Шоу-бизнес

Бауыржан Исаев: Жұрт мені әлі күнге дейін «Аяулыммен» таниды

Қоңыр дауысымен, салмақты әндерімен көпшіліктің көңілін 90-шы жылдарда-ақ жаулап үлгерген, елімізге белгілі әнші Бауыржан Исаев жайлы естімегелі де көрмегелі де көп болды. Сүйікті тыңдарманы ретінде менің де халықтың да көкейінде жүрген сұрақтармен Бауыржан ағамызбен сұхбаттасудың жөні келді. 

– Белгілі әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Бауыржан Исаев есімі аталса, ойға бірден «Аяулым» әні оралады. Төлеген Мұхамеджанов пен Шөмішбай Сариевтің туындысы сіздің жұлдызыңызды жарқырата білді ме әлде сіз сол әнді таныта білдіңіз бе? Қайсысы дұрысырақ? 

 – Тек Алланың қалауымен болып жатқан дүние. Алланың бағы деп білемін. «Аяулым» әні мені тапты ма, әлде мен оны таптым ба?! Менің ойымша екеуміз бір-бірімізді тапқан секілдіміз. Өнердегі қадамымда бағымды ашқан сол ән. Жасыратыны жоқ, жұрт мені әлі күнге дейін Бауыржан Исаев десе “Аяулым” дейді, “Аяулым” десе Бауыржан Исаев дейді. Әлі күнге дейін халықтың көңілінде, халықтың құлағында сүйіп тыңдайтын әні. Ол әнге биыл 17 жыл болды. Кейбір кездері концерттік бағдарламалар болсын, кішігірім отырыстар болсын сол әнді айтпасам халық жібермейді.

received_636968276425166

 Бір кездері ерекше дауысымен талайдың таңдайын қақтырған Бауыржан Исаев неге көрінбей кетті? Кез келген қазақ әндерінің тыңдармандарының көкейінде жүрген осы сұраққа не дейсіз?

– Иә, соңғы жылдары сахнадан көрінбей кеткенім рас. Осы уақыт аралығын кәсіби біліктілігімді жетілдіруге бағыттадым. Яғни, Шымкенттегі саз колледжінде төрт жыл, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда төрт жыл оқып, аспирантураға түстім. Одан соң, тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерде болдым. Бүгінде Астанаға қоныс аудардым. Елордада мәдени іс-шараларға қатысып, шеберлігіңді шыңдауға барлық мүмкіндік бар. Бүгінде өнерімді өрге өрлету үшін күш салып жатырмын.

 - Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Ең басты жаңалығымыз 3 ән жинағын жазуға кірістік. Осы келе жатқан жаңа жарты жылдықта жаңа альбомның тұсауы кесіледі. Жаңа бағдарламамен елордамыз Астанада есеп беру концертімді өткізу ойым бар. Былтыр Алматыда ең алғашқы есеп беру концертімді өткіздім. «Ата-анама арнау» атты ата-анама арналған және халықтың алдындағы 17 жылдан бергі шығармашылығыма есеп беру кешін өткізген болатынмын. Биылғы жылы елордамыз Астанада жаңа бағдарламамен өткізгім келеді. Жаңа бағдарламамен және жаңа шығармамен халықтың көңілінен шығамыз деген ойдамын. Меніңше, 15 шақты жаңа әуен орындалады. Әлі нақты күні белгіленген жоқ, альбом біткен соң тұсауы кесіліп содан соң белгі болады. Біз деп жатқан себебім менің шығармашылығымның жанашырлары аз емес. Мен ағаларыммен міндетті түрде ақылдасамын. Ол Арман Дүйсенов, Асқар Дүйсенбі, Мақсат Айтжанов, Марат Маликов сынды халыққа танымал кісілермен кеңесіп ақылдасып шығармашылығымдағы әр қадамды сол кісілердің ақыл кеңестерін ойға ала отырып жұмыс істеймін.

 – Жалпы жеке қоржыныңызда неше ән және бейнебаян бар?

- Үш-ақ бейнебаяным бар. Кез келген уақытта бейнебаян түсіре беретін әнші емеспін. Саны бар, сапасы жоқ бейнебаяндардың болғанын қаламаймын. Оның үстіне бейнебаян түсіру біраз қаражатты қажет етеді. Бұрын бейнебаянды көретін, неге десеңіз халық теледидар тамашалайтын. Ал қазіргі күнде әлеуметтік желі бар, мүмкіншіліктер көбейді. Әлеуметтік желілер арқылы бейнебаянсыз-ақ танымал болып жатқандар жеткілікті.

Ал, бүгінгі күнде әндерімді санайтын болсам, мен негізі бірнеше бағытта ән айтатыным бар: халық әндері, тойдың әндері, көбінесе лирикалық әндер мен классикалық әндер менің репертуарымда. Сол әндердің бәрін қосатын болсақ шамамен 50-ге тақап қалады.

19 (1)

 – Ел мойындаған әншісіз осы тұрғыда шәкірт тәрбиелеп не болмаса қазіргі тілмен айтқанда продюссер болу жағынан қалайсыз?

– Негізі менің продюссер болатын ойым бар. Бірақ ондай жұмыс атқаруға менің уақытым келе бермейді-ау деп ойлаймын. Негізі продюссерлікпен айналысу бизнес болып саналады. Біздің әріптестер көбіне қателеседі. Олар ұйымдастырушының жұмысын атқарып жүріп, мен продюссермін дейді. Біздің елде продюссер санаулы-ақ. Солардың қатарында Баян Есентаева, Қыдырәлі Болманов, Ерик Тастамбековті айтуға болады. Жаңа идея ойлап табады да соны халыққа шығарады. Өзінің қаражатын салады, сол жобадан ақша табады.​​Ал, шәкірттік пен ұстаздыққа келетін болсақ, ұстаз болып жүргеніме алты жыл болды. Алматыда тұрып жүргенімде 5 жылдай Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер акедемиясында жұмыс істедім. Одан бөлек Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде қызмет жасадым. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде эстрада, вокал мамандығы бойынша дәріс беріп келемін. Шәкірттерім көп деп айта алмаймын. Бірақ өте талантты. Атап айтсақ, «Меломен» тобы, сонымен қатар басқа да республикалық халықаралық жетістіктерге жетіп жатқан шәкірттерім бар, олар туралы әлі де болашақта еститін боласыздар.

– Өнеріңіздің еңбегін айқын көрсететін қандай жетістіктеріңіз бар?

– «Азия даусындағы» бас жүлде – ол ең үлкен жетістік деп ойлаймын. Одан бөлек классикалық байқауда халықаралық «Орыс романстарының орындаушылары» байқауында лауреат атандым. Шанхай қаласындағы Азия елдеріндегі жас әншілер байқауында дипломат болдым. Киев қаласында өткен «Славянский базар», одан бөлек 1996 жылы Түркияда өткен «Памуккале» атты байқауға қатыстым. Ал, атақ-даңққа келсем, бір ғана атағым бар. Ол “Тарлан” сыйлығының лауреаты деген. Басқа атақ жоқ, егер маған бермесе, демек менің әлі еңбегім сіңбеген деген сөз.

 – Жеке өміріңіз жайлы толығырақ айта кетсеңіз?

– Туған жерім – Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы. Өзім Кіші жүз ішіндегі Тама руынан боламын. Үйде 3 ағайындымыз. Әпкем, ағам және үйдің кенжесі мен боламын. Әке шешем бауырларым барлығы ауылда. Өзім Астанада тұрамын. Ал, өз отбасыма келер болсақ, Алланың берген 2 қызы бар. Үлкен қызым биыл 1 сыныпқа барды. Кенже қызым 3 жаста. Ал, келіншегім Қостанай өңірінің қызы.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Cұхбаттасқан Гүлжәмилә СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазыңыз
Шоу-бизнес
824 рет оқылды

Бөлімнің басқа жаңалықтары

CYMERA_20150202_191520

Алтынбек Рахметов: «Мұндай дауыс қазақ эстрадасында болмаған!»

422 рет оқылды02.02.2015
oiNsiFoGNFc

«Сарын» тобына не болды?

1 321 рет оқылды01.02.2015
10955925_638934372895223_89247104_n

Ақылбек Жеменей тағы да бір әншіні жетекшілігіне алды

724 рет оқылды31.01.2015
photo_13321

«Қазақфильм» киностудиясына жаңа басшы тағайындалды

613 рет оқылды30.01.2015
10947510_780699428673476_1123149240_n

Алматыда Павлодарлық өнерпаздардың «Қазақ елі» концерті өтеді

273 рет оқылды29.01.2015
10958735_637901902998470_1284487326_n

Қайрат Нұртас Дәулет Болатовқа продюсер болды

2 296 рет оқылды29.01.2015