Жаңалықтар

Арман Шораев: «Қазақ күресі жыл өткен сайын жаңғыра береді»

Арман ШОРАЕВ, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы:

Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен V  рет дүбірлеп өткен «Қазақстан Барысы» турнирінде топжарған толағайлар  жарыстан соң да құрмет пен қошеметке кенеліп жатыр.
Жеңімпаз Мәдениет және спорт министрінің қолынан Елбасының алғысы мен Құрмет белгісін алып, облыс әкімі сыйлаған темір тұлпарды тізгіндесе, жүлдегерлерді спорт басқармалары«жарылқау» үстінде. Ал «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы, жоба авторы  Арман Шораевтың арқаны кеңге салатын уақыты жоқ. Ол қазан айының 9 жұлдызында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай  Тараз қаласында өтетін «Eуразия Барысы» турнирінің шаруасына кірісіп кетті.

– «Қазақстан Барысының» кезекті турнирі аяқталғаннан кейін бірден Тараз қаласын бетке алдым. Ол жақта «Eуразия Барысы» тур­нирін ұйымдастыру мен өткізуге қатысты мәселелерді пысықтадық. Алдағы жарыста түр­кітілдес мемлекеттердің ең мықты деген балуандары 7 салмақ дәрежесінде өнер көр­сетеді. Бұл жолы жеңіл салмақтағы балуандар да бақ сынайды.

Әр салмаққа 3 балуан ірік­телініп алы­нады. Турнир әдеттегідей ко­ман­далық жарыс түрінде өтеді.
«Еуразия Барысына» Қазақстанның аты­нан қатысатын балуандарды іріктеу өткен айдың басында Аягөз қаласында қазақ кү­ресінен ұйымдастырылған ел чемпио­на­ты­нан басталды. Қазір мамандар құрама ко­ман­даны жасақтау ісімен айналысып жатыр.
Жанкүйерлер жақсы біледі, 2013 жылы тұң­ғыш рет ұйымдастырылған «Еуразия Ба­рысы» халықаралық турнирінің финалында біз­дің балуандар Моңғолия құрамасын же­ңіп, алаштың абыройын асқақтатты. Ал 2014 жылы Балуан Шолақтың 150 жылдығына ар­налып өткізілген жарыста дәл осы қар­сы­ласқа жол беріп қойды. Биыл біздің жігіттер есе қайтарамыз деп отыр. Біз тілектеспіз, нә­тижені кілем көрсетеді.

Президенттің батасын алған жоба
– «Қазақстан Барысы» турнирін ой қаза­ны­мызда қайнатып жүрген кезде Елбасының ал­дынан өтіп, мақсатымызды баяндадық. Бұған қоса, алғашқы жарысты «Астана Аре­на» стадионында өткізуге ниеттеніп отыр­ға­ны­мызды жеткіздік. Президент «Қазақстан Ба­рысы» турниріне батасын беріп, оны жал­пыұлттық жобаға айналдыру тапсыр­ма­сын жүктеді. Сонымен қатар «көрермендерді ой­лаңдар, стадион футбол тамашалауға ар­налып салынған. Оның дәл ортасында қос балуан күресіп жатса, жоғарыда отырған адам­дар оларды қалай көреді?» деп сұрады. Біз Елбасының ескертуі мен ұсынысынан кейін қаперімізден тыс қалған мәселеге на­зар аударып, тұңғыш турнирді «Дәулет» ұлт­тық теннис орталығында өткіздік. Бұл ор­талықтың көрермен қабылдау мүмкіндігі шек­теулі болды. Сондықтан одан кейінгі жа­рыстар «Сарыарқа» республикалық ве­лотрегінде ұйымдастырылып келеді.
Бүгінде «Қазақстан Барысы» турнирі бұ­­қаралық сипатқа ие болып отыр. Соңғы 4 жыл­да қазақ күресімен шұғылданатын аза­маттардың саны 30 мыңнан 120 мыңға жетті. Те­леаудитория Қазақстанда 6 миллионға же­тіп, әлем бойынша жарты миллиардтан асты. Ал бесінші турнирге әлемнің 126 елі куә болды.
Осы тұрғыдан алғанның өзінде біз Пре­зиденттің тапсырмасын тиісінше орындадық және «Қазақстан Барысын» шын мәнісінде, жалпыұлттық жобаға айналдырдық деп ой­лаймын.

Хаттамада қарастырылмаған
– Турнир өз тарихында тұңғыш рет Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Жарысқа арнайы келген Елбасы бал­уан­дардың өнерін ерекше ықыласпен сүй­сі­ніп отырып тамашалады.
Президент кезінде өзінің де күреспен ай­налысқанын есіне алды. Ал жартылай фи­налдың соңғы секундында қарсыласынан жеңіс­ті жұлып алып, ақтық сынға алғаш бо­лып шыққан Руслан Әбдіразақовқа риза бол­ғаны соншалық, оны өзіне шақырып алып, қолын қысып құттықтады. Дәл мұндай сәт хаттамада қарастырылмаған болатын.

Ел есінде ерекшелігімен сақталады
– Бесінші турнир екі дүркін «Қазақстан Ба­­рысын» анықтап бергендігімен ере­к­ше­лен­ді. Атап көрсетерлік тағы бір жайт, осы жо­лы соқыр жеребе тартылып, бір облыстың 2 балуаны іріктеу кезеңінде кездесті. Бұған дейін ең мықты немесе бір өңірден келген бал­уандар алғашқы айналымда қарсылас атан­бауы үшін әртүрлі топтарға бөліп тас­тайтынбыз. Осыған қатысты ел арасында түр­лі қауесет тарай бастағасын біз саналы түр­де соқыр жеребеге жүгіндік. Нәтижесінде, 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұ­ғы­маров 2014 жылғы «Қазақстан барысы», жер­лесі Мұхит Тұрсыновқа қарсы шықты.
Меніңше, бұдан трагедия жасаудың қа­жеті жоқ. Нағыз балуанға оңы мен солы бір­­дей. Ол қашан, кіммен, қай жерде кезде­се­­тінін талғамайды. Алдағы жарыстарда біз биылғы тәжірибемізге сүйенеміз. Кіммен кім және қай кезеңде кездесетінін балуан­дар­дың барлығына ортақ жеребе шешетін болады.
Биылғы жылдың есте қаларлық тағы бір ерек­шелігі, жарысқа 33 үміткердің қатысуына байланысты жұпсыз қалған балуан келесі айналымға бұрынғыдай айқассыз өткен жоқ. Батыс Қазақстан облысының балуаны Ерлан Мұсағалиев боз кілемге бірінші шығып, кейін күш жиып үлгерген керекулік Арман Махамбетовпен күресті. Ал турнирдің «жасы ең үлкен қатысушы» Ғани Сейділдаев Ас­та­на­ға алғаш рет «Қазақстан Барысының» қола жүлдесін алып берді.

Міндеттерін мінсіз атқарды
– Төрешілерге тағар кінәміз, артар өк­пе­міз жоқ. Олар өздерінің міндеттерін мінсіз ат­қарды. Қазыларды әлеуметтік желілерде Ер­жан Шынкеев пен Руслан Әбдіразақовтың күресіне қатысты жазғырды. Жанкүйерлер Ержан Русланды «таза жеңді», ал төрешілер «дұ­рыс шешім қабылдаған жоқ» деген уәж айт­ты.
Жасыратыны жоқ, Ержан тәсіл қолдан­ған­нан кейін Русланның қос жауырыны жер иіскегендей болды. Тіпті, ортадағы төреші «та­за жеңіс» деп қолын көтерді. Қапталдағы төреші бұл шешіммен келіспеді. Осыдан соң біз бірнеше мәрте бейне қайталауға жүгіндік. Нәтижесінде, жерге Русланның бір жауы­ры­ны тигені, екінші жауырынын тигізу үшін Ержанның жаншу әдісін қолданғаны анық­талды. Өздеріңіз білесіздер, қазақ күресінде жаншу жоқ. Бұл жерде Ержанға «жартылай жеңістің» берілуі тудырудың. Оқиғаның ары қарай қалай өрбігенін бәрі біледі. Білмей­тін­дер болса, ғаламтордан көруге болады.
Төрешілердің шешіміне қос балуан да, зал­да отырған 12 мың жанкүйер де келісті. Е­нді осыдан мәселе туғызудың, елді дүр­лік­тіру­дің қажеті қанша? Тасада тұрып тас ату кім­ге абырой, кімге опа береді?
Кілемге шығатын кез келген балуанның жан­күйері болады. Әрине, олар өздері сенім артқан балуан жығылып жатса шамданады. Алайда біз «Қазақстан Барысын» жанкүйер­дің көңілі үшін емес, қазақ күресінің бола­ша­ғы үшін ұйымдастырамыз. Осыны түсі­нетін уақыт әлдеқашан туды деп ойлаймын.

Бір күнде емес, екі күнде…
– Біздің додамыздың ерекшелігі, жа­рыс­тың барлық кезеңі бір күнде өтеді. Финалда Бей­біт пен Русланның сылбыр күрескені рас. Алайда жанкүйерлер олардың ақтық ай­­­қасқа дейін қандай қарсыластарды қапы қалдырғанын естен шығармауы керек.
Балуандарымыздың босаңсығанын, соң­ғы айналымда әлсіреп қалғанын және ширақ қи­мылдап, шалт әрекеттерге бара алмағанын мойындаймыз. Бірақ осы үшін жігіттерді жер­ден алып, жерге салу орынсыз деп біле­міз.
Қазір біз болашақта «Қазақстан Бары­сын» бір күнде емес, екі күнде өткізу мәселе­сін қарастырып жатырмыз. Бұл көптің тал­қысына түсетін және ортақ келісім бойынша шешілетін уақыт еншісіндегі мәселе.
«Қазақстан Барысы» кемшіліксіз өте­ді деп айта алмаймын. Жыл сайын қате­лік­те­рі­мізді қайталамауға, болдырмауға ты­рысып жатырмыз.
«Қазақстан Барысы» жобасын қолға ал­ғаннан бері көп «таяқ жеп» жүрмін. Ұлттық спор­тымыздың болашағы үшін әлі де «таяқ жей» беруге, қиындықтарды қасқайып қар­сы алуға дайынмын. Бұл – менің шынайы аза­маттық ұстанымым.

Киімге килігудің қажеті жоқ
– Қазақ күресінен спорт шебері, ардагер спорт­шы Өтеп Молдабек күн тәртібіне қой­ған «қазақ күресімен шұғылданатын қыздар кі­лемге қысқа балақты шалбар киіп шықса анайы көрінеді» деген мәселені дер кезінде кө­теріп отыр. Жалпы, әлемде қыздар ай­налысатын спорт түрлері көп. Мысалы, әйел­дер су спортының барлық түрінде шо­мылу киімімен өнер көрсетеді. Мәнерлеп сыр­ғанау спортының киімі де көзге оғаш кө­рінеді. Алайда осы спорт түрлерімен ай­на­лысатын қыздарды ешкім жартылай жа­лаңаш немесе тыржалаңаш жүр деп айып­тамайды ғой.
Бұл киімді біз ойлап шығарған жоқпыз. Еле­мес Әлімханов деген ғалым ағамыз бар. Ша­мамен, 15 жылдай уақыт бұрын осы кісі ФИЛА-ға және басқа да халықаралық спорт­тық ұйымдарға қазақ күресінің қазіргі киімін тіркетіп, бекіттіріп алған. Бұл киімге қандай­да бір өзгерісті біз өз бетімізбен енгізе алмай­мыз. Бұлай етуге ешқандай құқымыз жоқ.
Әу баста мен «Қазақстан Барысына» қа­тысу­шылар аяқтарына саптама етік, кең ба­лақ шалбар кисе дегенді ұсындым. Ма­мандар мәселенің мән-жайын түсіндіргеннен кейін ойымнан айныдым. Шындап келгенде, қазақ күресінің қазіргі киіміне менің де көңі­лім толмайды. Бірақ біз заманның, уақыттың ағы­мына сай болуымыз керек. Күрес қатып қал­ған догма емес. Ол өзгеріп, түрленіп, жаңа­­­рып, жаңғырып отырады. Сондықтан қа­зақ күресінің киіміне килігудің қажеті жоқ.

Бағалау ережесіне көңілім толмайды
– Қазақ күресінде балуандар төрт таған­дап қалған кезде ешқандай ұпай берілмейді. Ал моңғолдардың күресінде балуанның қо­лы, не тізесі жерге тиіп кетсе, оған жеңіліс жа­­зылады. Біз мұндайды қазақ күресіне ен­гізе алмаймыз. Алайда балуан тепе-тең­дік жағдайынан ауытқыған сәтте оның қар­сыласына ұпай беру керек деп санаймын.
Менің көңіліме бағалау ережесіндегі «бүк» деген атау да ұнамайды. Дегенмен, ма­ған немесе басқаға ұнамайды екен деп қалыптасқан ережені бірден тас-талқан ете алмаймыз.

Ғылыми-тәжірибелік конференция өт­кіземіз
– Алдағы 2-3 айда сала мамандарын, бал­уандарды, ғалымдарды, төрешілерді, біз­ді сынап жүрген сыншыларды біріктіріп, ғы­­лыми-тәжірибелік конференция өткі­зе­міз. Онда қазақ күресінің бүгіні мен бола­ша­ғын талқылаймыз. Сын-ескертулер мен ұсы­­ныстарды қабылдаймыз. Бір терінің пұш­­­пағын илеп жүрген азаматтардың ақыл-кеңесін тыңдаймыз. Қазақ күресінің деңгейі мен танымалдығын арттыру жолдарын қа­растырамыз. Қорытындысында әдістемелік оқу-құралы мен бейнедәріс шығарамыз. Оны жергілікті жерлерге таратамыз.

Алдағы 5 жылда…
– Біздің болжамымызша, алдағы 5 жыл­да «Қазақстан Барысы» жобасы мемлекеттен қаржы алуды доғарады. Жарыс бастан-аяқ де­меушілердің қолдауымен өтетін болады. Бұл – тек «Қазақстан Барысы» жобасына қа­­­­тыс­ты мәселе. Ал қазақ күресін Олим­пиа­да­лық ойындардың қатарына енгіземіз, қа­зақ күресіне қыздарды тартамыз десек, Үкі­м­ет қаржыландыру көлемін ұлғайта беруі керек.

Атаулы сыйлық һәм мектеп бағдарламасы
– Өздеріңіз білетіндей, «Қазақстан Ба­рысы» жобасында «Көрермендер кө­зайымы» аталымы бар. Соған сәйкес, жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие болған балуан жеңіл автокөлікпен марапатталады. Келесі жылдан бастап бұл аталымның атауы «Қажымұқан атындағы арнаулы жүлде» болып өзгереді.
Кореяда – таэквондо, Жапонияда – дзю­до мектеп бағдарламасына енген. Осы спорт түр­лерімен жасөспірімдер мен жастар жап­пай айналысады. Біз осы тәсілді өз тәжі­ри­бемізге енгізбекшіміз. Алдағы уақытта қазақ күресін аудандық не қалалық деңгейде қа­натқақты жоба ретінде мектеп бағдар­ла­ма­сына қосамыз. Біздің бастамамызды Үкімет те, әкімдер де қолдап отыр.

aikyn.kz 

Пікір жазыңыз

Бөлімнің басқа жаңалықтары

0g2vjM5jn6A

Бағым Мұхитденова: «Біз Ақботаның топтан кеткенін қалаған жоқпыз»

2 051 рет оқылды17.07.2015
LN_GNbSa6qU

Әнші Ринат Малцагов үйленеді

1 656 рет оқылды17.07.2015
Ydttif-dOwk

Жуырда «16 қыз» комедиясы көрерменге жол тартады

445 рет оқылды16.07.2015
unnamed

«Bala Turkvizyon-Қазақстан» жартылай финалында Атырау облысының намысын қорғайтын жеңімпаздар анықталды

261 рет оқылды16.07.2015
TYjqacCBAys

Қазақ жұлдыздары тоқал мәселесіне қалай қарайды?

2 002 рет оқылды16.07.2015
8-mwqFVHWzQ

Димаш Құдайбергенов: «Ресей сахнасын бағындырғым келеді»

713 рет оқылды16.07.2015