Театр деген не?
Театр – бұл театр, оны кім білмейді деуіңіз мүмкін. Бәлкім, Сіз: «театр – бұл өнер, немесе театр – бұл өмір» деген сияқты пәлсапалық жауаптар да айтып қалуыңыз мүмкін. Әрине, театр – өнер атаулыны біріктіретін, саз бен сөзді, ән мен үнді жинақтап, халықты бір күлдіріп, бір жылататын ұлы өнер екені даусыз. Бірақ біз бүгін өз оқырмандарымызға театрдың спецификалық архитектуралық құрылымы жөнінде сөз қозғамақпыз.
«Киім ілгіштен басталатын театрдың» бүге-шүгесі көп-ақ. Онда киім ілгіштен басқа көрермен көп назар аудармаса да театрдың жалпы бейнесін қалыптастыруға атсалысатын майда-шүйде жетерлік. Шымылдық, сахна, көрермен залы – мұның барлығы біз бас қатыра бермейтін, бірақ маңызы сахнадағы қойылымнан мүлдем кем емес дүниелер. Бұлардың эстетикалық мәнінен бөлек, таза функционалды рөлі де бар екенін ұмытпағанымыз ләзім.
Сахна
Бұл негізгі театр қойылымы өтетін орын. Ежелгі театрларда сахна қызметін шатер атқарған, онда актерлер қойылым қоюға дайындалған. Кейіннен сахнатеатр антуражының қызметін де атқаратын болды, онда декорация ғана емес, сонымен бірге қойылымдарда қолданылатын механизмдер де орналасатын болған. Заманалы театрларда жәшік-сахна деп аталатын, үш жағынан көрермен орындықтарымен қоршалған сахна қолданылып жүр. «Жәшік» ішіндегі кеңістік сахна ацнасы деп аталады. Жалпы сахналық алаңның өзі үшке бөлінеді: авансахна, сахна, арьерсахна (алдыңғы, негізгі және артқы бөлік). Арьерсахна декорацияны сақтау, сахналық механизмдерді, жарықтандыру элементтерін орналастыру мақсатында қолданылады.
Театр шымылдығы
Бұл сахна мен көрермен залын бөлір тұратын сахна «киімінің» бір элементі. Ереже бойынша шымылдық қойылым басталарда ашылып, антракт кезінде немесе соңында қайта жабылады. Тарихи және опера театрларында негізгі шымылдық театр эмблемасымен безендіріледі. Театр шымылдықтарының түр-түрі болатынын біреу білсе, біреу білмейтіні рас. Олар түр-түсі, фактурасы, қозғалыс сипаты мен сахнаны ашу тәсіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді.
Антрактілі-қозғалмалы шымылдық
Оның тағы бір атауы грек шымылдығы. Көп жағдайда драма театрларында қолданылады. Екі бөліктен тұратын бұл шымылдық синхронды түрде сахна ортасынан екі жаққа қарай қозғалады.
Көтермелі-ысырмалы шымылдық
Оның тағы екінші бір атауы «гильотин шымылдығы» немесе «неміс шымылдығы». Көбінесе музыкалық театрларда қолданылады, себебі ол сахнаны толықтай ашады. Мұндай шымылдықты қою үшін сахнаның төбесі өте биік болуы керек.
Италия шымылдығы
Ол «император шымылдығы» немесе «сваг-шымылдық» атауларымен белгілі. Бұдан басқа театртануда австрия шымылдығы, венециан шымылдығы, Рим шымылдығы, француз шымылдығы, Брехт шымылдығы, Вагнер шымылдығы, Кабуки шымылдығы, Полишинель шымылдығы, өтпелі шымылдық, жиналмалы шымылдық, өртке қарсы шымылдық деп аталатын бірнеше шымылдық түрлері бар.
Көрермен залы
Көрермен залы негізінде сатылай орналасқан үш қабатты болып келеді. Ол сонымен бірге бірнеше бөліктерден тұрады.
Партер — көрермен залының бұқараға арналған орындары бар төменгі қабаты. Сахна мен партерді оркестр шұңқыры бөліп тұрады. Тарихтан білетініміз, бұл қабатқа ежелде төменгі сословиенің өкілдері жайғасатын болған. Ал бүгінгі күні керісінше, партердегі орындарға жайғасу дұрыс саналады.
Амфитеатр — қабат-қабат болып орналасатын көрермен залының негізгі бөлігі.
Балкон – сахнаның қарама-қарсысындағы вертикалды қабаттарда орналасатын көрерменге арналған орындар.
Театр архитектурасының құрылымы біз ойлағандай қарапайым емес, ондағы әрбір элементтің өз атқаратын қызметі бар және бұлардың барлығының діттеген бір ғана мақсаты бар, ол – көрерменнің жайлылығын қамтамасыз ету.
Teatrlife.kz

Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS