Бокстан орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымы бойынша Әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатына алғыс білдірді.
Головкин 18 қазан күні канадалық Давид Лемьены жеңіп, WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша чемпиондық атағын қорғап қана қоймай, IBF белбеуін де иеленген еді. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің атын әлемдік аренада танытып жүрген отандасымызды құттықтап, алғыс хат жолдаған болатын.
«Атақты қарсыласпен өткен әділ әрі ымырасыз жекпе-жекте жоғары спорттық шеберлігің мен жігерлі мінезіңді көрсету арқылы сен өз Отаның – Қазақстан Республикасын лайықты таныта білдің. Сенің жарқын жетістіктерің біздің спортшыларымыз үшін жақсы үлгі болатынына және еліміздегі бокстың одан әрі дамуын ынталандыратынына сенімдімін», – делінген құттықтауда.
Кеше боксшы алғыс хатты алғанын хабарлап, ризашылығын білдірді.
«Мен Қазақстанды жақсы көремін. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған құттықтау хатқа ризашылығым шексіз», — деп жазды Головкин «twitter» желісіндегі жеке парақшасында. Сонымен қатар, қазақстандық боксшы ҚР Нью-Йорктегі Бас консулымен түскен суретін жариялады.


Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS