Ауыр атлетикамен қатар жеңіл атлетикада да допинг мәселесі көп қозғалатын болды. Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығы осы уақытқа дейінгі нәтижелерді жою мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады ресейлік "Спорт-Экспресс" басылымы.
Қазан айында өткен Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының жиынында 2017 жылдың бірінші қаңтарынан бастап бұл спорт түрінің "жаңа дәуірі" басталады делінген.
Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда жеңіл атлетиканың бірнеше әлемдік деңгейдегі жұлдызы рекордтарынан айырылуы мүмкін. Бүгінгі күнге дейін 8 әлемдік рекорд тіркеген ямайкалық Усейн Болт та аталған тізімнің қатарында бар. Ол 2017 жылы спорттан кететінін мәлімдеген. Сырықпен секіруден 28 әлемдік рекорд орнатқан екі дүркін олимпиада чемпионы Елена Исинбаеваның да нәтижелері жойылуы мүмкін. Ресейлік спортшы үлкен спортпен 2016 жылы қоштасты.
