Дарынды актер Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева 60 жаста. Сахна өнерінде табанды еңбек еткен қос артистің өнердегі өмір жолына биыл 40 жыл толады екен. Осыған орай, Ғ.Мүсірепов театрында 12 желтоқсан күні салтанатты кеш өтеді.
Сағат Жылгелдиев
Жылгелдиев Сағат «Сыр елі – жыр елі» атанып, кешегі Тұрмағанбет, Базар жырау, Әбубәкір Кердері, Кете Жүсіптей жыр сүлейлері өткен көне де киелі мекен – Қызылорда топырағының Жалағаш ауданы, Аққыр кеңшарында 1954 жылдың 12 желтоқсанында дүниеге келген.
1970 жылы орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық театр жанындағы екі жылдық студияға қабылданып, оны тәмамдайды да, 1972-1973 жылдар аралығында туған ауылына барып еңбекке араласады.
1974 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консервато-рияның актерлар дайындайтын бөлімін КСРО-ның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор – Хадиша Бөкеева мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Әшірбек Төребайұлы Сығайдың шеберлік класынан бітіріп, 1977 – 1997 жылдар аралығында Талдықорған облыстық драма театрында жиырма жыл бойы табан аудармай сахнагерлік қызметін атқарды.
Ол осынау өнер жолында көптеген қиын да күрделі образдар сомдады. М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» – Сырым, «Абайындағы» – Айдар, «Хан Кенесіндегі» – Нысанбай (1978 ж.), Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы – Ақан (1979 ж.), Б.Майлиннің «Шұғасындағы» – Әбіш (1980 ж.), Қ.Ысқақтың «Таңғы жаңғырығындағы» – Бақтығұл (1982 ж.), А.Бектің «Волоколам тас жолындағы» – Бауыржан Момышұлы (1985 ж.), Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» халықтық драмасында – Т.Рысқұлов (1988 ж.), Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» – Данияр, Т.Қалилахановтың «Ақын сарасындағы» – Біржан сал (1990 ж.), В.Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Петручио (1991 ж.) І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбетінде» – Махамбет (1995 ж.), т. б. образдар.
С. Жылгелдиев 1997 жылдан бастап, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп келеді. Оның театрымызға келген алғашқы жылдары сахналанған қойылымдарда ойнаған рөлдері: О.Дастановтың «Әзірет Сұлтанында» – Қожа Ахмет бейнесі (1998 ж. ), С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» лирикалық мұңындағы – Абдолла, С.Жүнісовтің «Тұрымтайдай ұл еді…» тарихи драмасында – Оразқұл, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясында – Шеге, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Қарабай образдары болды.
Сағат Жылгелдиевтің соңғы жылдар көлемінде сахналанған театр қойылымдарында ойнаған рөлдеріне тоқталар болсақ, Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» екі бөлімді драмасында – Аманжолов, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Қоңқай, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Қарабай, Т.Теменовтің «Шығыс сазы» музыкалық хикаясындағы – Ертегіші, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» махаббат-намасында – Естай, т.б. бейнелер.
С. Жылгелдиевке шығармашылық еңбегінің жемісі ретінде, 1978 жылы Қаз. ССР Мәдениет министрлігі, Қазақстан ЛКЖО-ОК-ті, Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағы бірігіп белгілеген ІІІ дәрежелі дипломы төсбелгісімен қоса берілді. 1985 жылы Қаз. ССР мемлекеттік комитеті тағайындаған «Телевидение мен радиохабарлар» жүйесі бойынша «Айтыс» жарысының жеңімпазы болғаны үшін, И.Байзақов атындағы құрметті диплом мен төсбелгісі табыс етілді.
Сол еңбектері бағаланып, С.Жылгелдиев Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» құрметті атағына, 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Сағат Жылгелдиев театрдағы актерлік өнерімен қатар, соңғы кездері бірнеше фильмдерге де түсіп, телекөрермендер көзайымына бөленіп үлгерді. 2012 жылы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының жобасы аясында түсірілген «Әке серті» телехикаясындағы Әке бейнесі – Досымбек және 2014 жылы телекөрермендерге ұсынылған «Сырғалым» атты киносериалындағы Ұлықбек образы – актер Сағат Жылгелдиев сомдаған өте тың, ерекше образ ретінде, көрермендер жүрегіне жол таба білді.
Бүгінде ол, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында шығармашылығын одан әрі шыңдап, өнер мен өмірде түйген-білгенін ұжымдағы соңынан ерген талантты жастарға айтып-үйретіп, аға буын белді де беделді артистеріміз қатарында жемісті еңбек етуде.
Осы орайда, М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде – Сырым, Ш.Айтма-товтың «Жәмилә» драмасында – Данияр, Т.Қалилахановтың «Ақын Сарасында» – Біржан секілді рөлдерімен қазақ театр тарихының «Алтын қорына» кірген өнер шебері – Сағат Жылгелдиев міне, асқаралы 60 жасқа, театр сахнасындағы шығармашылық еңбегіне 40 жыл толып отыр.
Ғұмыр бойы таза, адал да пәк ғашықтық сезімдерін аялай білген қос мұңлық – Естай мен Қорлан жайындағы «Естайдың Қорланы» (авт. Иран-Ғайып, реж. М.Ахманов) махаббат-намасы Өмір мен Өнерде 40 жыл бойы қатар самғап келе жатқан жарасымды жұп, ҚР-ның еңбек сіңірген артистері: Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жасқа толу мерейтойларына орай (18.06.2014 ж.) сахналанған.
Жібек Лебаева
Лебаева Жібек 1953 жылдың 5 тамызында «Жер жәннаты – Жетісу» өлкесінің Қарасай, Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі сынды ақындар мен батырлардың ауылында, яғни, Алматы облысының Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында дүниеге келген.
Жібек Лебаева 1970 – 1975 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын актерлік мамандық бойынша, КСРО-ның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ш.Жандарбекованың шеберлік курсынан бітіріп шыққан. Ол актерлік кәсіби мамандық алысымен сол жылы-ақ, Талдықорған облыстық драма театрына қабылданып, аталған театр сахнасында көптеген рөлдер сомдап, 1997 жылға дейін жемісті еңбек еткен.
Ж. Лебаеваның аталған театрда жиырма жылдан астам уақытта сахналаған елеулі рөлдеріне тоқталар болсақ, олар: Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Баян, Ш.Айтматовтың «Арманым – Әселімінде» – Қадиша, «Жәмилә» драмасында – Жәмилә, М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясында – Қарагөз, «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, Н.Чеховтың «Дядя Ваня» спектаклінде – Елена Андреевна, М.Әуезовтің «Абайында» – Ажар, Б.Майлиннің «Шұға» қойылымында – Шұға, С.Жүнісовтің «Қысыл-ғаннан қыз болдық» комедиясында – Айгүл, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Ақтоқты, «Ұлпан» қойылымында – Ұлпан, Д.Исабековтің «Әпке» драмасында – әпке, В.Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Катарина, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» трагедиясында – Бұғы-Ана, Бекей, тағы да басқа 40-қа тарта қазақ театр тарихының алтын қорына енген ең атаулы, сүбелі-сүбелі басты рөлдерді сомдаған. Осы кезеңдерде ол аталған түрлі жанрлы спектакльдердегі сан-қилы мінез-құлықтағы кейіпкерлер бейнесіне сахна төрінде жан бітіріп, өзінің шынайы талант иесі екендігіне көрерменнің көзін жеткізіп, сыншылар тарапының жоғары бағасын алып, өнерсүйер қауымның көңілінен жылы орын таба білді.
Ж.Лебаеваның бұл шығармашылық кезеңі шынында да, жастық жалынын аямай бойдағы артистік талантын паш етіп көрсеткен нағыз жарқын шақ болғаны анық. Оның сол жылдардағы атаулы еңбегі, яғни, көрермен көпті тәнті етіп, ел есінде қалар образдары ескеріліп, 1991 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» құрметті атағы берілді.
Жібек Лебаева 1997 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына ауысып келгеннен күні бүгінге дейін осы театрда үзбей қызмет етіп, сахна төрінде өзінің өресі жоғары, шоқтығы биік етіп көрсете алған рөлдері арқылы жұртшылық ілтипатына бөленіп келеді. Оның бұл театрда ойнаған: Д.Исабековтің «Ескерткіш «операциясы» комедиясындағы – Әштеннің әйелі, Б.Жәкиевтің «Әке тағдыры» драмасындағы – Бурыл, С.Асылбекұлының «Желтоқсан желі» спектакліндегі – Талшын, И.Вовнянконың «Стриптизердің өлімі» қылмыстық хроникасындағы – Прокурор, Т.Ахметжанның «Екі жүрек» драмасындағы – З.Зулхановна, М.Ахмановтың «Наурыз думан» музыкалы-танымдық ертегісінде – Әже, М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз…» трагедиясында – Мөржан, Б.Мұқайдың «Шындық детекторы» трагикомедиясындағы – Нұрия, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» спектакліндегі – Қорлан, т.б. бейнелері оның ерекше атауға тұратын өзіндік орны бар, шығармашылық жолындағы асулы үлкен жетістігі боп саналады. Әсіресе, өнер иесінің театрымыздың биыл сахналанған жаңа қойылымы «Естайдың Қорланы» махаббат-намасындағы Қорлан бейнесін баса атап өткеніміз жөн. Аталған қойылым – Өнер мен Өмірде 40 жыл жұп жазбай келе жатқан ерлі-зайыптылар, ҚР-ның еңбек сіңірген артистері – Жібек Лебаева мен Сағат Жылгелдиевтің 60 жылдық мерейтойларына арнап сахналанып, көрермен көзі мен сыншылар сөзінің жылы лебі мен лебізін сезініп үлгерген туынды.
Жібек Лебаева ойнаған әрбір рөл өзіндік ерекшелігімен, қайталанбас иірімдерімен, шынайылығымен құнды. Оның сахнада сомдаған ірі образдары көрермен жүрегінен өшпес орын алған, ал, театр өнеріне сіңірген ұзақ жылғы еңбегі орасан екені айқын.
М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде – Сырым, Қарагөз; Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасында – Данияр, Жәмилә; Т.Қалилаханов-тың «Ақын Сарасында» – Біржан секілді рөлдерімен қазақ театр тарихының «Алтын қорына» енген өнер шеберлерінің 60 жасқа, шығармашылық өнеріне 40 жыл толуына арналған мерейтойлары құтты болсын! Қазақ театр өнерінің мерейін асырып, мәртебесінің асқақтауына атсалысып, театрдағы әріптестеріңіздің ортасында жас ізбасарларыңызға ағалық-аналық шуақтарыңызды төгіп, балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, ұзақ та бақ-берекелі ғұмыр кешіңіздер!
Ағзия КӨЛБАЕВА,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі,
ҚР Мәдениет қайраткері

Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS