Гостиницы в Алматы
2014-07-03 11:12:49 2545 0

Біздің халқымызда қыз деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданылады. Өзге халықтар сияқты қазақтың да қыз тәрбиесі жөнінде атам заманнан бергі жиып-терген мол тәжірибесі бар. «Қыздың жиған жүгіндей», «қыз мінезді» деген теңеулер қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін көрсетеді. Халқымызда:

Қыз емес қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер толған айдай жүзі жарқын.

Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білген ізгі салтын, - деген өлең бар. Бұл дәстүрлі қазақ қызының бейнесі айтылған өлең жолдары десек болады. Қазақ қызы қандай болған?

Біздің тарихымызда жауға қарсы шапқан батырдың сенімді серігі болып, махаббатына адал, уәдеге берік, сезімнің шынайылығын сақтай білген аруларымыз өте көп. Мысалы Ақжүністей арудың ел үшін, халық кегі үшін туған Тарғын батырға деген кіршіксіз мөлдір махаббаты, адал, ақ сезімі, сүйіспеншілігі Тарғынның мерт болып, жапанда жалғыз қалып, өмірден түңіліп, өлім сәтін күткен, батыр жаны қиналған кезінде анық көрінеді. Ақжүніс жырда өзінің көз сүріндірер сұлулығымен ғана емес, ақыл-парасатымен де, қайрат жігерімен де көрінген.

«Құдіретті жыр тудырған санамда,

Кім екен бұл, Қызжібек пе, Баян ба?

Әлде ару Қарлыға ма, Құртқа ма,

Әлде гүл ме өсіп тұрған даламда?!

Кім де болса періште ғой ғажайып

Әттең шіркін кетпесе екен азайып...» - деп жырлаған ақынның өлең шумақтары қазақ қызының дәстүрлі бейнесін көз алдымызға келтіргендей. Сонымен бірге, қазағым қызды көктемнің күлімдеген күніне теңеген. Қызды сән мен әсемдіктің нышаны тұтқан. Қыздар пәк махаббаттың иесі деп білген, оған дәлел – кешегі өткен Қыз Жібек, Еңілік, Баян сұлулардың сүйіктілеріне деген махаббаты. Қазақта ақын қыз да, батыр қыз да көп болған.

Қыз бала – болашақ ана. Қайта ата-ананы алсақ та, қызының ертең барған жерінде «балдай татып, судай сіңіп» кетуін, жақсы жар, әдепті келін, аяулы ана болуын армандайды. Қазақта әйелді ана деп, дана деп аялаған. Оған айғақ – қасиетті Домалақ анамыз,  Айша бибі, Қарашаш аналарымыздың елдің анасы атанып, өзгелерге үлгі болып қалғандығы. Қарлыға, Құртқа, Баян, Ұлжан, Зерелердің бүгінгі ұрпағының ақылына көркі, пайымына парасаты сай. Бірі кем дей алмайсың. Өйткені олар – қазақтың қызы!

Пікір жазу