Жаңалықтар

Бейбіт Ыстыбаев: «Халқыма берген уәдемді орындаймын»

Айбарлы Астана күні қарсаңында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» республикалық турнирі V рет ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға ұлы даланың 33 ұланы қатысып, бозкілемнің шаңын қақты. Кіл апайтөс, атан жілік, бура сан балуандарды қапыда қалдырған жерлесіміз «Тараз арланы» Бейбіт Ыстыбаев бәсі биік жарыстың екі дүркін жеңімпазы атанып, Елбасының қолынан «Алтын тайтұяқты» иеленді.

Бұдан бөлек, Бейбіт батыр қанжығасына 150 мың АҚШ доллары мен алтын белбеуді байлады. Мемлекет басшысының «Алғыс хаты» мен арнайы «Құрмет» төсбелгісімен де марапатталды. Қазақ күресінің мәртебесін арттырып, несібін ұлттық спорттан тапқан, маңдайында жұлдызы жарқыраған баһадүр күні кеше туған өлкесі қасиетті Тараз жеріне табан тіреді.

 – Бейбіт, алдымен жеңісіңіз құтты болсын! Биыл V рет жалауы желбіреген «Қазақстан барысы» турнирінің жаңалығы көп болды. Осы уақытқа дейін аталған жобада топ жарған балуандардың ешқайсысы атақтарын қорғай алмай келген-ді. Сіз осы бір олқылықтың орнын толтырып: «Мен әлі 3 рет Қазақстан барысы» атанамын» деп халыққа берген жігіттік уәдеңізді орындауға бір табан жақындай түстіңіз. Жалпы, чемпиондық атақты қорғау, өз мықтылығыңызды дәлелдеу қаншалықты қиынға соқты?

– Көп рақмет! Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Өйткені байрақты бәсекеде бағымның жануы – ет жақындарымның, облыс әкімдігі, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшыларының қамқорлығы мен қолдауы, жеке бапкерлерім Елдос Далабай мен Мақсат Мәзібаевтың дамылсыз еңбектері, әрбір қарсылас балуанға дұрыс қойылған тактикасы деп білемін. Мен осы жарысқа физикалық, психологиялық тұрғыдан ұзақ әрі жіті дайындалдым. Жылдың басында досым әрі бапкерім Мақсат Мәзібаевпен бірге Қазақстан дзюдо құрамасының мүшелерімен жапон еліне табан тіреп, дзюдо күресінің қыр-сырымен етене танысып қайттым. Бұдан бөлек Алатау баурайында грек-рим күресінен ұлттық құрама балуандарымен жаттығып, шеберлігімді шыңдай түстім.

Өзіңіз атап өткендей, 2012 жылы «Қазақстан барысы» атағын иеленгенде, барша қазақ еліне, жамбылдықтарға бұл жобаның әлі 3 рет чемпионы атанатынымды айтып, жігіттік сөзімді де бергенмін. «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені. Еменнің иілгені – сынғаны» деген мақалды жадымызда сақтап жүретін қазақтың баласымыз ғой. Осы бір көкейімде жүрген мақсатымды, ел алдындағы парызымды орындауға бірнеше жылдан бері оқталып келдім. Алайда, 2013 жылы бабым қанша келісіп тұрса да, бармақтай бақ жетіспеді. Ал былтыр жарыс жолынан ерте шығуыма жарақатым кедергі келтірді. Қалай дегенмен, спорт деген сиқырлы дүниеде жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді.

Ең бастысы, қандай қиындық көрсең де, сағың сынбай, табанды еңбек етсең, жемісін жейсің. Міне, биыл Алланың қалауымен арманыма, көздеген мақсатыма жеттім. Қасиетті Ораза айында осындай мол нығметке кенелткен Жаратушы иемізге сансыз шүкір еттім.

Ал келесі жылы осы жетістіктің ізін суытпай, жеңіс тұғырына көтерілу ойда бар шығар?..

– Алдын ала кесіп айту қиын, әрине. Бәрі уақыттың еншісінде. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болса, бәрі де болады. Құдай қаласа, халқыма берген уәдемді орындаймын.

Жалпыұлттық спорттық мерекеге айналған жобаны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі келіп тамашалауы, жарыстың ажарын аша түсті. Оның үстіне, жеңімпаз ретінде Елбасының қолынан турнирдің басты нышаны «Алтын тайтұяқты» иеленіп, ыстық лебізін есту, «Алғыс хаты» мен арнайы төсбелгісімен марапатталу да бір де ғанибет қой…

– Әлбетте, «Қазақстан барысы» жобасының 5 жылдық мерейтойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келіп, балуандардың өнерін тамашалауы әрбір спортшының делебесін қоздырып, қанаттандыра түскені сөзсіз. Егемен еліміздің іргесін бекіткен Тұғыш Президентіміздің қолынан мұндай үлкен сый-сияпат иелену, ақжарма тілегін, ақ батасын алу кез келген адам үшін жоғары мәртебе, үлкен бақыт. Қазақ мемлекетінің ұлтжанды бір азаматы ретінде Ұлт Көшбасышысымен дидарласу, патшаның қолын алу менің де басты армандарымның бірі еді. Құдайға шүкір, асыл арманым орындалды. Бұл бақытты сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес (күліп). Қазақ елінің қарыштап дамуы, елордасы Астана қаласының гүлдей құлпыруы, бейбітшілік салтанат құрған құтты шаңырағымызда бақытты өмір сүруіміз Мемлекет басшысының көреген саясаткерлігінің арқасы деп білемін. Жалпы, спортшылар атынан Астана күнімен қатар келген Нұрсұлтан Әбішұлын туған күнімен құттықтап, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілегім келеді…

Ұлт жанашыры Арман Шораевтың бастамасымен қолға алынған «Қазақстан барысы» жобасы қанатын кеңге жайып келеді. Бұл турнирге қатысушылардың қатары да жыл санап артып, балуандар арасында бәсеке де қызи түскен. Кеше бозкілемде ешбір қарсыласыңыз осал болған жоқ. Дей тұрғанымен, «Қазақстан барысы-2014» турнирінің чемпионы, өзіңіздің сыралғы қарсыласыңыз Мұхит Тұрсыновты ұтқаныңызда қатты қуандыңыз. Сонда осы жарыстағы басты қарсыласыңыз Мұхит балуан болғаны ма?

– Шынында, «Қазақстан барысында» бақтарын сынап, бозкілемнің көркін қыздырып жүрген балуанның ешбірі әлсіз емес. «Кішкентай өспей ме, көкейіңді теспей ме?» демекші, жас спортшылардың да қарқындары көңіл қуантты. Әсіресе, көрермен көзайымы атанған қызылордалық Нұрым Сәлімгерейдің өнері көпшілікті тәнті еткені анық. Ал бозкілемде Мұхит Тұрсыновпен кездесуім өзіме де күтпеген жағдай болды. Біздің сыралғы қарсыластар екеніміз ешкімге жасырын емес. Себебі, «Қазақстан барысында» бір-бірімізді жарыс жолынан шығарып, бірде ол, бірде мен жеңіп келеміз. Мәселен, 2013 жылы Мұхитты жеңіп қапыда қалдырсам, былтыр оның бағы жанып, мен сан соғып қалдым. Оның үстіне, осыдан бір ай бұрын күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов бабамызды еске алуға арналған халықаралық турнирде Мұхит Тұрсыновқа есе жіберіп алған едім. Бір шетінен сол кеткен есемді қайтару үшін «Қазақстан барысында» жолығуды іштей тіледім. Биыл да жеребе бойынша жолымыз қайта түйіп, жеңіс маған бұйырды.

Жалпы, финалға шыққан тұңғыш «Қазақстан барысы» атанған Ұлан Рысқұлдың туған бауыры Руслан Әбдіразақов – өте мықты балуан. Былтыр «Қазақстан барысы-2014» турнирінің қола жүлдегері атанса, биыл күміске қол жеткізді. Бозкілемде қарсылас болғанымызбен, өмірде отбасымызбен жақын араласатын достармыз. Ал астаналық «Жаужүрек» лақап атымен көпшілікке белгілі, «Қазақстан барысының» қола жүлдесін қанжығасына байлаған Ғани Сейділдаев – өзімнің жерлес ағам. Ғани Жуалы ауданының тумасы, бірнеше жыл бұрын Астана қаласына қоныс аударып, бас қаланың намысын қорғап жүр.

Қазақ хандығының 550 жылдығы 17-18 қыркүйекте Тараз қаласында кең көлемде тойланатыны мәлім. Осыған орай, дәстүрге айналған «Еуразия барысы» халықаралық турнирінің жалауы көне шаһарда қайта желбіремек. Қазақ күресінің жанкүйерлері сізді бұл дүбірлі додан көре ала ма?

– ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Төленгенұлы 19 қыркүйекте «Тараз Арена» спорт кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, III рет «Еуразия барысы» халықаралық турнирінің өтетінін жеткізді. Бірақ кешегі жарыстан аз-маз жарақаттандым. Егер денсаулығым дұрыс болса, өз жерімізде өтетін байрақты бәсекеде атой салсам деген ниетім бар.

Ұлттық күресіміздің әлемдік аренаға шығуына бар күш-жігерлерін сарп етіп жүрген Арман Шораев бастаған атпал азаматтар «Еуразия барысы», «Әлем барысы» сынды мегажобаларды дүниеге әкелді. Былтыр қос халықаралық турнирде балуандарымыздың бағы жанбай, жеңіс қонақтардың еншісінде кетті. Арман Төлегенұлы журналистерге берген бір сұхбатында енді «Әлем барысы» турнирі екі жылда бір рет өткізілетін, оған қазақ спортшыларының дүниежүзін мойындатқан балуандармен тең дәрежеде күресулері үшін шеберлігін арттыру себеп болғанын айтыпты. Бұған не дейсіз?

– Шынында, өткен жылы біздің есеміз кетті. Өздеріңіз көргендей, бұл жарысқа дзюдодан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлері қатысты. Әрине, бұл бізді ақтамайды. Бірақ өткеннен сабақ алып, дайындығымызды ширатуға септігін тигізеді. Нәсіп болса, әлі де төл күресімізді төрге оздырған қос сайыста қазақ балуандары жеңісті қолдан бермейді деп сенемін. Қазақтың бір апайтөс балуаны ретінде «Әлем барысы» атануды көздеймін…

Бейбіт, «Қазақстан барысы» жобасы тарихына зер салсақ, алғашқы алтын Қызылордаға жол тартыпты. Шығысқазақстандық балуандар да өз мықтылықтарын дәлелдеп, екі рет бәсі жоғары турнирдің жеңімпазы атанды. Ал сіз бір өзіңіз Жамбыл облысының қоржынына 2 алтын, бір күміс жүлде сыйға тартыпсыз. Білекті, жүректі балуанына халық та дән риза…

– Әуежайда жолымды күтіп, ыстық ықылас-ниеттерін білдіріп жатқан ағайынның қарасы қалың болды. Мен жеңіске жетіп, асығым алшысынан түссе, осы қасиетті жердің киесі, жанкүйер болған жерлестерімнің тілек-дұғалары қабыл болғаны деп ойлаймын. Жығылғанда сүйеу болған, жеңіс тұғырынан табылғанымда, табанымды жерге тигізбей құрмет-қошеметін аямайтын халыққа басымды иемін. Бұрнағы күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың арнайы қабылдауында болып, жақсы әңгіме-дүкен құрдық. Ата-анам осы Таразда тұрады. Ал мен отбасыммен Астана қаласына қоныс аударғанмын. Аллаға шүкір, көз қуанышым ұлым өсіп келе жатыр. «Батамен ел көгерер» демекші, әрдайым бір-бірімізге тілекші болайық…

Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Индира БАЙҚОНЫС, «Sport» газеті

topzhargan.kz

Пікір жазыңыз

Бөлімнің басқа жаңалықтары

0g2vjM5jn6A

Бағым Мұхитденова: «Біз Ақботаның топтан кеткенін қалаған жоқпыз»

2 072 рет оқылды17.07.2015
LN_GNbSa6qU

Әнші Ринат Малцагов үйленеді

1 668 рет оқылды17.07.2015
Ydttif-dOwk

Жуырда «16 қыз» комедиясы көрерменге жол тартады

452 рет оқылды16.07.2015
unnamed

«Bala Turkvizyon-Қазақстан» жартылай финалында Атырау облысының намысын қорғайтын жеңімпаздар анықталды

263 рет оқылды16.07.2015
TYjqacCBAys

Қазақ жұлдыздары тоқал мәселесіне қалай қарайды?

2 013 рет оқылды16.07.2015
8-mwqFVHWzQ

Димаш Құдайбергенов: «Ресей сахнасын бағындырғым келеді»

715 рет оқылды16.07.2015