Гостиницы в Алматы
2017-02-07 12:05:43 576 0

Қайрат Нұртас пен Димаш Құдайбергенов бірлесіп қайырымдылық кешін өткізуі мүмкін. Бұл туралы Қайрат Нұртас Baq.kz сайтына берген сұхбатында хабарлады.

Оның айтуынша, кеш Ақтөбеде өтуі мүмкін. «Халыққа арнап қайырымдылық кешiн өткiземiз деген ойымыз бар. Бұл туралы Ақтөбеде Димаштың әкесiмен сөйлескен болатынбыз», - дедi Қайрат Нұртас.

Сонымен қатар әнші Димаш Құдайбергеновтың Қытайдағы "Singer" жобасына қатысып жатқандығы туралы пікірімен де бөлісті.

«Димашжанды мен бес-алты жыл танимын. Әкесiн де, анасын да қатты сыйлаймын, жақсы көремiн. Димаштың Қытайда бiрiншi шыққанын интернеттен көрген кезде менiң көзiме жас келдi. Қатты қуандым. Қазақты мойындатып жатырмыз. Аз ғана халықпыз. Қытайды Димашжан жылатып жатыр. Қазақтың маңдайына жазылған осындай ұлдың барына қуанамын. Артымызда осындай жiгiттер шығып, көтерiлiп жатса, атақты болып жатса, басқа елге бiздi танытып жатса, неге қуанбасқа? Бауырыма тек қана сәттiлiк тiлеймiн», - деп жауап бердi Қайрат Нұртас Baq.kz тiлшiсiнiң қойған сұрағына.

Қайрат Нұртас «Димаш өз елiнде бағаланбай, есесiне шетелдiктер оның өнерiн жоғары бағалап жатыр» деген пiкiрге қатысты өз ойын бiлдiрдi.

«Өсiп келе жатқан мықты жастар бар, өнерлi азаматтар бар. Олардың Қазақстанда шығуы өте қиын. Себебi, көп қаржы керек, оқып, бiлiм алу керек. Ақша жетпей, ауылда жүрiп қалатын өнер адамдары бар. Ал Димаш бұрыннан көрiнiп жүрген жiгiт. Мен бұрыннан көрiп, даусы ұнап жүрдi. Бiрақ мүмкiн сол кезде өзiнiң әнiн, стилiн таппаған шығар. Қытайға барды, мiне, бәрiне көрiндi. Ендi бағалап жатыр. Мен өзiнiң әнiн таппағандықтан шығар деп ойлаймын», - дедi әншi.

Димаш Құдайбергенов 4 ақпан күні Қытайдың "Singer" жобасының үшінші кезеңіне қатысып, үшінші орын алды. Жалпы есепте бірінші болып тұр.

28 қаңтар күні Димаш Қытайдың Hunan TV арнасында тікелей эфир арқылы "Singer" жобасы аясында "Опера №2" әнін айтып, кезең бойынша бірінші орын алған еді.

Алғашқы кезеңде Димаш Құдайбергенов француз тіліндегі "SOS d'un terrien en détresse" әнін орындап, көрермендер қошеметіне бөленді. Қытайлық музыка мамандары оны "Тәңір назарына алған әнші" деп атады, ал фанаттары қазақша үйрене бастады. Жергілікті компания әншінің құрметіне смартфон шығарды, сонымен қатар "Димаш" және "Қазақстан" Қытай интернетінде жиі ізделінетін сөздер қатарына енді.

"Singer" жобасының көрсетілім кестесі туралы осы сілтемеден біле аласыздар.

Пікір жазу