар өте көп болды. Бұл әлемдегі атышулы байқаулардың бірі. Ел намысын қорғау үлкен жауапкершілікті жүктегендіктен сәл-пәл қобалжулар болды. Мен барған кезде бірден суық тиіп ауырып қалдым. Үш күн қатарынан гидрокортизон деген препаратпен дауысымды бес сағатқа қалпына келтірді. Бес сағаттан кейін препараттың күші кетіп дауысың одан сайын нашарлап кетеді. Үш күндік байқауымды осылай ауырып жүріп өткіздім. Үшінші күні концертке бір сағат қалғанда мынадай бір оқиға болды. Ішіп жүрген суымды гримеркада тастап 5 минутқа сыртқа шығып кетсем суыма ұйықтататын дәрі қосып қойыпты. Мұны кім жасағанын әлі де білмейміз. Суды ішкеннен кейін басым айнала бастап өз-өзіме келе алмадым. Ұстазым Майра Дәулетбақ басыма, қолыма массаж жасап өзіме келуге көмектесті. Сол кісіге үлкен рахмет айтқым келеді. Тамағым ауырып, басым айналып тұрса да сахнаға шығуға мәжбүр болдым. Аллаға шүкір иманы бар жігіттердің қатарынанмын, сахнаға шығуға 5 минут қалған кезде Фатиха, Ыхлас сүрелерін оқып, бір Аллама сиынып шықтым.

— Байқауға аттанарда жеңемін деген сенім болды ма?

— Ең алдымен Алланың алдында кешірім сұраймын. Себебі бұл байқауға барарда 90 пайыз жеңіске жететініме сенімді болдым. Басқа қатысушылар өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Елдің абыройы менің қолымда болғандықтан қобалжу да болды. Мен өз-өзіме сенімді болмасам ел атынан мұндай байқауға аттанбас едім.

— Өзіңізді қысқаша таныстырып өтіңізші. Өнерлі отбасынан шыққан екенсіз, ата-анаңыз жайында айтсаңыз…

— Ақтөбе қаласының тумасымын, ата-анам ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат пен Света Айтбаевтар. Мен атам мен әжемнің баласымын, сол кісілерді әке, шеше деп өстім. Өз ата-анама аға-апа деймін. Себебі қазақтың салт-дәстүрі бойынша үйдің тұңғышы болғандықтан кішкентай кезімде атам мен әжеме берген болатын. Бес жасымнан бастап әжем Ақтөбе музыкалық колледжіне балалар студиясына алып барған болатын. Сол жерде тәлім-тәрбие алып бітіріп шықтым. 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжіне түсіп ҚР еңбек сіңірген әртісі Марат Олжабайұлы деген тамаша ұлағатты ұстаз, өнердегі әкемнің тәлімін алдым. Одан кейін Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Уиверситетіне түсіп Майра Дәулетбақ деген апайымның тәлім-тәрбиесін алып жатқан жайым бар. Ол кісі де ҚР еңбек сіңірген қайраткері. 2012 жылы үлкен эстрадаға алғашқы қадамымды, «Жас қанат» байқауындағы жеңісімді бастап берді. Одан кейін халықаралық «Шығыс базары» байқауына қатысып онда да бас жүлдені иемдендім. Бір жылдан кейін «Мэйкн Азия» байқауына қатысып тағы да бас жүлде алдым. Өткен жылы мемлекеттік «Дарын» сыйлығын берді.

Сұхбаттасқан: Ақмарал Әбдіқадырова

kazakhstanzaman.kz

Пікір жазу