Гостиницы в Алматы
2016-12-24 16:45:39 103 0

Ерлан Біләл: «Алмас қылыш» - қоғамның рухын шыңдайтын фильм

Жуырда Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай түсірілген «Алмас қылыш» фильмі қоғамның рухын шыңдайтын шоқтығы биік туынды, дейді ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелескен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрдың директоры, әртіс Ерлан Біләл.

«Еліміздің мәдениет және өнер саласы үшін 2016 жыл -  ірі жобалардың сәтті жүзеге асқан жылы болып отыр. Биыл сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өттік. Биыл жүзеге асырған жобалардың арасында - «Алмас қылыш» фильмі шоқтығы биік туынды болып отыр. «Алмас қылыш» - мемлекеттік маңызы бар жоба. Өйткені, бұл фильм арқылы қазақ халқының ұлт болып, мемлекет болып қалыптасу тарихы, сол жолдағы тарихи тұлғалардың, хандардың, батырлардың, билердің тарихтағы атқарған шешуші рөлдері, қазақ хандығының пайда болу кезеңіндегі шиеленісті тарихи жағдайлар терең драматургиямен өріліп, шебер режиссурамен көрсетілген»,-дейді Е.Біләл.

Айта кетейік, «Алмас қылыш» - Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қолға алынған ең ірі кино жоба «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы.

«Алмас қылыш» фильмі бүгінгі қоғамға өзінің түп тамырын тануға, тарихымен мақтануға, мемлекеттік тарихымыздың тамыры тереңде екенін сезінуге және қай заманда да Тәуелсіздік жолындағы күрестің, жаңа мемлекет құрудың оңай болмағанын анық көрсетеді. Сол арқылы әр азаматтың бойындағы отансүйгіштік сезімін одан әрі қуаттандырып, рухтандырады. Бұл кинотуындының екінші бір жағы ол - тәрбиелік маңызы. Бүгінгі жас ұрпаққа мұндай ірі тарихи фильмдердің берері өте мол. Киноның аудиториясының көп болатындығы әрі адамға әсер ету тұрғысынан зор күшке ие екенін ескерсек, «Алмас қылыш» туындысы Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген жас буынды патриоттық жолда тәрбиелеудің негізгі құралына айналары сөзсіз. Жалпы, «Алмас қылыш» тарихи фильмі қоғамның мемлекетшілдік, Отаншылдық санасын оятып, рухын шыңдайтын кино жоба болғанын баса айтқанымыз жөн», - дейді театр директоры.

Естеріңізге сала кетейік, Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана және Алматы қалаларында «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері өткен болатын.

Киноға 500-ге тарта адам, 100-ге жуық актер жұмылдырылған. Көркем фильмнің режиссері - Рүстем Әбдіраш. Фильм 15-ғасырдың орта тұсындағы Қазақ хандығының құрылу тарихын баяндайды.

Пікір жазу