Гостиницы в Алматы
2017-08-09 17:24:34 78 0

ЖАС РЕЖИССЕР: «МАҒЫНАСЫ ТАЯЗ ФИЛЬМ ТҮСІРІП ЖҮРГЕНДЕР КӨРЕРМЕНДІ СЫЙЛАМАЙДЫ»

Диас Әзімжан есімді жас режиссер «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк академиясында  кино және режиссура мамандығы бойынша білім алып жатыр. Оның қысқаметражды «ULTIO» фильмі 70-ші Канн кинофестивалінің Short Corner секциясында Қазақстан атынан ұсынылды. Сонымен қатар, «Moments of Enlightenment» фильмі Hollywood International Moving Pictures Film Festival-де жеңіске жетті. Жас режиссермен болған сұхбатты www.qamshy.kz сілтеме жасай отырып, baistars.kz хабарлайды.

Диас, осы күзде оқуыңыз аяқталады. АҚШ-та алған біліміңіз бен тәжірибеңізді Қазақстанда қалай жүзеге асырмақсыз?

Елге келгеннен кейін кино саласында жұмыс істеймін деп талпынып жүрген жастарымызды Батыстың, яғни Голливудтағы кино түсіру процесімен таныстырғым келеді.

Ал болашақта аяғыма нық тұрғаннан кейін өзімнің кино мектебімді ашуды қалаймын. Онда режиссура, сценарий жазу өнері және актерлік шеберлікті үйретемін деп жоспарлап отырмын.

Өзіңізге белгілі Қазақстанда көптеген кино жанрлар енді ғана бой түзеп келеді. Сіз Қазақстан кинематографиясында қандай жанрларды дамытқыңыз келеді?

Қазіргі таңда маған мистика, триллер, фэнтези жанрлары жақын. Келешекте соларды дамытуға тырысамын.

«Сан бар жерде бәсеке туындайды. Ал бәсеке бар жерде сапа болады» деген сөз бар. Қазір коммерциялық мақсатта түсіріліп жатқан фильмдер көп, алайда сыншылар олардың көркемдік тұсы сын көтермейтінін айтады. Мұндай фильмдердің көптеп көрерменге жол тартуы Қазақстан кинематографиясын дамытуына үлес қоса алады ма?

Әрине бәсеке бар жерде сапа болады. Десек те, Қазақстанның кинематография саласында бәсекелестік енді пайда болды. Сонымен қатар, коммерциялық киноға сұраныс бар екенін ескеруіміз керек. Яғни көрерменнің өзі аталмыш фильмді таңдап отыр. Коммерциялық киноның әсері қандай болса да біздің кинематографияда ол болған, бар және болады.

Ал қазір түсіріліп жатқан коммерциялық киноның басым  көпшілігінің сапасы төмен. Кино көрерменді тәрбиелеп, белгілі дәрежеде білім беретінін ескерсек, деңгейі сын көтермейтін өнім жасай отыра көрерменнің интеллектуалдық дәрежесін түсіріп отырмыз.

Қазақстандық кино өнімдерді, оның ішінде мағынасы таяз комедияларды көргенде соны түсірген адамның өз көрерменін сыйламағаны деп білемін.  Әрине мен қателесуім мүмкін. Себебі кино субъективті өнер түрі. Яғни, әр адам өзінің сюжетін әртүрлі қабылдауы мүмкін. Дегенмен кино саласында жүргеннен кейін коммерциялық немесе коммерциялық емес кино түсірсекте өз көрерменімізді сыйлауымыз керек.

Қазақтандық кино өнімдерді шетелдік нарыққа енгізу үшін қандай істер атқарылуы тиіс?

Ол үшін бірнеше баспалдақтан өтуіміз керек.  Ең алдымен фильмдеріміздің сапасын көтеру қажет.

Одан кейін халықаралық дистрибуциялық компаниямен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз керек.

Кино продюсерлеріміздің кәсіби дегейін көтеріп, бірнеше жыл бойы талқыланып келе жатқан кино заңын қабылдауымыз керек.

Келесі баспалдақ - кино инфрақұрылымды құру. Ол тек Алматы мен Астанада ғана емес еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асуы тиіс.

Ең соңғы кезең – барлық саланы  жүйелендіру.

Қазақстанда жас режиссерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдау берілу керек деп есептейсіз?

Елімізде жас режиссерлерге және сценарийстерге өздерінің ойларын және жобаларын таныстарын алаңдар көптеп құрылу қажет. Қазақстанда мұндай екі, үш алаң бар. Оларды атап өтер болсам, бірі Еуразия кинофестивалінің құрамында, екіншісі Астана қорында. Десек те, бұл аздық етеді. Қазақстанда талантты жастар өте көп. Оларға мүмкіндік беру қажет.

Екіншіден, тек Алматы мен Астанада ғана емес Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мектеп, институт, университеттерде кино клубтар ашылса жастарымызға көп көмегін тигізеді.

Үшіншіден, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу мәселесін мықтап қолға алу керек. Жас мамандарымызды шетелге жіберу - стратегиялық тұрғыда дұрыс шешім.

Отандық БАҚ-тың біріне берген сұхбатыңызда кино индустриясын бір жүйеге келтіру керек екенін және елге оралғаннан кейін соны қолға алғыңыз келгенін айтқан едіңіз. Бұл мақсатыңызды қалай жүзеге асырмақсыз?

Жүйелендіру менің ғана емес,  отандық кино мамандарының барлығының мақсаты болу керек деп ойлаймын. Себебі ол кино және телевидение мамандарының құқығын қорғау үшін керек.

Оны жүзеге асыру үшін кино туралы заң қабылдау қажет. Заң шыққанда әрине оның ішінде ақаулар болады. Сондықтан заң жобасын жетілдіріп, кино мамандары бас қосып бір консенсусқа келуіміз керек.

Келесі қадам - инфрақұрылым. Жетілген заңның негізінде отандық кино индустрияда инфрақұрылым  пайда болады.

Осы қадамдар жасалғаннан кейін ғана сапалы кино өнім туралы айтуға болады.

«Болашақ» бағдарламасы 1993 жылдан бері қазақстандық студенттерді әлемдегі алдыңғы қатарлы ЖОО білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Жыл сайын көптеген қазақстандық режиссер мамандығы бойынша білімін жетілдіріп жүр. Шетелде оқып келген қазақстандық режиссерлер отандық кинематографияға жаңа леп пен оң өзгеріс алып келіп жатыр ма?

Қателеспесем, қазақстандықтар «Болашақ» бағдарламасы бойынша кино және режиссура мамандығында тек 2010 жылдан бастап оқи бастады. Шетелде білімін жетілдіріп келген режиссерлердің ішінен Асқар Бисембин, Малик Зеңгер деген жас  режиссерлерді білемін. Естуімше аталған азаматтар режиссура саласына  жаңа леп алып келе алды. Қалғандары отандық кино саласында жұмыс істеп жатыр. Келешекте олардың есімдерін естиміз деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет

 

Пікір жазу