Елбасының жарлығымен 1997 жылдың 31 мамыры Қазақстанда «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп белгіленді.Осы күнге орай бүгін Астанада «Аманат» фильмінің тұсау кесері өтеді.
Көркем фильм белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановқа арналған. Фильм Қазақстан тарихының Кенесары хан тұсындағы саяси жағдайы жайлы Е.Бекмахановтың еңбектерін негізіге ала отырып түсірген. Режиссері Сатыбалды Нарымбетов.
Нақты тарихи оқиғаларға негізделген фильмде Кенесары ханның рөлін актер Санжар Мәдиев, ал Ермұхан Бекмахановтың рөлін Берік Айтжанов сомдаған. Басты кейіпкер — 19 ғасырдағы қазақтардың Ресей империясына қарсы күресін ұйымдастырған, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы. Фильмде онымен қоса Бұқарбай батыр сияқты ханның сенімді серіктерінің өмірі көрсетілген. 2 сағат 20 минутқа созылатын оқиға желісі параллельді түрде болады. Тамашалау арқылы 19 ғасырдағы Кене хан өмірін және 20 ғасырдағы Кенесары хан туралы зерттеу жүргізген Ермұхан Бекмаханов өміріне саяхат жасауға болады. Фильмді түсіру барысында, Nomad каскадёрлері шайқас эпизодтарына қатысты.
Тарихшы Е.Бекмаханов өз заманында Сталиндік қуғынды көрген жандардың бірі. 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы үшін Бекмаханов билік тарапынан қудаланған-ды. Оған Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты ақтаушы, буржуазияшыл-ұлтшыл адам ретінде айып тағылған. Ал қадалған жерінен қан алған тарихшы, өз еңбектерінде Кенесарының батыр екендігін және оның қозғалысы ұлт-азаттық тұрғыда болғандығын дәлелдермен келтірді.
Ұлт, ел болып қалыптасу жолындағы тарихымыз таспаланған туындыны 14 маусымнан бастап барлық кинотеатрлардан көре аласыздар.



Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS