«BalaTurkvizyon-Казақстан» еліміздің барлық аймағын қамтып, Ұлттық іріктеу республикамыздың барлық өңірлерінде өтуде. Байқаудың есігі кез келген қатысушыға ашық, тек жасы 8-13 жас аралығында болу керек. Ұлттық іріктеу тізгінін ұстаған Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының мақсаты — кішкентай қазақстандықтарға мереке сыйлау. Жоба бастамашысы — Әлия Нұрсұлтанқызының арқасында дарынды балалар үлкен сахнада өз өнерін көрсетіп қана қоймай, шоу бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болуда. «BalaTurkvizyon-Қазақстан» — бұл іріктеу ғана емес! Қатысушы балалар телевизиялық түсірілімге қатысып, танымал режиссерлер мен вокалистер, редакторлар, танымал өнер жұлдыздарынан құралған үздік шығармашылық топпен жұмыс жасайды.
Таңертеңнен Тараз қаласының қалалық мәдениет үйіне жиналған балалармен Дастан Оразбеков флешмоб ұйымдастырды. Барлық бала әншінің «Мереке» атты жаңа хит әніне арналған әдемі би қимылдары бірге қайталады.
Дастан Оразбеков – әнші, «Орда» тобының мүшесі, кәсіби биші. Онық мақсаты — өз туған аймағына келіп, ең үздік талант иесін тауып, оның жетекшісі атану. Дастанмен бірге өнерпаздарға қазылық етуге «ТТ» тобының әншісі Парасат Ыбраев пен әнші Динара Қайырова (Ademi) да келді.
Өзінің ақкөңілділігі және сахнадағы еркіндігімен тәлімгерлерді Селина Шукуралиева таң қалдырды. Селина 10 жаста, әкесі Камеруннан, ал анасы Өзбекстанның азаматшасы. Бұл кішкентай қыз, жақында ғана Тараз қаласына Ташкент қаласынан анасы мен інісімен бірге келген екен. Селина бес жасынан бастап ән салады және рок жанрындағы және өзінің айтуы бойынша, көңілді әндерді қатты ұнатады. Тараз қаласындағы Селинаның вокалдан беретін ұстазы – Наталия Красюк. «Мен жазғы демалысқа қарамай, әрқашан ән салғанды жақсы көремін. Би билейтін де өнерім бар» дейді өнерпаз. Селина Шукуралиева қазақстандық танымал әнші Әлішер Каримовтың қарындасы болып шықты. «Жақында мен өз ағамның концертінде өнер көрсеттім, ол маған көп тәжірибе беруде»-деп Селина, іріктеу кезінде «Домбыра туралы баллада» әнін орындады.
Өздерін Тараздың ең жарық жұлдыздары санайтын «Алау» квартетінің жігіттері: Олжас Есенәлі, Азамат Жұмабаев, Дулат Бейбітов және Арафат Еркешпай. Бұған дейін Ұлттық іріктеуге дуэт, трио қатысса, бұл жолы «Алау» байқауда бақ сынаған алғашқы квартет қатарында. Музыкалық жетекшілері Қалипа Буханова, балалар орындайтын патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік туралы әндердің көп болғаны дұрыс дейді. Сондықтан, «Алау» квартеті көбінесе патриоттық әндерді орындайды.Топтың алғашқы мүшелері бүгінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері. Олардың ізін басып келе жатқан, бүгінгі құрам мүшелері, республикалық әрі халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. «Біз жақсы достармыз, бірақ болашақта жеке әнші болуды армандаймыз» дейді топ мүшелері.
Байқаудың ең кішкентай қатысушыларының бірі сегіз жасар Саят Әлихан болашақта домбырада ойнауды үйренгісі келеді, сол себепті өзімен кішкентай домбырасын ала келді. Қара бала қазақтың халық әндерін жақсы көреді. «Менің апайым Гүлбайрам маған жұлдыз боласың дейді, мен қайтсем де «жұлдыз» боламын».
Атақты Жамбыл Жабаев дүниеге келген өңір дарындарға толы: балалар әртүрлі жанрдағы, бағыттағы музыкаға құштар екендіктерін дәлелдеп, әсем дауыстары мен әртістік қабілеттерімен таң қалдыра білді. Қалалық Мәдениет үйінің ішін жиналған өнерпаздар өздерінің үлкен концертіне айналдырды. Егер әртіс дайын болса, тыңдаушылар да табыла кетер. Байқау шарты бойынша «Жұлдызды үйге» жолдаманы аймақтан тек бір ғана қатысушы жеңіп алады. Қазылардың шешімі бойынша Тараз қаласының 12 жасар тұрғыны Думан Марат жеңімпаз атанды. Думан вокал сыныбы бойынша музыкалық мектепте оқиды. Болашақ жетекшісі Дастан Оразбековтің және «Орда» тобының әндерін тыңдап, орындайды екен. Музыкадан бөлек, дзюдо мен домбыра сыныбына барады. Шет тілдерін үйрегенді де жақсы көреді. 16-17 қыркүйек күндері өтетін «BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауының жартылай финалында Жамбыл облысының намысын қорғайтын жеңімпазға жерлестері «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде дауыс бере алады.
Байқаудың келесі аялдамасы — Алматы қаласы. Ұлттық іріктеуді — аймақтық жеңімпазды анықтайтын, «Орда» тобының танымал әншісі Ерболат Беделхан асыға күтуде. Іріктеу 8 шілде күні, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтеді.



Facebook
Twitter
Instagram
ВКонтакте
YouTube
RSS