Гостиницы в Алматы
2016-04-01 12:05:32 81 0

Қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы. Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туғанына бүгін 91 жыл толды. Нұрғиа атамыз Мәскеудің Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында, қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде өмірінің соңына дейін қызмет етті. Нұрғиса Тілендиев қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырды. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. 

Нұрғиса Тілендиев дегенде көз алдымызға бірден домбыра мен оркестр келеді. Нұрғиса Атабайұлы Ахмет Жұбановтан кейін қазақтың төл музыкасын төл аспаптарымен оркестрлік үлгіде дыбыстау арқылы, әрі қалай дамытудың тамаша үлгісін көрсетіп кетті. Жамбыл Жабаевтың алдында ойнап өскен бала туралы жыр алыбы мендегі жолбарыстың ендігі иесі осы Нұрғиса болады. Түсімде осыны көрдім деген екен. Ал даңқты композитор өзі турасында «атам мен дүниеге келгенде қызды болдым деп қуаныпты. Немере қызымның атын далада нұр құйып тұр, Нұрғиса болсын десе, достары әй Тіленді, қызы несі, екі бұтының ортасына қарасай десе, жарайды Нұрғиса бола берсін» депті атасы.

Нұрғиса бала кезінен-ақ музыкаға жақын болып өсті. Қазақ пен қырғыздың, орыс пен татардың түрлі аспаптарында ән мен күйді құқылжыта тартқанда ауыл-аймақ таңғалатын. Есейе келе Кенен Әзірбаевтан бата алып, өнерге түбегейлі бет бұрды. «Домбырашы Нұрғисаның қолына домбыра тисе, теңіз төрінде дауыл көтерілгендей, алай мен дүлейдің аласапыранына түсіп, дирижер Нұрғисаның қолына оркестр тисе, Алатау жапырылып, Атлант сапырылып кеткендей» деп қаламгер досы Әбіш Кекілбаев тура бағасын беріпті.

Нұрғиса Атабайұлы  бар ғұмырын қазақтың рухын асқақтатуға арнады. Бұл жолда ол халқымен етене тіл табысып, халқының сырласы да, мұңдасы да бола алды. Бірде өзі мен ата-анамнан тумағандаймын, өйткені мені халқым үнемі алақанына салып аялап жүреді деген еді. Нұрғиса Тілендиев Қазақстан композиторлары ішінде тұңғыш рет «Халық қаһарманы» атағын алды. Елбасымыз үйінде сырқаттанып жатқанында арнайы барып, кеудесіне таққан еді. «Нұрғисаның тұла бойы толған дыбыс қой, оның денесінен бір жапырақ етті үзіп алып, лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүлкілдеп, өлең айтып жатады» - деп айтқан Қанабек Байсейітовтің сөзін бүгінде айтудың реті келіп тұрғандай. Мені Жамбыл атамның жанына жерлеңдер, қоштасарда «Құстар әнін» шырқаңдар депті. Халқы оны өзінің Құстар әнімен шығарып салды. Тұманбай ақын сөзін жазған әні әлі күнге дейін шырқалып келеді....

Еркін Шәкірұлы

Пікір жазу