Арман ШОРАЕВ, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы:
Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен V рет дүбірлеп өткен «Қазақстан Барысы» турнирінде топжарған толағайлар жарыстан соң да құрмет пен қошеметке кенеліп жатыр.
Жеңімпаз Мәдениет және спорт министрінің қолынан Елбасының алғысы мен Құрмет белгісін алып, облыс әкімі сыйлаған темір тұлпарды тізгіндесе, жүлдегерлерді спорт басқармалары«жарылқау» үстінде. Ал «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы, жоба авторы Арман Шораевтың арқаны кеңге салатын уақыты жоқ. Ол қазан айының 9 жұлдызында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тараз қаласында өтетін «Eуразия Барысы» турнирінің шаруасына кірісіп кетті.
– «Қазақстан Барысының» кезекті турнирі аяқталғаннан кейін бірден Тараз қаласын бетке алдым. Ол жақта «Eуразия Барысы» турнирін ұйымдастыру мен өткізуге қатысты мәселелерді пысықтадық. Алдағы жарыста түркітілдес мемлекеттердің ең мықты деген балуандары 7 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Бұл жолы жеңіл салмақтағы балуандар да бақ сынайды.
Әр салмаққа 3 балуан іріктелініп алынады. Турнир әдеттегідей командалық жарыс түрінде өтеді.
«Еуразия Барысына» Қазақстанның атынан қатысатын балуандарды іріктеу өткен айдың басында Аягөз қаласында қазақ күресінен ұйымдастырылған ел чемпионатынан басталды. Қазір мамандар құрама команданы жасақтау ісімен айналысып жатыр.
Жанкүйерлер жақсы біледі, 2013 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің финалында біздің балуандар Моңғолия құрамасын жеңіп, алаштың абыройын асқақтатты. Ал 2014 жылы Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналып өткізілген жарыста дәл осы қарсыласқа жол беріп қойды. Биыл біздің жігіттер есе қайтарамыз деп отыр. Біз тілектеспіз, нәтижені кілем көрсетеді.
Президенттің батасын алған жоба
– «Қазақстан Барысы» турнирін ой қазанымызда қайнатып жүрген кезде Елбасының алдынан өтіп, мақсатымызды баяндадық. Бұған қоса, алғашқы жарысты «Астана Арена» стадионында өткізуге ниеттеніп отырғанымызды жеткіздік. Президент «Қазақстан Барысы» турниріне батасын беріп, оны жалпыұлттық жобаға айналдыру тапсырмасын жүктеді. Сонымен қатар «көрермендерді ойлаңдар, стадион футбол тамашалауға арналып салынған. Оның дәл ортасында қос балуан күресіп жатса, жоғарыда отырған адамдар оларды қалай көреді?» деп сұрады. Біз Елбасының ескертуі мен ұсынысынан кейін қаперімізден тыс қалған мәселеге назар аударып, тұңғыш турнирді «Дәулет» ұлттық теннис орталығында өткіздік. Бұл орталықтың көрермен қабылдау мүмкіндігі шектеулі болды. Сондықтан одан кейінгі жарыстар «Сарыарқа» республикалық велотрегінде ұйымдастырылып келеді.
Бүгінде «Қазақстан Барысы» турнирі бұқаралық сипатқа ие болып отыр. Соңғы 4 жылда қазақ күресімен шұғылданатын азаматтардың саны 30 мыңнан 120 мыңға жетті. Телеаудитория Қазақстанда 6 миллионға жетіп, әлем бойынша жарты миллиардтан асты. Ал бесінші турнирге әлемнің 126 елі куә болды.
Осы тұрғыдан алғанның өзінде біз Президенттің тапсырмасын тиісінше орындадық және «Қазақстан Барысын» шын мәнісінде, жалпыұлттық жобаға айналдырдық деп ойлаймын.
Хаттамада қарастырылмаған
– Турнир өз тарихында тұңғыш рет Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Жарысқа арнайы келген Елбасы балуандардың өнерін ерекше ықыласпен сүйсініп отырып тамашалады.
Президент кезінде өзінің де күреспен айналысқанын есіне алды. Ал жартылай финалдың соңғы секундында қарсыласынан жеңісті жұлып алып, ақтық сынға алғаш болып шыққан Руслан Әбдіразақовқа риза болғаны соншалық, оны өзіне шақырып алып, қолын қысып құттықтады. Дәл мұндай сәт хаттамада қарастырылмаған болатын.
Ел есінде ерекшелігімен сақталады
– Бесінші турнир екі дүркін «Қазақстан Барысын» анықтап бергендігімен ерекшеленді. Атап көрсетерлік тағы бір жайт, осы жолы соқыр жеребе тартылып, бір облыстың 2 балуаны іріктеу кезеңінде кездесті. Бұған дейін ең мықты немесе бір өңірден келген балуандар алғашқы айналымда қарсылас атанбауы үшін әртүрлі топтарға бөліп тастайтынбыз. Осыған қатысты ел арасында түрлі қауесет тарай бастағасын біз саналы түрде соқыр жеребеге жүгіндік. Нәтижесінде, 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров 2014 жылғы «Қазақстан барысы», жерлесі Мұхит Тұрсыновқа қарсы шықты.
Меніңше, бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Нағыз балуанға оңы мен солы бірдей. Ол қашан, кіммен, қай жерде кездесетінін талғамайды. Алдағы жарыстарда біз биылғы тәжірибемізге сүйенеміз. Кіммен кім және қай кезеңде кездесетінін балуандардың барлығына ортақ жеребе шешетін болады.
Биылғы жылдың есте қаларлық тағы бір ерекшелігі, жарысқа 33 үміткердің қатысуына байланысты жұпсыз қалған балуан келесі айналымға бұрынғыдай айқассыз өткен жоқ. Батыс Қазақстан облысының балуаны Ерлан Мұсағалиев боз кілемге бірінші шығып, кейін күш жиып үлгерген керекулік Арман Махамбетовпен күресті. Ал турнирдің «жасы ең үлкен қатысушы» Ғани Сейділдаев Астанаға алғаш рет «Қазақстан Барысының» қола жүлдесін алып берді.
Міндеттерін мінсіз атқарды
– Төрешілерге тағар кінәміз, артар өкпеміз жоқ. Олар өздерінің міндеттерін мінсіз атқарды. Қазыларды әлеуметтік желілерде Ержан Шынкеев пен Руслан Әбдіразақовтың күресіне қатысты жазғырды. Жанкүйерлер Ержан Русланды «таза жеңді», ал төрешілер «дұрыс шешім қабылдаған жоқ» деген уәж айтты.
Жасыратыны жоқ, Ержан тәсіл қолданғаннан кейін Русланның қос жауырыны жер иіскегендей болды. Тіпті, ортадағы төреші «таза жеңіс» деп қолын көтерді. Қапталдағы төреші бұл шешіммен келіспеді. Осыдан соң біз бірнеше мәрте бейне қайталауға жүгіндік. Нәтижесінде, жерге Русланның бір жауырыны тигені, екінші жауырынын тигізу үшін Ержанның жаншу әдісін қолданғаны анықталды. Өздеріңіз білесіздер, қазақ күресінде жаншу жоқ. Бұл жерде Ержанға «жартылай жеңістің» берілуі тудырудың. Оқиғаның ары қарай қалай өрбігенін бәрі біледі. Білмейтіндер болса, ғаламтордан көруге болады.
Төрешілердің шешіміне қос балуан да, залда отырған 12 мың жанкүйер де келісті. Енді осыдан мәселе туғызудың, елді дүрліктірудің қажеті қанша? Тасада тұрып тас ату кімге абырой, кімге опа береді?
Кілемге шығатын кез келген балуанның жанкүйері болады. Әрине, олар өздері сенім артқан балуан жығылып жатса шамданады. Алайда біз «Қазақстан Барысын» жанкүйердің көңілі үшін емес, қазақ күресінің болашағы үшін ұйымдастырамыз. Осыны түсінетін уақыт әлдеқашан туды деп ойлаймын.
Бір күнде емес, екі күнде…
– Біздің додамыздың ерекшелігі, жарыстың барлық кезеңі бір күнде өтеді. Финалда Бейбіт пен Русланның сылбыр күрескені рас. Алайда жанкүйерлер олардың ақтық айқасқа дейін қандай қарсыластарды қапы қалдырғанын естен шығармауы керек.
Балуандарымыздың босаңсығанын, соңғы айналымда әлсіреп қалғанын және ширақ қимылдап, шалт әрекеттерге бара алмағанын мойындаймыз. Бірақ осы үшін жігіттерді жерден алып, жерге салу орынсыз деп білеміз.
Қазір біз болашақта «Қазақстан Барысын» бір күнде емес, екі күнде өткізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл көптің талқысына түсетін және ортақ келісім бойынша шешілетін уақыт еншісіндегі мәселе.
«Қазақстан Барысы» кемшіліксіз өтеді деп айта алмаймын. Жыл сайын қателіктерімізді қайталамауға, болдырмауға тырысып жатырмыз.
«Қазақстан Барысы» жобасын қолға алғаннан бері көп «таяқ жеп» жүрмін. Ұлттық спортымыздың болашағы үшін әлі де «таяқ жей» беруге, қиындықтарды қасқайып қарсы алуға дайынмын. Бұл – менің шынайы азаматтық ұстанымым.
Киімге килігудің қажеті жоқ
– Қазақ күресінен спорт шебері, ардагер спортшы Өтеп Молдабек күн тәртібіне қойған «қазақ күресімен шұғылданатын қыздар кілемге қысқа балақты шалбар киіп шықса анайы көрінеді» деген мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Жалпы, әлемде қыздар айналысатын спорт түрлері көп. Мысалы, әйелдер су спортының барлық түрінде шомылу киімімен өнер көрсетеді. Мәнерлеп сырғанау спортының киімі де көзге оғаш көрінеді. Алайда осы спорт түрлерімен айналысатын қыздарды ешкім жартылай жалаңаш немесе тыржалаңаш жүр деп айыптамайды ғой.
Бұл киімді біз ойлап шығарған жоқпыз. Елемес Әлімханов деген ғалым ағамыз бар. Шамамен, 15 жылдай уақыт бұрын осы кісі ФИЛА-ға және басқа да халықаралық спорттық ұйымдарға қазақ күресінің қазіргі киімін тіркетіп, бекіттіріп алған. Бұл киімге қандайда бір өзгерісті біз өз бетімізбен енгізе алмаймыз. Бұлай етуге ешқандай құқымыз жоқ.
Әу баста мен «Қазақстан Барысына» қатысушылар аяқтарына саптама етік, кең балақ шалбар кисе дегенді ұсындым. Мамандар мәселенің мән-жайын түсіндіргеннен кейін ойымнан айныдым. Шындап келгенде, қазақ күресінің қазіргі киіміне менің де көңілім толмайды. Бірақ біз заманның, уақыттың ағымына сай болуымыз керек. Күрес қатып қалған догма емес. Ол өзгеріп, түрленіп, жаңарып, жаңғырып отырады. Сондықтан қазақ күресінің киіміне килігудің қажеті жоқ.
Бағалау ережесіне көңілім толмайды
– Қазақ күресінде балуандар төрт тағандап қалған кезде ешқандай ұпай берілмейді. Ал моңғолдардың күресінде балуанның қолы, не тізесі жерге тиіп кетсе, оған жеңіліс жазылады. Біз мұндайды қазақ күресіне енгізе алмаймыз. Алайда балуан тепе-теңдік жағдайынан ауытқыған сәтте оның қарсыласына ұпай беру керек деп санаймын.
Менің көңіліме бағалау ережесіндегі «бүк» деген атау да ұнамайды. Дегенмен, маған немесе басқаға ұнамайды екен деп қалыптасқан ережені бірден тас-талқан ете алмаймыз.
Ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз
– Алдағы 2-3 айда сала мамандарын, балуандарды, ғалымдарды, төрешілерді, бізді сынап жүрген сыншыларды біріктіріп, ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз. Онда қазақ күресінің бүгіні мен болашағын талқылаймыз. Сын-ескертулер мен ұсыныстарды қабылдаймыз. Бір терінің пұшпағын илеп жүрген азаматтардың ақыл-кеңесін тыңдаймыз. Қазақ күресінің деңгейі мен танымалдығын арттыру жолдарын қарастырамыз. Қорытындысында әдістемелік оқу-құралы мен бейнедәріс шығарамыз. Оны жергілікті жерлерге таратамыз.
Алдағы 5 жылда…
– Біздің болжамымызша, алдағы 5 жылда «Қазақстан Барысы» жобасы мемлекеттен қаржы алуды доғарады. Жарыс бастан-аяқ демеушілердің қолдауымен өтетін болады. Бұл – тек «Қазақстан Барысы» жобасына қатысты мәселе. Ал қазақ күресін Олимпиадалық ойындардың қатарына енгіземіз, қазақ күресіне қыздарды тартамыз десек, Үкімет қаржыландыру көлемін ұлғайта беруі керек.
Атаулы сыйлық һәм мектеп бағдарламасы
– Өздеріңіз білетіндей, «Қазақстан Барысы» жобасында «Көрермендер көзайымы» аталымы бар. Соған сәйкес, жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие болған балуан жеңіл автокөлікпен марапатталады. Келесі жылдан бастап бұл аталымның атауы «Қажымұқан атындағы арнаулы жүлде» болып өзгереді.
Кореяда – таэквондо, Жапонияда – дзюдо мектеп бағдарламасына енген. Осы спорт түрлерімен жасөспірімдер мен жастар жаппай айналысады. Біз осы тәсілді өз тәжірибемізге енгізбекшіміз. Алдағы уақытта қазақ күресін аудандық не қалалық деңгейде қанатқақты жоба ретінде мектеп бағдарламасына қосамыз. Біздің бастамамызды Үкімет те, әкімдер де қолдап отыр.


Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS