Гостиницы в Алматы
2017-02-01 11:39:06 1766 6

Белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлытай әлеуметтік желідегі парақшасында Димаш Құдайбергеновтің Қытай елінде танымал болуы осы мемлекеттің астарлы саясаты деген сыңайдағы жазба қалдырған еді. Оған Димаш Құдайбергеновтің әкесі Қанат Айтбаева фейзбуктегі парақшасында жауап берді. 

Әншінің әкесі Қанат Айтбаев былай деп жазды:

"Бұлытай Димашты меңзеп: «Қазақты əлемге таныту дегенді қалай түсінеміз осы?! Қыздарымыз шетінен сұлу, ұлдарымыз шетінен жіңішке дауыспен керемет əн айтады деп пе?!? Бұл қате пікір. Біз қазақты білімділігімізбен, өнімділігімізбен, еңбекшілдігімізбен, жоғары технологиялық өнімдерімізбен, зияткерлік әлеуетімізбен ғана шынайы таныта аламыз» — депті.

Бұлытай мырза, сонда, сіздің ойыңызша, музыка, өнер, еңбек емес екен ғой? Бұл сала зияткерлікке де жатпайтын шығар? Жеті жыл музыка мектебінде, одан соң төрт жыл колледжде, бес жыл жоғары оқу орнында оқып, күні – түні аспаптың жанында даярланып, өзін-өзі шыңдап, ел атынан өнер көрсету үшін тер төгу — сіздің ойыңызша еріккеннің ермегі екен ғой?

Музыканың қыр-сырын меңгеріп, мемлекеттің атынан шет жерде сынға түсу үшін қаншама оқып, тіл үйреніп, репертуар даярлап, қиын партияларды жаттап, іздену де, сіздіңше, білімділікке жатпайды екен ғой?

«Қазақтың ұлдары мен қыздары қандай келбетті, талантты!» — деп басқа елдер сүйінсе, неге шымбайыңызға батады? Әлде сізге қазақты ұсқынсыз етіп көрсеткен ұнай ма? Оның астарында не бар?

Әншіге пікір айту үшін ең болмаса вокал жөніндегі ең қарапайым ұғымдардан хабардар болу керек. Димаш сіз айтқандай «жіңішке дауысты әнші» емес, «төменгі регистрде де, колоратуралық сопранолар ғана айта алатын жоғары ноталарды да еркін шырқай алатын, дауыс диапазоны өте кең, сирек кездесетін әнші» — деп Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан, Түркия және Қытайдың ең беделді музыка мамандары баға берген өнерпаз. Мұны бәрі – табиғи жаратылыспен қоса сіз өнер адамдарына бұйыртқыңыз келмей отырған тынымсыз еңбектің нәтижесі!

«…бұл байқауға Димаштың қатысуы – қытайлардың саясаты» — депсіз. Қазіргі заманда адамзат жабық қоғамда өмір сүре ала ма? Әлемде көптеген спорттық жарыстар, олимпиадалар, өнер додалары, музыкалық фестивальдер, конкурстар т.б. көптеп өткізіліп жатады. Негізгі мақсаты – елді таныту. Қазақстанның атынан талай азаматтарымыз көптеген шараларға қатысып жатады, соның бәрінен саясат іздейміз бе? Әр саланың мамандары мүмкіндігінше еліміздің әлеуетін көтеріп, мемлекетімізді жақсы қырынан танытуға талпынса несі айып? Қаншама жігіттеріміз бен қыздарымыз халықаралық деңгейде жақсы жетістіктерге жетіп, жүлделермен оралып жатыр, солардың барлығының жеңісінен жымысқы саясаттың астарын іздейміз бе?

Димаш бұл сайысқа біздің жеке қалауымызбен (!) Қытай тарапына ұсыныс түсіргеннен кейін бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, кәсіби шеберлігін толық дәлелдегеннен кейін ғана қатысуға жолдама алды.

Бұл дода, сіз ойлағандай, қазақты алдаусырату үшін ойластырылған жоба емес, бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан, Еуропа мен Азияның түрлі елдерінің ең танымал, кәсіби әншілері ғана қатыса алатын телевизиялық конкурс.

«Асықпаңыз, əлі бұл дода 4-5 айға ұласатын шығар, сол кезде жартылай қытай немесе қытайсүйгіш болып кеткенімізді өзіміз де байқамай қалатын шығармыз. Осы күннің өзінде «шэшэ, шэшэ» деп пост жазып жатқандар бар, бірнеше аптадан соң «нихао» деп кетеді», — дейсіз.

Осыған дейін Димаш Қазақстанның атынан славян мемлекеттерінде өнер көрсетіп, танымал болған еді. Алла бұйыртса, Еуропа, Америкадағы сындарға да барар. Онда да Димаштың қатысуын сол елдердің саясатымен байланыстырамыз ба? Ал қазіргі кейбір қазақтың ана тілін білмей, көрші мемлекеттің тілінде сөйлейтіндігі үшін кейбір адамдардың ұлт мүддесін қолдан беріп жүргендігі үшін, отаншыл еместігі үшін Димаштың қандай кінәсі бар?!?

Марқұм нағашы әжем «Өзіңе өзің мықты бол, қоңсыңды ұры тұтпа» деп отырушы еді. Әрине, шетелдің ықпалынан сақтанған дұрыс. Ол үшін әрқайсымыз өз отбасымызды мықты ұстауымыз керек. Ата-анадан дұрыс тәрбие көрген ұл-қыз көрінгеннің жетегінде кетпейді. Соған күш салайық! Өнерге, білімге, жаңа технологияны игеруге үйретейік. Ата-бабамыздың рухын, ұлтшылдықты бойына сіңірейік. «Сенің әрбір жеңісің — қазақтың жеңісі» дейік. Сонда бізге ешкім де ықпал ете ала алмайды.

Ал енді біріміз шыңға өрмелеп бара жатқанда екіншіміз оның балағына жармасып жатсақ, ел мүддесі туралы әңгіме айтудың өзі артық…",-деді ол.

Димаш Құдайбергенов Қытайдағы I am a Singer жобасының екінші кезеңінде жеңіске жеттіп, қытайлық тыңдармандар арасында кең танымалдыққа ие болды.

Пікірлер

  • Гульбике
    Қанат аға пікіріңіз өте дұрыс. Қазақтың атын шығарып жатқан дарынды Димаштай жандарға Алла жар болсын! Халық сіздермен! Ит үреді, керуен көшеді!
  • Gulnur
    Осы бізде неге нағыз таланттарға қолдау көрсетпей кері тартып көре алмайды екен.Димаштың талантты екені айдан анық.Байқауда сәттілік тілеймін
  • бакыт жангожиева
    Димаш жарайсын саган саттилик! осы казактарга жагу киын нагыз таланттарга колдау корсетудин орнына мин издеп кери тартуга тырысады.басында акын Ринат агамызда ан алеминде сайыста менсинбеп еди жинишке даусы деп жвлгыз ол емес сондагы торешилерде енди солардын ауыздары жабылды деп ойлаймын.куану керек осындай талантты жаннын казакстан атын алемге танытып жургенине онын касында кытайлар орнынан турып курмет корсетип айкайлап мойындап жатыр бизде олай курмет корсету жок бакырайып отыра беремиз.отырып еригип жагымсыз пикир айтып кери тартканша колдау билдирейк керим брлсандар оздериниз катысып Димаштын дарежесине жетип алыныздар фонограммамен отирки ан айткандарынызга маз болмай.Алга ДИМАШ!!!
  • Сауле Рахимбаева
    Саясат деп түсінсе онда елбасыға хат жолдасын Қазақстан мемлекеті Азия мемлеккетері ішінде Қытай елімен арақатнасты үзсін қай салада болмасын бірлігіміздің қытай елімен қажеті жок деп жазсын сонда ешқандай саясат түгілі басқа жағдайдаларда болмайтын шығар....қолдан келсе дүние жүзіне соның ішінде Қазақ еліне не жағдай болсада ол Қытай елібəріне кінəлі емес шығар ол Алланың жазғаны....қандай сынақ келседе..Димашқа келсек оны қолдаған дұрыс Ол дарынды талант иесі шариғат бойынша əн айту күнə онда неге қазақстандағы барлық əншілерге тыйым салмайсыздар.....сонда Димашта Қытай елінде өз бағын сынамай уйінде отырар меді кім білсін....мен өзім Димаш Құдайбергеновты қолдаймын
  • ТУРАБЕК Амина
    Мактану керекпиз Димаштын барына корге тыгу емес
  • Толыктай келисемин

Пікір жазу