Гостиницы в Алматы
2015-05-21 00:14:15 1039 0

Таң қылау бергеннен қазақстандықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, сергіту, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру мақсатында эфирге шығатын бағдарламалар саны көп. Солардың арасында жаңа форматының ауқымы кең аудиторияға арналғаны «Хабар» арнасындағы «Жаңа күн» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасы. Көпшілікті қызықтырар сұрақ «Бағдарлама  қалай түсіріледі?»  Оқырмандарымыз үшін арнайы түсірілім алаңында барып, хабардың қалай жасалатынына куә болдық.

«Күнді қалай бастасаң, солай өтеді» деген сөзді ұран етіп алған хабар ұжымы көзі қарақты көрерменге жалықтырмайтын жаңалықтар, әсем әуен, әзілдер, тіпті ас мәзірлерін дайындау тәсілдерін  өзіндік  жанрлар мен айдарлар түрінде жеткізеді.

«Жаңа күн» дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 8:00-ден 10:00-ге дейін эфирге шығады. Екі сағат бойы он беске жуық айдар қамтылып, он жұптан құралған жиырма жүргізуші бағдарламаны қазақ және орыс тілдерінде тізгіндейді. «Жаңа күннің» жетістігі: қазақша бөлікте ұлттық құндылықтарға қатысты айдарлар (қолөнер, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар) көбейді.

Бағдарламаның тарихы тереңде. «Хабар» арнасы қалыптасқалы бері таңертеңгілік бағдарлама көрерменге жол тартты. Ал, Серік Акишев бастаған ұжымның «Жаңа күні» жаңа форматта алғаш рет эфирге 2014 жылдың наурызынан бастап шықты. Жүргізушілер қатары елге танылған өнер иелерімен (актер, әнші, тележүргізушілер) толықты. Бұл да таңғы бағдарламаның бір жетістігі.

«Жаңа күн» көрермендерімен эфирден бөлек әлеуметтік желілер арқылы жақсы қарым-қатынаста. Ұжым халықтың тарапынан айтылған сын-ескертпе, талап-тілектердің барлығын назарларынан тыс қалдырмайды. Алдағы уақытта көк жәшіктің ішіндегілер өз аудиториясын жаңа жетістіктерімен, жаңалықтарымен қуантпақ. Нақтырақ айтсақ, ғаламтор арқылы байқаулар ұйымдастырып, жеңімпазға «Жаңа күннің» түсіріліміне қатысуға мүмкіндік бермек. Алайда, бұл алдағы жоспар.

Күніңіздің позитивті басталып, сіз естімеген қызықты ақпараттан құлағдар болып, әуезді ән мен бүкпесіз сұхбат тыңдағыларыңыз келсе әр таңда «Хабар» арнасын қосуды ұмытпаңыздар.

Пікір жазу