Гостиницы в Алматы
2015-08-29 20:17:15 2279 1

– Дүниеге нәресте келіп, отба­сыңыз қуанышқа бөленіп жатыр екен, құтты болсын!

– Рақмет! Аллаға шүкір, алғаш рет немере сүйіп, төбем  көкке  екі елі жетпей, ерекше сезімде жүр­мін. Балам мен келінім маған әже болу бақытын сыйлады. Ұлым Олжастан кейін бір қыз ба­ла өмірге әкелейін деп, қанша әре­кет жасап, тырысқаныммен, Құ­дай бұйыртпады. Бірақ Жа­рату­шы иеміз менің сол тілегімді ес­керген шығар, әуелі қыз не­ме­рем дүниеге келді. Балам мен ке­лінім «Сіздің қызыңыз болады» деп, одан сайын мәз қылып жа­тыр.  Кәусар деп атын өзім қой­дым. Өзіме ұқсайды, өйткені Ол­жас маған тартқан. Баламның ту­ғанда қандай болғаны әлі көз ал­дымда. Сол суретті қайта көр­ген­дей күй кештім.

– Келініңіз босанғанда қасында өзіңіз болдыңыз ба?

– Балам мен келініме екі бөл­ме­лі пәтер әперіп, бір күн бұрын дос­тарымыздың басын қосып, қо­ныс тойын жасаған едік. Ер­теңі­не сағат 12-де менде телеви­зия­лық түсірілім болатын. Енді әр­леу жұмыстарына кірісіп, бе­тім­ді боятып, шашымды жөндетіп жатсам, ұлым хабарласып тұр. «Ләззаттың толғағы басталып, №5 перзентханаға түсті» дейді. Келінімді қызымдай жақсы кө­ремін, жағдайын білейін деп сөй­лессем, дауысы дір-дір етіп, қатты қиналып тұрғаны сезілді. Құстай ұшып барайын десем, түсірілімді тастап кете алмадым. Сасқаным­нан құрбыма телефон шалдым. Әлия Отарбаева әрдайым жа­ным­нан табылатын досым ғана емес, әрі Олжастың кіндік шешесі. Жағ­дайымды айтып едім, ол бір ауыз сөзге келместен, «еш уайым­да­ма» деп перзентханаға жүгірді. Қа­лай тыныш отырайын, мүлдем ма­зам кетті. Аяқ-қолым дірілдеп, кө­зімнен жас тоқтамайды. Ви­за­жист қыздар қайта-қайта жасым­ды сүртіп әлек. Қанша сабырлы болайын десем де біраз уақыт өз-өзімді ұстай алмай қойдым. Ба­ламды туғанда қалай қинал­ға­ным көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты. Екі күн толғатып, өліп қала жаздағанмын. Ол кезде қа­сымда ешкім жоқ және қазір­гі­дей емес, жаныңа жан жолатпай­тын. Не керек, дәрі ішіп жатып, әрең дегенде есімді жидым.

Әнімді айтып бола салып, кө­ше­ге шықсам, иін тірескен көлік. Кеп­телістен әрең дегенде өттім. Бар­сам, келінім босанып қойып­ты, ұлымның екі езуі екі құлағын­да. «Мені әке деп айтады ғой, иә, ма­ма?» деп қояды. Құрбым Әлия­ның үш баласы бар. Ол да қатты қо­­балжыса керек, «біреуді босан­дыр­ғаннан, өзім туғаным жақсы екен» деп күліп жатыр. Осы күнге жет­кізген Аллаға мың қайтара шү­кір, қолдап, құттықтап жатқан достарыма, тыңдаушыларыма, не­меремнің кіндігін кескен ақ ха­латты абзал жандарға шын жү­ректен алғысымды білдіремін.

– Қазір перзентханадан баланы алып шығудың өзі үлкен бәсекеге айналды. Сіз де қос-қос лимузин жал­дадыңыз ба? 

– Біз өзіміз мініп жүрген, ас­ты­мыздағы көлікпен алып шық­тық. Шектен тыс дарақыланып, ысы­рап жасаудың қажеті не? Ақ­­шаны босқа шашқанша, одан да немеремнің атына жеке есеп-

шот ашып, салып қоймаймын ба?! Баланың болашағын қазірден ойлаған дұрыс деп есептеймін. Ұлым мен келінім әлі жас, өз аяқ­та­рына тұрғанша біраз уақыт өтіп кетеді. Сондықтан Олжасқа жаса­ған жағдайды Кәусарыма да жа­сап, құнды қағаздар жинауға кі­рі­семін.

– Ұлыңыз Түркияда жоғары бі­лім алып келді емес пе, несіне алаң­дайсыз?

– Балам кішкентайынан әке-ше­­шемнің  және әпкем Гүл­ша­һар­­­дың қолында тәрбиеленді. Әке­сіз өсті. Өзім өнер саласында жүр­ген­дік­тен, артыма қарайлауға мұр­шам болмады. Есейе баста­ған­да қарасам, аузынан «мама­дан» бас­қа сөз шықпайды. «Өңкей әйел­дің ортасында ертең қандай аза­мат болып қалыптасады?» деп ойлана келе, «Жасұлан» әскери мек­тебіне оқуға бердім. Ер адам­дар­дың ішінде жігітке лайық қа­сиет алып шықсын дедім. Құдайға шүкір, қазір өз-өзіне жауап бере алатындай мінезі бар. Оның үсті­не, енді міне әке атанды. Жауап­кер­шілігі арта түспесе, кемімейді. Қосымша қаржы саласында білім алған, экономист болып жұмыс жа­сайды. Дегенмен ана болған соң, балаң қанша жасқа келсе де өбек­теуіңді, алаңдауыңды қой­май­ды екенсің. Біздікі сол ұрпа­ғым ел қатарына қосылып, аман-есен жүрсе, ештеңеден тарықпаса, қиналмаса деген тілек қой.

– Келінмен қанша уақыт бірге тұрдыңыз? Біраз тәрбиелеген бо­ларсыз...

– Әрине, өз қызымдай қарап, біл­геніне «тәубе» деп, білмегенін үйреттім. Дастарқан басында шай ішіп отырып, басымыздан өткен-кет­кен қателіктерді мысалға алып, салыстырмалы түрде ақыл-кеңе­сімді беруге тырыстым. Бас­тапқыда қанша дегенмен бөтен үйге келген соң, емін-еркін жүре алмай, біраз қысылыңқырады. Бірте-бірте бойы үйреніп, қазір сіңісіп кетті. Өзі де өткенде қо­ныс­­тойда жора-жолдастарымның ал­дында «мамамнан үйренгенім көп» деп мәртебемді көтеріп жа­тыр. Маматайлап қас-қабағыма қа­рап тұрады. Баламды қатты құр­меттейді. Ене үшін бұдан ар­тық не бақыт керек? Әрі қа­рай ­да бірге тұра беруге болар еді, бірақ осы бастан өз бетінше өмір сүріп үйренгендері дұрыс деп шештік.

– Жұбайыңыздың бұған дейін немересі бар ма еді? 

– Әзірге жоқ, туған ұлынан Құ­дай қаласа немере сүйеді деген үміттеміз. Ол да ата болып, «саған ұқ­саған екен» деп қуанып жатыр.

– Жалпы, өзіңіз биыл шығар­ма­шылық тұрғыда өте белсенділік та­ныта бастадыңыз. 

– Енді қарап отыратын заман жоқ. Осы уақытқа дейін көбіне «үй алайын, көлік мінейін, қара­жат жинайын» деп тұрмысымызды түзеумен келдік. Оның үстіне эко­­номист ретінде білімімді жалғас­ты­­рып, қолыма диплом алдым. Бір компанияның қаржы кеңес­ші­сімін. Бүгінгі таңда әлеуметтік жағдайды түзеп, аздап тиын-тебен құрап алдым деуге болады. Бұл менің отбасымның болашағы үшін аса қажет. Сол ин­вес­ти­ция­ның арқасында ұлымды үйлен­ді­ріп, той жасап, үй алып бердім. Кө­ліктері бар. Мұның барлығы та­за еңбекпен келді. Соңғы бес жыл­да бел жазбай еңбек еттім. Ара­сында жаңа әндерімді жаңар­тып, бір-екі дуэт жазып, бейне­баян түсірдім. Енді шығарма­шы­лық­қа баса назар аударамын де­ген жоспардамын.

– «Қыз ұзату» әніңіз жоғары сұранысқа ие бола бастаған сияқ­ты... 

Қыз ұзату 

Өлеңі: Бауыржан Қарағызұлы

Әні: Асқар Жайлаубаев

Жанымды елжіретіп,

Жанымнан кеттің қызым,

Көзіңді мөлдіретіп,

мөлдіретіп...

Әкеңнің жүрек гүлі,

Ақ құсым, Айым менің,

Анаңның тілек нұры, тілек нұры...

Қайырмасы:

Жан-қызым менің –

гүлім менің, бақытты бол,

Бақ, келіп қонсын,

Берік болсын, берік болсын

ақ босағаң да,

Аяулы бол барлығына,

Мен, көндім Алла

Тағдырына.

Өмірдің әуенісің,

Жылама, жабырқама,

Жұбыңмен әдемісің, әдемісің...

Қабағың ашық болсын,

Адалдық – Арың сенің.

Арыңа ғашық болсын, ғашық болсын...

Қайырмасы:

Арманның асқарында,

Ақ құсым шарықташы,

Бақыттың аспанында, аспанында....

Ай күліп қабағыңда,

Күн күліп жанарыңда.

Гүл бітсін қадамыңа, қадамыңа...

– Бұл ақын Бауыржан Қара­ғызұлы­ның өлеңіне жазылған Ас­қар Жайлаубаевтың әні. Жа­қын­да бейнебаян түсірдік, көп ұза­май отандық телеарналардан та­машалай аласыздар.

Сюжет желісінде ұзатылып ба­ра жатқан қыз бен анасының ар­а­сындағы сыйластық, қимас­тық сезімдер көрсетіледі.

Расында, соңғы кездері осы ән­ді естіген кісілер ұзату тойларға жиі шақыра бастады. Радиоэфир­ден де таралуда. Бұдан бөлек, екі дуэт жазбақ ниеттемін. Репер­туа­рымды рет­теп, патриоттық тұрғыда шығар­ма­лар қосып, жаңа жылға қарай жеке концерт берсем деген ойда­мын.

– Соған қарағанда мерейтой тақалып қалды ғой деймін...

– Иә,  киелі сахнада жүргеніме – 30 жыл. 1985 жылдан бері ел ал­дында ән салып жүрміз. Ал өзім бұйыртса елуге толамын. Осы қы­зық­шылығымды тыңдарманда­рым­мен бірге атап өткім келеді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

aikyn.kz

Пікірлер

  • Жарас
    Шаке, мен өз басым әрдәиым сізге деген құрметим зор,енбегіңіз жана берсін, сахна төрінде әмәндә биіктен көрініүіңіге тілектеспін. Сіз ренжімесеңіз меған үяла телефоныңзды мына нөмерге жолданызшы. Аса құрмерпен Жарас.87076977538

Пікір жазу