Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұсынып отырған «Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар әні байқауының Ұлттық іріктеуі Атырау облысында өтті. Ұлттық іріктеу 2015 жылдың 15 шілде күні, Атырау қаласы, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті.
Түркітілді халықтар арасында алғаш рет өткізіліп отырған керемет байқаудың мақсаты — музыкалық өнер арқылы балаларға қолдау көрсету, отандық сазгерлер арқылы қазақ тіліндегі жаңа балалар әндерін жарыққа шығарып, ол әндерді Қазақстанның барлық балабақшалары мен мектептеріне тарату.
Таңертеңнен бастап мәдениет сарайына өз өнерін көрсетуге Атырау өңірінің түкпір-түкпірінен жүзден аса өнерпаз жиналды. Байқауға тіркелуден кейін, байқау ұйымдастырушылары балаларды ойын ойнауға, флешмоб жасап, телевизиялық түсірілімдерге түсуге шақырды. Атырау аймағының тумасы, бүгінгі байқаудың қазылар алқасының төрағасы, әнші Бейбіт Қошқалиев жерлестерін қарсы алып, сәттілік тілеп, қолтаңба беріп үлгерді. Ең бастысы соңғы уақытта ел арасында хитке айналған «Қайтесің өзгені» әніне қосылып жас таланттармен бірге би биледі. Өнерпаздардың ата-аналары да өз балапандарына қолдау көрсетеміз деп, байқау алаңында өздері хор құрды. Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен басталған әндер шеруі жергілікті аймақтың әнұранымен аяқталды. Дәл мұндай қолдау әлі бірде-бір аймақта болған емес. Екінші кезеңге өткен үздік отыздықты тыңдау қазылар алқасының еншісінде. Атырау облысынан жеңімпазды анықтауға Бейбіт Қошқалиевпен бірге дарынды сазгерлер Ренат Аубакиров және Ғалымбек Исмбергенов келді.
Бүгінгі іріктеуге сүйікті аспаптарымен бірге, дәстүрлі ән орындайтын көптеген өнерпаз жиналды. Атыраулық Аружан Қуатова Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының дәстүрлі ән сыныбында оқиды. Оның орындаған алғашқы әні «Ғашық жүрек» фильміндегі халық әні «Әдемі қыз» еді. Өнерпаз халық әнімен көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді. Соңғы жылдары Аружан терме орындап, халық әндерін баса назар аударуда. Бірақ, эстарадалық жанрдағы әндер де репертуардан кеткен жоқ. Болашақта Аружанды танымал әнші ретінде биік сахнадан көретінімізге сенеміз.
Құлсары қаласынан келген Абзал Нұрланұлы өз өнерімен тәлімгерлерді таң қалдырды. Бала сегіз жасынан бастап музыка мектебіне қабылданғаннан бастап, ән сала бастаған. Аймаққа белгілі әнші нағашы ағасы Елдос Емілдің ізін қуған, талант иесі болашақта Бекболат Тілеухан мен Ерлан Рысқали сияқты дәстүрлі әнші болғысы келеді.
Мұнайшылар ордасына облыстың түкпір-түкпірінен көптеген жас өрендер келді. Соның бірі ерекше дауыс пен ерке мінездің иесі Игілік Серікұлы. Ән сабағынан беретін ұстазы Ләйлә Мұқатованың айтуынша, шәкірті өте дарынды әрі ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі бар. Олар шалғайдан, яғни, Махамбет ауданы, Алға ауылынан ат терлетіп келді. Игілік ешкімге еліктемейді, өз көңілінен шығатын патриоттық, туған жер туралы әндерді орындағанды ұнатады.
«BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауының жартылай финалында Атырау облысының намысын қорғайтын бірдей екі жеңімпаз — Аяулым Айнабекова мен Нұрдаулет Тілекқабыл. Аяулым Айнабекова он бір жаста. Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясында вокалдан сабақ алады. Үйде әжесі мен әкесі өнерге жақын адамдар болғандықтан, баланың кішкентай кезінен әнге деген қызығушылығы ерте оянды. Ұстазы Алма Сағидоллақызы шәкіртінің талабының зор екенін бірден байқаған, оған екі ай қызу дайындықтан кейін республикалық байқауда алған бас жүлде дәлел бола алады. Ол Жанар Дұғалова мен Маржан Арапбаеваны үлгі тұтады. Ал тоғыз жасар Нұрдаулет Тілекқабыл кәсіби түрде музыкамен айналыспаған. Өз күшімен үйде дайындалуға тура келген. Музыкадан бөлек футбол ойнап, самбоға қатысады. Жақында Республикалық дарынды балаларға арналған «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығына оқуға түскен Нұрдаулет, үлкен сахнада өнер көрсетем деген арманынан алыстаған жоқ. «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауында баласының бақ сынап көруін армандаған анасы, қателеспегеніне қуанады. Енді, Нұрдаулет пен Аяулым 16-17 қыркүйекте Астанада өтетін байқаудың жартылай финалы мен финалында дуэт болып өнер көрсетеді. Егер, қазылар алқасы мен көрермендер ең көп дауыс беріп, дуэт Ұлттық іріктеуде жеңіске жетсе, олар осы жылдың желтоқсан айында Стамбул қаласында өтетін «Bala Turkvizyon» финалында Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын болады.





Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS