Гостиницы в Алматы
2017-01-11 16:51:01 620 0

“Шашыңнан иіскейін” танымал әнінің кімге арналғаны белгілі болды

Бүгінде әнші Еркін Нұржанов орындап жүрген әннің шығу тарихы мен кімге арналғаны белгілі болды.

Әннің сөзін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жетпісінші жылдардың ортасында жазған. Ал өлеңнің кімге арналғанын және шығу тарихын Күлсінбүбі Қыбыраева Caravan.kz тілшісіне өзі айтып берді.

1974 жылы жаз айы болатын. Ол кезде мен 24 жастамын. Жолдасым және Қазақ радиосының дикторы Бақытжан Атагелдиев үшеуіміз көшеде келе жатқанбыз. Жолда Мұқағали атамызбен қарама-қарсы жолығып қалдық. Ол кісінің бір қасиеті біздің жақтың адамдарын бірден танитын. Олар амандасып, жақын жерде фойе бар екен, сонда барып отырды. Мен ер адамдарға араласпайын деп бір талдың көлеңкесінде тұрдым. Бұл кісі бір-екі рет артына қарап қойып отырған. Бір кезде маған қарады да «анау менің жерімнің қызы, менің елімнің топырағының иісі шығып тұр ғой, неғып тұр ана жерде, шақырыңдар», деді. Содан қастарына келіп отырдым. Ол кісі қарап отырып бір-екі сұрақ қойды.

– Қай оқуды бітірдің, деді.

– Шет тілдер институтын бітірдім, дедім.

– О-о, Шет тілдер институтын бітірсең неге шашыңды қимадың, неге боянбадың, деді. Ол кезде қалада қанша жыл оқысам да шашымды қимай қос бұрым етіп өріп қоятынмын. Содан қарап отырды да, бір кезде өзіне қарай тартып, маңдайымнан сүйіп, шашымнан сипады да осы өлеңді оқыды.

Иек артқан теңізге мүйістейін,

Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?

Иіскейін тек қана, тиіспейін,

Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?

Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!

Қос бұрым-ай жотанда бұлғақтаған!

Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,

Жер иісі жұпардан қымбат маған!

Төрт шумақ. Оқып бітіп «осы өлеңді мен саған арнадым, қалқам», деді.

Бір-екі айдан соң «Лениншіл жас» газеті болса керек сол кісінің өлеңдер жинағы жарық көрді. Жолдасым алып жүгіріп келіпті. «Мынаған қара, саған арнаған өлең шығыпты»,-деді. Расында да сол газетке жаряланған өлеңдердің ішінде жүр екен.

Өлеңді алғаш рет ән ретінде Рамазан Стамғазиев домбырамен орындады. Кейін Еркін Нұржанов эстрадаға алып келді. Ал әнге арқау болған Күлсінбүбі Қыбыраева қазір Алматы қаласында тұрады. Балалы-шағалы. Сан жылдар Әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған гимназияда мамандығы бойынша ұстаздық еткен. Бүгінде құрметті зейнетке шыққан.

Пікір жазу