Гостиницы в Алматы
2015-07-26 17:23:03 505 0

    Әлия Назарбаеваның «Bala Turkvizyon-Қазақстан» жобасы Қостанай облысына келіп жетті. Ұлттық іріктеудің жартылай финалына жолдама алған өнерпаздар есімі Қазақстанның 11 аймағы бойынша анықталды. Байқауға қатысушылар саны 1650-ге жетті. 8-13 жас аралығындағы барлық қатысушылар әлеуметтік, білім, мәдениет саласындағы жобалар арқылы қазақстандық жастардың шығармашылық дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан,  Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры сыйға тартатын сертификат пен әнұран жазылған дисктерге ие болуда.

      25 шілде күні, «Мирас» мәдениет сарайына Қостанай облысының түкпір-түкпірінен Ұлттық іріктеуге қатысам деуші өнерпаздар жиналды. Байқауға ресми тіркелу мен сауалнама толтырудан кейін, қатысушылар мен ата-аналарды күтпеген сый таң қалдырды. Өлкеге танымал «Арена чудес» халықтық цирк ұжымы балаларға арнап үлкен қойылым қойды. Гимнаст, акробат, жонглерлерден құрылған топ барлығына сәттілік тілеп, кішкентай өнерпаздармен бірге ең үздік би-ойынын көрсетті.

       Лина, Айша, Настя және Сымбат «Цветы» квартетінің мүшелері. Олар тәлімгерлері Елена Маратқызымен келді. Қыздар Қостанай қаласы аймықтық әдістемелік, білім беру орталығында вокал сыныбында тәлім алады. Квартет бес жылдан бері өнер көрсетуде. Олардың орындайтын әндері де «Bala Turkvizyon» байқауы сияқты көңілді әрі өмір сыйлайды.

       Бұған дейін «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауына жеке орындаушылар, топтар қатысты, ал бүгін Қостанай қаласында алғаш рет дуэт болып өнер көрсететін егіздер келді. Тоғыз жасар Дина мен Дананы Рудный қаласының  №21 мектеп-гимназиясынан ұстаздары Зульфия Сәрсенбаева алып келді. Оқушыларының репертуарында қазақ, орыс тілдеріндегі балалар әндері бар. «Қыздардың бір-біріне ұқсағаны сонша,  түрлеріне қарап ажырату мүмкін емес, тек мінез-құлықтарына қарап тануға болады. Олар менен сабақ алғанына екі-үш жыл болса да, көптеген байқаулардан жүлдегер болып үлгерді. Олардың барлық байқауларда өз өнерлерін көрсетіп, шыңдалғанын қалаймын. Bala Turkvizyon байқауы өз бағымызды сынап көруге мүмкіндік беруде»-дейді ұстаздары. ҚР еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова қыздарға: «Менің білуімше, егіздердің дауыстары бірге жақсы ұйқасады, сондықтан, сендер әрқашан бірге өнер көрсетулерің керек, болашақтарың  зор» деп өз тілегін білдірді.

      Өз таланттарымен Айжан Нұрмағамбетова, әнші Нұрлан Еспанов пен Қостанай облысы бойынша аймақтық жеңімпаздың  болашақ продюсерін  таң қалдырған балалар өте көп болы. Бірақ, байқаудың аты байқау, ең үздігі жеңіске жету керек. Ұзаққа созылған мәжілістен кейін қазылар алқасы жеңімпаздар деп Мария Кунщикова мен Мәулен Қадыровты атады. Екі қатысушы да Қостанай қаласының тұрғындары. Он бір жастағы Маша бала кезінен әнге құмар, басында ата-анасы қызының қабілетіне қатты назар аудармаған екен. Балабақшадағы байқауда жеңімпаз атанған бүлдішінді, анасы  дарынды балаларға арналған студияға беруді жөн көреді. Оның вокал бойынша ұстазы Александр Калугин болды. Ұстазы шәкіртінің қазақтың халық өнеріне және орыс фольклорына деген махаббатын оятты. Маша жан-жақты қыз. Ол қолөнер мен сурет салуды жақсы көреді. Бірге ойнайтын достары да көп. Анасының айтуы бойынша қолынан барлығы келеді, жолы болғыш екен.

     Мәуленнің жасы он екіде. Ол алты жасынан бастап ән айтады. Оның отбасы да өнерге жақын. Әкесі Қостанай облыстық филармониясының әншісі және баласын вокалдан өз дайындайды. Мәулен классикалық музыкамен қатар танымал әндерді жақсы көреді, қазақстандық әншілердің ішінде Серік Ибрагимовты сүйіп тыңдайды. Музыкадан бос уақытында спортпен айналысады. Мәуленнің тағы бір ерекшелігі  - ол танымал әртістерге пародия жасайды.

        Маша Кунщиковамен  бірге Мәулен Қадыров Алматыдағы «Жұлдызды үйге» жол тартып, онда 16-17 қыркүйек, Астана қаласында өтетін «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауының жартылай финалы мен финалына вокал, хореография, сахна шеберлігі бойынша ұстаздармен бірге дайындалады. Олар Түркияның Стамбул қаласында өтетін «BalaTurkvizyon» байқауының Гранд-финалында Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жеңімпаз болуға жарысқа түседі.

Пікір жазу