Гостиницы в Алматы
2017-01-01 13:52:47 143 0

Тимур Бекмамбетовтың фильмі жылдың ең сәтсіз картинасы деп танылды

Режиссер Тимур Бекмамбетовтың «Бен-Гур» голливудтық блокбастері The Hollywood Reporter басылымы жариялаған 2016 жылғы ең қымбат сәтсіз фильмдер тізімінде көш бастап тұр.

Талдаушылардың берген бағасы бойынша, «Бен-Гур» фильмінде инвесторлар шамамен 120 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Фильмнің түсіріліміне жұмсалған қаражат – 110 миллион доллар , оған қоса маркетинг шығыны бар. Әлемдік прокатта фильм 94,1 миллион доллар жинаған. Өтелімділігі шығынның 43 пайызын құрады.

Режиссердің өзі РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында «Бен-Гур» фильмінің америкалық прокатта сәтсіздікке ұшырағандығын бүгінгі қоғамда кек идеясы кешірім идеясынан басым екендігімен байланыстырды. «Бұл өз дұшпанын кешіру ойына негізделген голливудтық фильм. Сонысымен ерекше. Десе де бүгінгі күні бұл ойды түсінетіндер мен қабылдайтындар қатары аз», – деп айтты Тимур Бекмамбетов.

Рейтингтің екінші орнына Стивен Спилбергтің «Үлкен әрі мейірімді дәу»  фильмі жайғасты. Оның өтелімділігі 64 пайыз болса, шығыны шамамен 100 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал тізімдегі үшінші орынды Алекс Пройастың «Мысыр құдайлары» фильмі еншіледі. Оның шығыны – 90 миллион АҚШ доллары.

Шығынға ұшыраған 2016 жылғы фильмдер қатарында  Роберт Земекистің Брэд Питт және Марион Котийярмен бірге түсірген «Одақтастар» (шығыны шамамен 80 миллион АҚШ доллары), Пол Фигтің «Елес аулаушылар» (шығыны 70 миллион АҚШ доллары), және Джеймс Бобинның «Алиса айнаның арғы бетінде» (шығыны 70 миллион АҚШ доллары) фильмдері бар.

Пікір жазу