Гостиницы в Алматы
2015-02-18 00:32:49 1807 2

 Талантты актриса Лидия Кәденованың туған күні. Актриса 63 жасқа толды.

 Лидия Кәденова 1952 жылы 17 ақпанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауылында туған. 1974 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін бітірген, театр және кино әртісі. .Ол өнер жолындағы алғашқы білімін 1967 жылы Ақтөбедегі мәдени ағарту училищесінен бастайды. Бұдан кейін Лидия Тажадинқызы Алматыдағы Құрманғазы атындағы конесерваторияның актерлік бөліміне түседі. Сол кезде жас қыздың талантын байқап оқуға қабылдаған Ыдырыс Ноғайбаев пен Рабиға Қаныбаева болатын. 1974 жылдан бері - Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жастар театрында актриса. Сонымен қатар, «Тамаша» әзіл-сықақ театрында ойнаған. 1991 жылы  ҚР Еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Дидар атты ұлы бар.

 Ешқашан рольді үлкен кіші деп бөлмейтін дарын иесі бүгінге дейін 100-деген әйел образын сомдады. Лидия Тажадинқызы жанр талғамайтын әмбебап актриса, Ол "Тамаша" ойын сауық отауында талай сатиралық монологтар оқып, езуге күлкі ұялатса, трагедиялық, психологиялық драмаларды да шынайы тебіреніспен ойнайды. Мұның бір дәлелі драматург Сұлтанәлі Балағабаевтың Лидия Каденоваға арнап жазған "Ең әдемі келіншек" пьесасының 20 жыл саханадан түспей, көрермен қошеметіне бөленуі. Мұнда актриса тағдырдың кермек дәмін татса да ізгілігінен айнымаған қазақ әйелі – Гүлбаршынды кәсіби тереңдікпен, лирикалық иріммен алып шықты.

 Біз де актрисаны бүгінгі туған күнімен құттықтаймыз. Зор денсаулық, ұзақ ғүмыр және шығармашылық табыстар тілейміз! Осы орайда Лидия Кәденова жайлы әріптестері мен ұлының пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Актер Асылбек Боранбаев: Өте шебер, ғажап актриса. Адамды ойландыра, толғандыра біледі. Керек болып жатса көрерменін жылата да, күлдірте де алады. Лидия апамыздың керемет ерекшеліктерінің бірі жанр таңдауында. Сонымен қатар, әзілде жілігін шағып, майын тамызған адамдардың бірі. Ол кісі ешқашан партнер таңдамайды. Кім болса да, сомен бірге өнер көрсетеді. Екеуміз бірнеше жыл сахнада әріптес болдық. Бірде мен күйеуі, ал ол кісі менің әйелім болып ойнады. Сол кезде әзілдеп «бұрын Құдайберген, Тұңғышбайлармен ойнаушы едік, енді балалар менің күйеуім бола бастаған ба?» дейтін. Лидия апайымызбен ойнағанда ерекше сезімде боласың. Жеңіл, бір-бірімізді сүйрей ойнаймыз. Жалпы драмалық, трагедиялық шығармаларды керемет ойнайды.

Дәулет Түменов: Лидия алғаш рет сахнаға шыққанда бәріміз таң қалған болатынбыз. Басында Ақтөбеден шыққан, мінезі тік қыз болып көрінді. Бірақ Лидияның ойнауындағы «Жәмиля» ерекше болатын. Сахнадағы махаббатқа жақындық, ырғақ, поэтикалық тазалық, тал шыбықтай бұралған алғаш рет көргенімде сондай болды. Негізі біз жоғарғы курс студенттеріне онша мән бермейтінбіз. Бірақ Лидия «Жәмиля» рөлінен кейін жарқ ете қалды. Кинода да ойнап, киноактриса ретінде де таныла білді. Сахнада түрлі қыздардың, әйелдердің галереясын жасаған актриса. Бүгінде Лидия театрдағы үлкен аналардың, таланты актрисалардың бірі. Көп актрисаларда бұндай ақылдылық, кемеңгерлік жетіспей жатады. Тағы бір қасиеті керемет әнші. Лидия Каденова қазақ өнерінде, қазақтың рухани дүнесінде өз орны бар өз ролі бар үлкен де сұлу актриса. Өйткені бұл сұлулыққа, бұл тазалыққа, бұл абыройға еңбегімен жеткен еңбеқор жан. Лидияның бергеніне берері көп. Дарынды, үлкен актриса.

ҚР халық артисі Рабиға Қаныбаева: Кіп кішкентай сап сары шашы жалбыраған сары қыз болып Ақтөбеден келіп еді актриса болып шыға келді. Лидияның ойнайтын нәрселері өте көп. Іші толған жалын энергетика бұрқырап шығып тұрады. Ол ешқашан тшаршамайды, өнерді керемет жақсы көретіні көрініп тұрады.

ҚР халық артисі Досхан Жолжақсынов: Лидиямыз қалыптасқан көрермені бар театрда болсын теледидарда болсын эстрада болсын кинода болсын ойып алға орны бар. Кешегі өткен Сабира апайларымыз Бикен, Әмина апайларымыздың қаймағын бұзбай өзінше жаңалықын алып келген ізбасарлары болса ол-Лидия.

Ұлы Дидар Кәден: Анам менімен де, үйге келген достарыммен, бауырларымен де қалжыңдасып сөйлесе береді. Қазіргі «жаргон» дейміз ғой, сол жаргондармен сөйлейді.

Пікірлер

  • Әтіргүл Тәшім
    Лидия Каденованы алғаш рет Алматыға талапкер болып барған кезімде 1989 жылы ТЮЗ-дің қойылымынан көргенмін. "Ең әдемі келіншек" деен драмада басты рөлді сомдап еді. Ол сол кездері әр қойылым сұмдық аншлгпен өтетін спектакль-тын. Режиссері Р.Сейметов. Одан соң "Тамашаның" жұлдыздарныңы бірі болды ғой. Дарынды актриса! Ол кісіге денсаулық, табыс тілеймін!
  • Гүлнұр Досбол
    Менің ойымша материалдың тақырыбы дұрыс емес. Жәй ғана актрисаның туған күні деп беру керек еді. Ал, ол кісінің қандай актриса екеніне халық бағасын беріп қойған деп ойлаймын.

Пікір жазу