Кеше Астана және Алматы қалаларында «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» эпикалық блокбастерінің тұсаукесері болып өтті. Бұл «Жастар–Отанға» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы жүзеге асырып келе жатқан Голливудтық блокбастерді дубляждау бойынша қазақстандық жобаның 11-ші фильмі.
Талантты жас режиссер Тимур Балымбетовтың жетекшілігімен қазақ тіліне дубляждалған «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» — «Марвел ғаламының» 2-ші картинасы. Бірінші блокбастер – «Галактика сақшылары» 2014 жылдың хиты болды.
Фильмнің басты кейіпкерлеріне қазақстандық талантты актерлар өз дауыстарын сыйлады. Атап айтқанда, Жасұлан Байсалбеков – Альтрон, Бейбіт Камаранов – Тор, Ержан Жарылқасынов – Тони Старк немесе Темір адам, Ерғали Төлебаев – Америка капитаны, Бақытжан Жармұхамбетов – Қыран Көз, Самат Қордабаев – Халкты дыбыстады.
«Кек алушылар» туралы экшн-скивел жұлдызы, үздік әйел рөлі үшін қатарынан 5 сыйлықты жеңіп алған Скарлетт Йоханссонды қазақ тілінде «Super Star KZ» шоуының финалисі, атақты әнші Мақпал Исабекова сөйлетті.
«Мен дубляж бойынша жобаға тұңғыш рет 2012 жылы қатыстым. «Батыл жүрек» мультфильмінің басты кейіпкері менің дауысыммен ән салды. Осыдан кейін сүйікті кейіпкерлерімді дыбыстау туралы ой мені жиі мазалай бастады. Енді міне – арманым орындалды. Жаңа, ең атақты және жұрт күткен Marvel блокбастерінде менің сүйікті актрисам Скарлетт Йохансон менің дауысыммен сөйледі», — деді ол.
Айта кетейік, дубляждауға аталмыш жобаға әу басынан бері тұрақты қатысып келе жатқан Бағанашыл кенті №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері де атсалысты. Бұл жастар аудиториясында мемлекеттік тілді ілгерілеткен «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Өрмекші адам» (жаңа нұсқа), «Батыл жүрек» және «Жалғыз рейнджер» сынды ел ішінде танымал болып үлгерген туындылардың заңды жалғасы. Жобаның бастамашысы және авторы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.








Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS