Гостиницы в Алматы
2017-02-13 14:58:22 633 0

"Меломен" тобының продюсері Бауыржан Есебаев Жігер Ауыпбаевқа қатысты пікір білдірді. Ол әншінің топтан кететіні туралы ұялы телефон арқылы хабарлама жазып қана жібергеніне разы емес екенін айтады. 

"Кетер кезінде Жігер маған келген жоқ. Біз өзіміз шақырып алдық. Қажылыққа кетерінің алдында Жігерге шамам келгенше ақылымды айттым. Ол жауабымды қажылықтан келгеннен кейін беремін деді. Берген түрі сол болды, хабарлама арқылы: "Мен топтан кеттім, әрі қарай өздеріңіз жұмыс істей беріңіздер", – деп жазыпты. Бар мәдениеті, бізге деген, «Меломенге», Есебаевқа деген сыйы, құрметі осы бір хатқа қана жетті", - деді топ продюсері КТК арнасының "Инсталайық" бағдарламасына берген сұхбатында.

Топтың өзге мүшелері Жігер Ауыпбаевтың мұндай қадамға не себепті барғанын білмейтіндіктерін айтады.

"Жігердің кетуінің себебін шыны керек, өзіміз де білмейміз. Өзіміз де соны түсінгіміз келеді. Ғаламтор желілері шулап жатыр. "Жігер қайтсын" дегендер де болып жатыр. Біз де оның қайтқанын қалаймыз. Бірақ 4 ай болды Жігерді күтіп отырғанымызға. Жұмыс болғаннан кейін, қаншама ән жазылғаннан кейін, еңбек жатыр ол жерде, алда өзіміздің кешіміз бар, бәрі далада қала ма деп ойладық. Сондықтан да Жігер қайта ма деп күттік. 4 айдан бері оның бір-ақ жауабы болды, бар айтқаны: "Жұмыс істегім келмейді". Бізді расымен де ренжітті Жігер. Бірақ біз мұсылманбыз, бауырмыз. Бір-бірімізге кек сақтамаймыз. Бұл осымен тоқтап қалмайды, өмір осымен бітпейді. Әрі қарай «Меломен» трио болып жұмыс істейді. Ешкімді алмаймыз, - дейді олар.

Бауыржан Есебаевтың айтуынша, топ осы уақытқа дейін 20-25 ән жазып, 3 клип түсірген. Сондықтан Жігердің жасап отырғанын дұрыс дей алмайды екен.

"Қаншама ақша шығарылды, мұның бәрі бізге қаржылай шығын. Сондықтан Жігердің жасап отырғанын дұрыс деп құптай алмаймын. Бірақ өкпем де жоқ. Жігер қайтадан келіп, жұмыс істейтін болса, біз кешіреміз. Келіп жұмыс істесін, ал егер істемейтін болса, біз оны да кешіреміз. Өзіміз жұмыс істей береміз", - дейді ол.

Бұған дейін Жігер Ауыпбаев Baistars.kz сайтына эксклюзив сұхбат беріп, топтан кетуінің себебін түсіндірген еді.

Әншінің мұндай қадамға баруына наразы топ жанкүйерлері редакциямызға хабарласып, өз пікірлерін білдірген болатын.

 

Пікір жазу