Гостиницы в Алматы
2014-12-03 19:49:21 2823 1

Сиви Махмуди : «Қазір мен үшін бастысы ол менің жобаларым, бизнесім»

Соңғы уақытта біз әнші Сиви Махмудидің әлеуметтік парақшаларынан «Аяла» тобының құрамындағы өзгерістерді байқап жүрміз. Сонымен қатар, Сивидің жеке өмірі, шығармашылық жаңалықтары да көпшіліктің назарында жүргені өтірік емес...

Біз соңғы жаңалықтарды толығырақ білу мақсатында Сивидің өзімен және «Аяланың» жаңа құрамымен сұхбаттасқан болатынбыз:

- Қайырлы күн, Сиви, қыздар! Соңғы уақытта өздеріңізден жақсы бастамалар, жаңалықтар байқап жүрміз. Ең бірінші Сиви сізді екінші сәбиіңізбен, өткен туған күніңізбен, жалпы барлық қуаныштарыңызбен құттықтаймыз! Сиви, сізді халық жан-жақты өнер иесі ретінде таниды. Әнші, актриса, продюсер - Сивидің өнерінде біз білмейтін тыңнан қандай жаңалықтар болып жатыр екен?

— Рахмет үлкен. Аса бір сенсация етіп айтатын әзірге жаңалық болмай тұр. Себебі, білесіздер көп уақытым балаларыммен, отбасыммен өтуде. Соған қарамастан, өзімнің өнерімді, шығармашылығымды қолдан келгенше алып жүруге тысырып жатырмын. Менің шығармашылығымда халықты қуантатын жаңа бейнебаян, әндер жақын арада болады. Бірақ, қазір мен үшін бастысы ол менің жобаларым, бизнесім.

— Өзіңіз екі баланың анасысыз. Қазақ халқы үшін бала тәрбиесі бірінші кезекте тұрады. Сіз бала тәрбиесінде ұлттық тәрбиені қаншалықты басты назарда ұстайсыз? Үйде қай тілде сөйлесесіздер ?

— Біздің отбасымызда, әрине, ең бірінші орында – бала тәрбиесі. Өзіміз Оңтүстік өңірдің тумалары болғандықтан, барынша қазақы тәрбиені беруге тырысамыз. Білесіздер, әкем – Қызылордалық, анам– Шымкент өңірінен. Өзім қазақы тәрбиеде, ұлттық құндылықтардың маңызын түсініп өскен қыз болғандықтан, мен де сол көрген тәлімімді балаларыма бергім келеді. Сондықтан, қазақшылығымызды, салт-дәстүрімізді барынша балаларыма кішкентай кезінен сіңіріп өсіруге тырысамын. Үйде, әлбетте, қазақ тілінде сөйлесеміз, балаларым да былдырлап сөйлеп келеді.

— Енді, «Аяла» тобына кезек берсек. Топтың жаңа құрамы туралы толығырақ айтсаңыз? Қыздардың кәсіби музыкалық білімі бар ма?

— Қыздарымның кәсіби музыкалық білімдері бар. Негізі «Аяла» тобы бұрыннан келе жатқан топ. Менің тұрмысқа шығуыма байланысты екі жыл үзіліс болғаны рас. «Ұстазынан шәкірті озады» демекші, топ құрамындағы бұрыннан келе жатқан Арайлы есімді аруымыз да менен өз рұқсатын алып, тұрмыс құрды. Ол қазір бұл топта өз өнерін жалғастырып жүр. Топ құрамының өзгеруіне байланысты, «Аяла» тобының менің туған күнімде тұсауы кесіліп, кішігірім таныстырдық. Әрі қарай қыздар өздерін таныстырып өтсін.

Арайлы: Менің есімім - Арайлы. Отбасылымын. Осы топта бұрыннан өнер көрсетіп келемін. Міне, топ жұмысы әрі қарай жалғасын тауып жатыр. Бағындырар белестеріміз алда деп ойлаймын. Әрине, ол үшін еңбек керек .

— Отбасыңызбен бірге өнерді қатар алып жүру қиын емес пе?

Арайлы: Жоқ. Ең бастысы маған жолдасым, ата-енем қолдау танытып отыр. Ол кісілердің қолдауы мен үшін маңызды. Жанымда демейтін, өнерді түсінетін жақындарым бар кезде маған қиын емес.

Алма: Менің есімім – Алма. Киелі өлке – Сыр елінің қызымын. Осы уақытқа дейін көптеген ән байқауларының жеңімпазы болғанмын. Қазіргі таңда Абылай хан атындағы халықаралық және әлем тілдері университетінің соңғы курс студентімін. 9 жыл вокалға қатыстым, соның нәтижесінде осы топқа қабылдандым деп ойлаймын.

— Алма, сізге көп қыздардың арасынан оза шауып шығу қаншалықты қиын болды? Бұл сәттіліктің сыры неде?

Алма: Талап барлық жерде бірдей және қатал деп ойлаймын. Ең бірінші өз талантыңды көрсету басты мақсат. Әрине, көптеген талантты қыздар, мықты дауыстың иелері келді. Солардың арасынан өту маған ең бірінші Алланың бұйырып тұрған бағы деп ойлаймын.

— Қыздар, «жұлдыз ауруы» дегенді қалай түсінесіздер? Бұл ауруға жаңа келген Алма, сіз шалдығып қаламын деп ойламайсыз ба?

Алма: «Ұлылықтың басты символы – қарапайымдылық» деген принципті ұстанатын Сивидің қыздарынан мұндай ауру шығуы мүмкін емес.

— Сиви, демек, отбасылы қыздар сіздің топта ән айта алмайды деген шарт сізде жоқ болғаны ғой. Сіздің топқа түскісі келетін қыздар да өте көп болғанын білеміз. Жаңадан топ құрамын қалай таңдадыңыз? Әнші ретінде, жеке тұлға ретінде қандай талаптар болды?

— Жоқ, мен үшін ең бастысы қыздардың таланты, өнері және адами қасиеті. Ең басты қояр шартым, ол – қарапайымдылық. Мен үшін әлеуметтік жағдайы немесе басқа да артықшылықтары маңызды емес. Кастингке келген қыздарға да қойған талабым осы болды. Көптеген қыздар келді. Кейбір қыздар өздерінің талаптарымен келді. Олай келмей жатып маған талап қойған қыздарды алуға шынымды айтсам мен қорқамын. Өнер әлеміне жолбастар кастингке келген адам ең бірінші өзінің талабымен емес, талантымен келу керек деп ойлаймын. Қанша бет-әлпеті сұлу, бойлары ұзын бір сөзбен айтқанда «модель» қыздар да көп болды келген. Бірақ, мен модель қыздар жинап жатқан жоқпын. Менің тобыма нағыз таланты бар, вокал, музыкалық білімі бар, қазақ тілінде сөйлей алатын, мінезі көркем қыз керек болды және ол әнші қызымызды таптық. Әрине, бет-әлпеті, бойының ұзындығы деген сияқты талаптар міндетті.

— Бүгінде біздің отандық шоу-бизнесте қыздардан құралған мықты топтар көп. Солардың бірі емес, бірегейі болу үшін қандай жұмыстар жасалынады? «Аяла» тобы алдағы уақытта халықты немен таң қалдыра алады? Қандай ерекшеліктерімен?

— Біз ең бірінші өз өнерімізбен, талантымызбен, дауысымызбен ерекшеленеміз. Айта кетерлігі қазақы стилімізбен ерекше топпыз. Аты айтып тұрғандай «Аяла» сондай нәзіктіктен, әдеміліктен, биязылықтан құралған топ. Біздің басты ерекшелігіміз осында!

— «Аяла» тобынан басқа жаңадан жобалар алу, дайындау ойыңызда бар ма?

— Әзірге, осы қыздармен көптеген жоспарларды орындап, Алла қаласа жетістіктерді бағындырсақ жаңа жобалар дайындауға болады. Жалпы, «Аяланың» жеткен жетістіктері бар. «Алматым – жүрегімде» атты ән додасында көлік жеңіп алған болатынбыз. Жасалынған еңбекті айтпай кетуге болмайды. Бұл топпен алдағы уақытта да үлкен байқауларға қатысамыз деген мақсат бар. Талантты жастарға мүмкіндік болады. Көктем мезгіліне қарай, мүмкін жобалар алып қалармын.

— Сіз, «мен үшін қазір бизнес» деп айтып қалдыңыз. Сіздің брендіңіз бар екенін білеміз. Сіз өз брендіңізді қай өнер адамына ұсына алдыңыз? Кімнің үстінен көруге болады?

— Басында, брендті өзіміз сызып, тігіп сатамыз деп ойлаған болатынбыз және солай жұмыс басталған. Шыны керек, кейін тоқтатуға тура келді. Қазір, шет елдерден, атақты брендтердің сәнді киімдерін әкеліп жүрмін.

— Қыздарыңыздың киім үлгісі қалай таңдалады? Отандық дизайнерлердің туындыларын қолданасыздар ма? Әлде, тек шетелдік сән үлгілері ме?

— Жоқ, тек шетелдің киімдерін киеміз деп айтпаймын. Отандық дизайнерлер ішінен сондай ерекше, қайталанбайтын киім үлгілері болып жатса міндетті түрде қолданамыз. Бізде қайталану көп сияқты. Өзім ерекшелікті жақсы көргендіктен, қайталанып киініп жүргенді аса ұнатпаймын. Мұндай жағдайлар орын алса, халықтың алдындағы сыны дизайнерлерге емес бізге келеді. Сондықтан, сахналық киімдердің ерекше болғанына қатты мән беремін.

— Сіздерді елімізде болып жатқан саяси жаңалықтар қаншалықты қызықтырады? Толғандыратын мәселе бар ма?

— Әрине, отанымыздағы болып жатқан жағдайлар міндетті түрде алаңдатады. Тіл мәселесі, білім саласындағы жаңалықтар барлығынан хабардар болып отырамыз. Елбасымыздың әр жылғы жолдауын тыңдап, оны жүзеге асыруға атсалысамыз. Бұл біздің Қазақстан азаматы ретінде міндетіміз деп білемін.

— Алда Тәуелсіздік мерекесі келіп  қалды. Халыққа айтар жылы лебіздеріңізбен сұхбатымызды аяқтасақ.

— Елбасымыз аман болсын. Әрқашан қазақ халқын осындай азамат басқарып отырғанын мақтан тұтамыз. Қазақ халқының бағы – тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Алаш жұрты аман, деніміз сау болсын!

Сіздерге де шығармашылық өрлеу тілеймін! Сұхбаттарыңызға рахмет!

Әзірлеген: Назерке Өрқара

Пікірлер

  • Әсем
    Сиви Махмуди, мен сіздің шығармашылығыңызға бас иемін. Әрдайым өзіңіздің креативті идеяларыңызбен көзге түсесіз. Жас болсаңызда талай белестерді бағындырып, сан түрлі қырларыңыздан танылып келесіз. Аяла тобының қайта жаңарған құрамда өнер жолын жалғастыратынын естіп, іштей қуанып жатырмын. Вокалдары өте мықты топ, сонысымен мен үшін ерекше ілтипатқа ие. Бейнебаян мен әндеріңіз көп болсын! Асыға күтудеміз!

Пікір жазу