Гостиницы в Алматы
2017-06-28 10:29:36 19 0

Өткен жыл қазақ ауыр атлетикасы үшін аса қиын жыл болды. Атағымызды әлемдік деңгейде аспандатып жүрген зілтемірші чемпиондарымызды халықаралық допингке қарсы агенттік жаппай жазалады. Көпшілік бұл жағдайды әртүрлі қабылдады. Бірі халықаралық допингке қарсы агенттік пен халықаралық ауыр атлетика федерациясының айыптаумен келісетінін айтса, енді бірі бұл қазақ ауыр атлетикасына жағылған күйе мен негізсіз жала деп пікір білдірді.

Бүгін сіздерге baq.kz  сайты ұсынған Жасұлан Қыдырбаевтың сұхбатын ұсынамыз.

Қазақ елі хас батырымен 2014 жылы танысты. Жасұлан Қыдырбаев Алматыда өткен жаһандық додаға қатысып, ауыр атлетика бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы деген \атақты қанжығасына байлады. Мұның алдында да Жасұлан допингпен ұсталып, екі жылдық үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралған беті еді. Осыдан соң жолы ашылып, өзін мойындатқан ол 2015 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатына Алмас Өтешовпен бірге аттанған. Сол додада Алмас күміс, Жасұлан қола еншілеп, Қазақстан жұртшылығын тағы қуанышқа бөледі. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Илья бастаған олимпиада чемпиондарымызбен қатар Алмас Өтешов те, Жасұлан Қыдырбаев та допинг дауына ілікті. Жасұлан мұның алдында да бір мәрте жазаға ұшырағандықтан, осы жылы 8 жылға бір-ақ шеттетілді. Қазір ауы р атлет шәкірт тәрбиелеу ісімен шұғылданып жүр. Біз осынау даңқты спортшымен сұхбаттасып, оның қазіргі жай-күйін, спорттағы допинг дауы жайында сұрап, өз ойын білген едік.

Жасұлан, спорттан тыс өміріңіз қалай өрбіп жатыр? Көкейдегі өкініш басылды ма?

  • Ресми жарысқа шығып зілтемір көтермейтінім болмаса, күнделікті жұмыс барысы осы спорттың айналасынан ұзап кеткен жоқ. Қазір уақытымның басым бөлігін ата-анама, отбасыма, кішкентай қызыма арнаймын. Сол кісілердің бақыты үшін еңбек етіп жүрмін. Сондықтан көкейімде өкініш бар деп айтпас едім. Қайта, осы тұрғыдан алғанда спорттық жолымның ертерек аяқталғаны да дұрыс болды ма деп ойлаймын. Бәрі Алланың қалауымен болатын нәрсе. Сол себепті ер жігіт мұндай сынаққа да даяр болғаны дұрыс.

Спортшылар жаппай айыптауға іліккелі бері, біраз адам атлеттерді қолдаса, біразы допинг дауына сенеді. Өз-өзіңізді ақтай аласыз ба?

  • Әр адам әртүрлі ойлайды, сол себепті ешкімнің ойына шектеу қоя алмайсың. Біз барынша таза дайындалуға, ел абыройын шығаруға тырыстық. Бірақ, жолымызды кескен жағдай, әрине, көңілді түсіріп, жабырқатады. Мен бұрын бізден алынған сынамалар арнайы құрылғыда сақталып тұра береді деп ойлайтын едім. Сөйтсем оған да адам араласып, адамның қолы тиеді екен. Демек ондай жерде толыққанды тазалықтың болуы неғайбыл.

Әлем чемпионы атанып, одан кейін жаһандық доданың күмісін алып жатқан кезде жолыңызды шорт кесті. Жаза мерзімі 8 жыл деп көрсетіліпті. Межелі уақыт біткен соң, спортқа қайта оралып өзіңізді дәлелдегіңіз келмей ме?

  • Бұл тіпті де аз уақыт емес. Осы 8 жылдың ішінде спортшының өзінің дене дайындығын, психологиялық дайындығын үлкен жарыстардың деңгейінде ұстап тұруы өте қиын нәрсе. Әлбетте, қайта оралсам деген тәтті ойдың келетіні шындық. Бірақ, барлығы біз ойлағандай жеп-жеңіл емес. Көңілге жұбаныш болатын бір нәрсе, ол – менің осы спорт саласында, осы зілтемірдің айналасында жүргеніміз. Біз бәрін тастап басқа салаға кірігіп кетпейміз, не болса да несібеміз мен бұйырғанын осы спорттың айналасынан шөпшіп жейміз. Соңғы уақыттары кроссфитпен айналысуға ден қойып жүрмін. Ең бастысы адамның алдында арман мен мақсат жойылмауы тиіс. Менің де өз армандарым бар. Соларды орындау үшін еңбек етеміз.

Қазір нақты не нәрсемен айналысып жатырсыз?

  • Шаруамның жай-жапсарын толыққанды айтып отырғым келмейді. Зілтемірден алыстан кеткеніміз жоқ. Қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеу ісіне ден қойған жайым бар. Оларға тек физикалық тұрғыдан емес, психологиялық тұрғыдан да мықты болу арқылы жеңіске жетуге болатынын, өз күшіңді қалай сақтап, қалай ұқыптап пайдалану керектігін үйретуге тырысамын. Сондай сабақтар кезінде, былайғы уақытта да жиі-жиі темір көтеріп, спорттық бабымды сақтауға күш саламын. Негізінен осы уақытқа дейін көрген-білген тәжірибемнің барлығын жастармен бөлісіп, соларға көрсетіп жүрмін.

Шәкірттеріңізге ең бастысы не нәрсені үйретесіз. Өзіңіз үлкен спортта жүргенде қай нәрседен жиі қателік жіберетін едіңіз?

  • Шәкірттеріме ең бастысы сабырлы, ұстамды болуды үйретемін. Өзім осы мінезден кей сәттерде арыла алмай қалғаным да бар еді. Әсіресе, әлемдік жарыстар кезінде жанып кетесің де, сабырсыздыққа тап боласың. Бірақ, ол спортшыға зиянын тигізбесе, пайда алып келмейді. Әсіресе, жас кезімізде зілтемір көтере алмай қалсақ, қарсыласқа жол берсек бапкерді тыңдамай кетіп, бұлқан-талқан болушы едік. Алайда, үнемі дәл сондай ашушаң болу, спортшыға абырой алып келмейді екен. Сондықтан спортты кәсіби түрде серік еткен адам психологиялық тұрғыдан берік, мықты болуы қажет деп ойлаймын.

Психологиялық мәселеден кейінгі шаруа – физикалық дене дайындығының мықты болуы ғой. Осы ретте ауыр атлетикадағы медициналық даярлық мәселесі қаншалықты жолға қойылған?

  • Ауыр атлеттер салмағы 200-300 келі болатын темір көтергендіктен, денесіне үлкен жүк түскендіктен оның бұлшық еті қатты өседі. Оның ішінде жүрегі де өседі екен. Сол себепті ауыр атлеттердің махаббаты ерекше болады деген өз арамызда қалжың да бар. Бұл енді біржағы әзіл болғанымен, біржағынан ақиқат. Біз, спортшыларға қарапайым адамдар секілді тексеріле салу жарамайды. Мәселен, спортшыларда «жүрек шуылы» деген болады. Бұл жағдаймен дәрігерге барсаң, олар толтырып дәрі жазып береді. Бұл сала біздің елде қарыштап дамып кеткен деп айта алмас едім. Спорттық дәрігерлер өте көп жетіспейді. Ал ол шын мәнінде соншалықты емді қажет етпейтін дүние. Сондықтан да бізде спорттық медицинаны дамыту үшін, спорттық дәрігерлер қатарын арттырып жатса, дұрыс болар еді. Бұл спортшының жетістікке жетуі мен оның жардан құламауына тікелей себепкер дүние.

Пікір жазу