Гостиницы в Алматы
2017-06-13 11:41:01 175 0

«ЭКСПО-2017» аясында Астана қаласының «Қазанат» ипподромында ат жарысы болып өтті.

Шара ұйымдастырушылары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы», Астана Әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі және «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы». Әлеуметтік серіктес «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Жарыс бағдарламасында көпшілік аламан бәйге – 25 шақырым, топ бәйге – 15 шақырым, жорға аттар жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырым, 2400 және 1800 метрге ұшқыр аттар жарысына (гладкие скачки) куә болды. Ұшқыр аттар жарысы бойынша (2400 және 1800м) сыйақы қоры – 63млн 600мың теңгені (200 мың долл.) құраса, ұлттық жарыс түрлерінің сыйақы мөлшері – 36 млн теңге (115 мың долл.). Сома жүлдегерлер арасында 5-ші орынға дейін бөлініп берілді.

Жарысқа барлығы – 150-дан астам еліміздің жүйріктері қатысқан. Сондай-ақ еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан өзге РФ, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Болгария мен басқа да елдерден қатысушылар келген.

 Құнан бәйге бойынша – «Доран» есімді жылқы өзгелерді басып озса, топ бәйгеде «Сүлікқара» жеңімпаз атанды. Ал мәре сызығына бірінші жеткен Желқанаттың иесі 10 млн теңге сыйақыға ие болды.

 Айта кететіні, бұл күні тек ат жарысы емес, сонымен қатар ұлттық ойындар «Жамбы ату, «Қыз қуу», «Теңге ілу» секілді ойындар ойнатылды.

Пікір жазу